"Болды, сенің уақытың бітті..."

"Болды, сенің уақытың бітті..."

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өлім туралы айту көпшілік үшін өте жағымсыз тақырып екені өтірік емес. Неге екені белгісіз адамдар тыңдаудан, естуден қашатын тақырыптың дәл өзі. Туыстарымның ортасында отырып өлім, ажал туралы сөз қозғай бастасам, бәрі бір ауыздан: «Не, бұдан басқа тақырып құрып қалып па еді?! Өлім, өлім деп қақылдап болмадың ғой, сенің өлгің келсе де біздің өлгіміз келіп жүрген жоқ! Сен-ақ біздің құтымызды қашырып болдың ғой әбден», - деп шуылдай жөнеледі.                        

Міне, менің өлім туралы айтуым басталмай-ақ ылғи осылай бітіп қалады. Асылында, Бір Аллаға иман келтіргендер өлім туралы ойлап, неге айтпасқа? Бұл өмірге келу бар да, бұл өмірден қайту бар. Бұл хақ емес пе? Алла Елшісі (ﷺ): «Адамдардан ажыратып, бұл дүние игіліктерін ұмыттыратын өлімді жиі еске алыңдар» демеп пе еді?! Өлімді жиі еске алу арқылы пенде өз нәпсісін ауыздықтайды, менменшілдігін азайтады, ақша, байлық жинаудың орнына келешек өмірге өзімен бірге ала кететін жақсы амалдарын, іс-әрекеттерін көбейтеді.  Егер адамдар өлімді, өздерінің бұл дүниедегі соңғы сәттерін көбірек ойласа, онда күнәлар, қылмыстар, зұлымдықтар, әділетсіздіктер мен жүректердегі өркөкіректік анағұрлым азаяр еді. Міне, сондықтанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Өлімді жиі еске алыңдар!», - деген болатын. Өлімді есіңе алған кезде, намаздарыңды қаза қылмауға, нәпіл оразалар ұстауға, көбірек сауап жинауға, жақсы амалдар жасауға тырысасың. Өлімді еске алу арқылы, аз құлшылық қылатын адамдар, құлшылықтарын көбейтеді, ал күнә жасап жүргендер күнәларын азайтуға, тіпті тыюға да тырысатыны рас.

Өлім дегеніміз не? Неліктен адамдардың басым көпшілігі ол туралы айтудан, тыңдаудан бас тартады? Неге бұл тақырыпта әңгіме қозғаудан қашады? Өйткені, көпшіліктің түсінігі бойынша өлім – ол «ғайыптық, келмеске кету».  Адам өлді, жарық сөнді, ол ғайыпқа айналды. Адам өлді, қабірге жерленді, беті топырақпен жасырылды, зираты тұрғызылды – болды, осымен іс бітті. Міне, өлім турасындағы көпшіліктің түсінігі осындай.  Расына келсек, бұл өте қате түсінік және бұрыс көзқарас. Бұл Жаратушы жалғыз Аллаға, Қиямет күніне, ақирет күніне  толық сенбейтін не мүлде сенбейтіндердің түсініктері деп білемін.

Неліктен бүгін біз өлім, ажал туралы естігіміз келмейді? Өйткені бізді бұл дүние игіліктері көбірек қызықтырады әрі ақиретке дайын да емеспіз. Алған үстіне ала берсек, болған үстіне бола берсек, бір пәтеріміз екеу болса, екі көлігіміз үшеу болса тағы, тағы, тағы ұзынсонар бітпейтін тілектер тізімі тізбектеле береді. Бұл нені меңзейді? Өз-өзімізге қиындықтар табу деген осы. Бұл дүниедегі әр нәрсе үшін жауап беретін Күннің туарын білетін пенде, барға қанағат қылып, жоққа сабыр деп, Алланың бергеніңе шүкір дейді.  Ал Жаратушыға иман келтірмегендер көздерін, қарындарын, нәпсісін тойдырумен әлек болады, алайда «Адамның нәпсісі тек  топырақпен ғана тояды» деген нақыл сөз бар. Бұл рас та шығар...

Екі адамның өмірінен бір жақсы мысал келтіргім келіп отыр. Бірінші адам үйдің іргетасын қалап, салынып жатқан үйі біткенше, өзінің жер телімінің қасынан пәтер жалдап тұрып жатқан жан. Үйін салып бітіруге оның 10 жыл уақыты бар. Ал жалдап тұрып жатқан пәтері барлық жағдайы жасалған, еуро жөндеуден өткен керемет үй. Жылдар өтеді, ол өзінің жалдаған керемет үйінде тұрып жатады, жер телімдегі құрылыс жайына қалған. Күнделікті сайраң салумен уақыт өте береді. Бір күні аяқ-астынан пәтер иесі келіп қалады да оған: «Болды, сенің уақытың бітті, үйді босат», - дейді.  Ал пәтер жалдаушы қайда барады?  Іргетесынан басқа түгі де жоқ жер теліміне бара ма? Осы уақыт аралығында әлгі адамның үйін жасап алуға мүмкіндігі не болмаса қаражаты  болмады ма? Әрине, болды. Ақша да, қаражат та – бәрі болды, бірақ оның бәрін ол өзінің келешекте барар, келешекте тұрар үйіне емес, бұл дүние рақатына жұмсады...

Енді екінші адамның жағдайына келсек: ол жалға қарапайым ғана пәтер алған жан.  Ол пәтердің сәніне де, барлық жағдайының бар жоғына да қарамады, өйткені ол оны уақытша 10 жылға ғана алған еді. Күндіз-түні ұйқы көрмей өзінің үйін тезірек бітіріп, біреудің үйінен көшуге тырысуда.  Уақыты бітіп, үй иесі келгенде, ол 10 жыл бойына салған, өзінің бітіп дайын тұрған үйіне көшіп кіре салды. Көріп отырғанымыздай, бүгінгі күні бұл уақытша  дүниеде жүргендердің  жағдайлары тура осындай...

Бұл мысалдан түйетін ой – бірінші пәтер жалдаушы сияқты өмірімізді зая кетірмей, екінші пәтер жалдаушы сияқты ертеңгі күнімізді, келешек өмірімізді көбірек ойлайық. Күндердің күнінде Жаратушы Иеміздің тарапынан ажал келіп, біздің есігімізді қақпай үйге кіріп: «Болды, сенің уақытың бітті!» - дегенде өзіміздің келешек өмірімізге дайын болуға ниет қылайық.  Өзімізбен бірге ақиретке ала кететін жақсы амалдарымыз көп болғай! Алланың бұйырған, қалаған  уақытында - дәм-тұзымыздың, көрер жарығымыздың таусылып, бақилық өмірге аттанатынымыз сөзсіз. Демек, өлімнен ешкім де ешқашан құтылып көрген емес, құтылмайды да. Сондықтан да Жаратушы Жалғыз Алла Тағала бізге өлімнің мәнін дұрыс түсінуге мүмкіндік берсін әрі бақилық өмірге біздің дайын болуымызға нәсіп етсін деп тілейік. Алла Тағалаға алыс жолдан оралған жақыны сияқты қайтайық, ағайын! Әмин! 

 

Ақерке СЫДЫҚОВА

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: