Рамазандағы жалпы қателіктер (жалғасы)

Рамазандағы жалпы қателіктер (жалғасы)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза ұстап, бірақ намаз оқымау

Көптеген адамдар ораза ұстайды, бірақ бес уақытқы парыз намазды, әсіресе сәресіден кейінгі таң намазын  оқымайды. Бұндай жалқаулықты қою керек. Бес уақыт намазды оқу, ораза ұстау сияқты парыз. Егер сіз намаз оқудан әдейі қашатын болсаңыз, онда сіздің оразаңыздың қабыл болу мүмкіндігі қандай?

Құранға деген немқұрайлылық

Осы Рамазандасіздің Құраныңыздың сөреде шаң басып тұрмағанына көз жеткізіңіз. Біз келесі деңгейге көтерілуіміз керек. Арабша дұрыс оқи алмасаңыз, онда оқуыңызды жақсартыңыз. Егер арабша білмесеңіз, онда Құранның аудармалары мен тәпсірін оқыңыз. Күнделікті тіпті екі аяттан оқып бастаңыз — сіздің иманыңыз көтерілген сайын, одан да көп аяттарды оқи алатын боласыз. Сіздерге жиырма қысқа сүрені алып, соларды жаттауға: оқуға, қайталауға, аудармасын оқуға, олар жөнінде ғалымдардың айтқандарын оқуға кеңес берер едім.

Жұмыс не емтихан салдарынан оразаны жіберіп алу

Емтихан мен жұмыс адамға оразаны жіберіп алуға мүмкіндік бермейді. Егер сіз өзіңіздің діни міндеттеріңізді орындасаңыз, Алла еңбегіңізді жеңілдетіп, жасап жатқан ісіңізге көмек береді.

«…  Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла Өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған» (65, 3).

Әлеуметтік желілерде отырып алу

Бәріміз де азды-көпті болсын уақытымызды әлеуметтік желілерде өткіземіз (Twitter, Facebook, Instagram немесе WhatsApp сияқты). Бірақ Рамазан айында оларда отыруларыңызды мүлде тоқтатпасаңыз да, өткізетін уақыттарыңызды қысқартуға тырысыңыздар.

Ораза мен диетаны араластыру

Ораза ұстаудың өзіндік жеке мақсаты бар. Әрине, адам өзін ораза ұстауға итермелеуі мүмкін, ораза оған арықтауға және салауатты өмір сүруге көмектеседі деп санап, бірақ егер сіз тек осы мақсатпен (диета, арықтау) ғана ораза ұстасаңыз, онда бұл құлшылықтың мақсатына қайшы келеді.

Етекір кезінде әйелдер құлшылық қарқындылығын төмендетеді

Қарындастар, етекір кезінде уақыттарыңды босқа өткізбеңдер. Құран тыңдаңдар, зікір, салауат айтыңдар. Осы уақытта жақсылық пен жомарттық көрсетіңдер, ауыз ашарға көмектесіңдер немесе ауызашарды өзіңіз жасаңыз. Бұл жақсы істеріңіз үшін Алладан мол сауап аласыз, ин ша Алла.

Итикаф мүмкіндігін жібермеңіз

Егер сізде Рамазанның қалған он күнін итикафта өткізу мүмкіндігі болса, оны жіберіп алмаңыз. Бұл құлшылық түрінің әсері зор. Алайда, егер сіз осы күндерді мешітте өткізер болсаңыз, онда бұл  достарыңызбен араласып, телефоннан жаңалықтар қарап немесе журналдар оқып өткізу дегенді білдірмейді. Мешіттегі басқа бауырларыңызбен бірігіп осы уақытқа кесте құрып алыңыздар. Егер сізде әрекет ету жоспары болса, сіз жалықпайсыз, өйткені әр уақытта не істеу керектігін білетін боласыз.

Рамазанның 27-ші түнін ғана құлшылықта өткізу

Кейбір адамдар 27-ші түнді ғана құлшылықта өткізеді, басқа тақ түндерді елемей, дегенмен Қасиетті Қадір түнінің дәл күні бізге белгісіз.  Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Қасиетті Қадір түнін Рамазанның соңғы он күніндегі тақ он түндерден іздеңдер», - деген. (Бухари, Муслим). Көптеген ғалымдар жазғандай, мүмкін бұл түн расымен де 27-ші күніне дәл келер, алайда бізге оны Рамазанның соңғы әрбір он түнінде күту ұйғарылған.

Әбу Хурайрдан (оған Алла разы болсын) жеткен, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) айтқан екен: «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен ораза ұстап, Алланың кешірімінен үміт етсе, Алла оның барлық өткен күнәларын кешіреді; кімде-кім Қасиетті Қадір түнінде шынайы сеніммен құлшылық етіп, Алланың беретін сыйына үміт артса, онда оның барлық алдыңғы күнәлары кешіріледі».

Сондай-ақ, Алланың жомарттығын шектемеу керек. Егер ОЛ қаласа, ОЛ сізге 200 жыл бойына сауап береді. Бұл Алла Тағаланың кемеңгерлігі, жазмыш Түнінің дәл қай түнге келерін біз білмейміз, сондықтан да, егер сіз жазмыш Түнін жіберіп алсаңыз да біліңіз, Алла — бәрінің қайнар көзі, егер ОЛ қаласа, бұл түннің сыйын сіз басқа уақытта да ала аласыз.

Рамазанның соңғы күндерін Ораза айт мейрамына дайындалуға жіберу

Кейбір адамдар Рамазанның соңғы күндерін Ораза айт мейрамына дайындалуға жібереді, тағамдар сатып алу үшін сауда орталықтарына барады, сөйтіп намаздарын қаза қылады әрі Рамазанның соңындағы құлшылықтарына немқұрайлы қарайды, әсіресе оларды Тозақ отынан,  азаптан құтқаруды сұрауларына немқұрайлы болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) Рамазанның соңғы күндерінде құлшылығын күшейтіп, жалбарына Аллаға сыйынған, бірақ дүкендерге барған емес. Жақсы киініп және қонақтарына жақсы қарау бұл да Сүннет, алайда, осы игілікті айдың соңғы күндерін бұндай дүниелерге жұмсауға болмайды.

Аишадан (оған Алла разы болсын) келген: «Рамазанның соңғы күндері басталғанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) белбеуін бекем байлайтын (яғни өз құлшылығын күшейтіп, әйелдерімен жақындасудан тыйылатын), түні бойы ұйықтамай, отбасын оятатын».  (Бухари, Муслим).

Әли ибн Әбу Тәлібтен (оған Алла разы болсын) жеткен: «Мен сұрадым: «О, Алла Елшісі, бұл айдағы ең жақсы амалдарға не жатады?» Ол былай деп жауап берді: «О, Әбу Хасан, бұл ай бойындағы ең жақсы амалдар — бұл Алла тыйым салғаннан бойыңды алшақ ұстау».

Бәрімізге де осындай қателіктерден ада болуға Алла жар болсын!

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: