Рамазанға дайындық: өзімізді Тозақтан қалай қорғаймыз?

Рамазанға дайындық: өзімізді Тозақтан қалай қорғаймыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрметті оқырмандар, зарығып күткен Рамазан айының келуіне санаулы-ақ күндер қалды. Сол себепті біз күндерді кері санауымызды бастадық. Қасиетті Рамазан айының басталуына 24 күн қалды. Шағбан айы ораза ұстауға физикалық тұрғыдан болсын, рухани тұрғыдан болсын дайындықтың көркем мүмкіндігі болып табылады. Біздің ғибраты мол насихаттарымыз қасиетті айды лайықты түрде қарсы алуға көмектеседі деп үміттенеміз.

Адам баласы үнемі әлдебір кездесулерді, оқиғаларды және жақсы өзгерістерді күтумен жүреді. Келешекте бәрі жақсы болатындай, көптеген қиындықтар мен мәселелер өздігінен шешілетіндей болады, алайда арайлап атқан әрбір таң, әрбір күн – мұсылмандар үшін жаңа сынақ болып табылады және осы сынақты пайдалы өткізе білу маңызды.

Алдымыздан әрбір сөзіміз, әрбір амалымыз, әрбіз ісіміз үшін жауап берер Күннің туарын ұмытып, біз кейде қуанышты сәттерді жақындату үшін уақытты асықтырып жатамыз. Алла Тағаланың бізге нәсіп еткен, нығметке толы әрбір күнін қуанышпен қарсы алып, жақсы амалдарымызды арттыруға тырысайық. Мүміннің ең жақсы қасиеттерінің бірі – басына күн туған, қиыншылыққа ұшыраған жандарға аяушылық таныту, көмек қолын созу әрі қолдау көрсету. Міне, осы амалдарды көбірек жасауға біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) үндеген болатын.

Мысалы үшін, Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Әрбір мұсылман садақа беруі керек».

Сонда бір адам: «Ал егер оның ештемесі болмаса ше?» - деп сұрайды.

- «Маңдай терін төгіп, өзіне пайда келтірсін де садақа берсін», - деп жауап береді Пайғамбарымыз (ﷺ).

- «Уа, Алланың Елшісі, ал егер ол мұны да жасай алмаса ше?» - дейді әлгі адам.

- «Онда қиындыққа ұшыраған адамға көмектессін», - дейді Пайғамбарымыз (ﷺ).

- «Егер көмектесе алмаса ше?»

Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан екен: «Онда әлгі адам рұқсат етілгенге (немесе жақсылыққа) түрткі болсын, жамандық атаулыдан тыйылсын, міне, бұл да садақа болады» (Бұхари, Мүслим).

Демек, садақа – әлдебір материалды дүниені беру ғана емес, сондай-ақ, өз бойында жақсы қасиеттерді тәрбиелей білу.   Алла Тағала Өзінің пенделерін осы талпыныстары үшін сауапқа кенелтеді. Төмендегі хадисте былай айтылған: «Құрманың жартысымен болсын өзіңді Оттан қорға, ал егер бұл да табылмаса онда жақсы сөздің көмегімен қорған(Әлұхари).

Рамазан – күнәдан арылу айы; мүміннің өз Жаратушысына жақын болар кезі; жүректер ерекше бір сүйіспеншілікке толатын ай. Ғибадаттың тек шынайы мән-мағынасын түсінетіндер ғана мұны сезіне алады. Ал бұл сезім бір-екі күнде бола қалмайды. Мұсылман үнемі Алла Тағалаға апаратын жолда болып, Жаратушы мен пендесінің арасындағы мәңгілік байланысты іздеуі тиіс.

Алла Тағала Өзінің пенделеріне үнемі рақымды, жаңа күн – бұл бізге берілген сый. Ал біз осы үшін Жаратушыға қаншалықты шүкіршілік айтамыз? Шүкіршілік тек қана біздің аузымызбен ғана айтылып қойылмауы керек, бірінші кезекте, біздің істеріміз бен амалдарымыздан әрі адамдармен қарым-қатынасымыздан көрінуі қажет.

Хадисте былай айтылған: «Иман келтірмейінше, Жұмаққа кірмейсіңдер. Бір-біріңді жақсы көрмейінше, иманға қол жеткізбейсіңдер». Жүрегінде өзге жандарға деген сүйіспеншілігі бар адам басқа адамдардың мұқтажы мен қайғысына бей-жай қарай алмайды. Беруші адам ешқашан тарығып қалмайды, өйткені ол байлықтың ең үлкеніне – Алланың разылығына – қол жеткізеді.

Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Уа, Алла, садақа берушінің дүниесін тездетіп арттыра гөр, ал сараңның дүниесін тездетіп құрта гөр» (Байхаки).

Біз үнемі Алла Тағаланың мейірімін күтіп жүреміз, Оның кешірімі мен көмегіне қол жеткізуге үміттенеміз, бірақ, өкінішке орай, көп жағдайда Жаратушының алдындағы өз міндеттерімізді ұмытып кете береміз. Рамазан айына алып келер осы Шағбан айы біз үшін жақсы амалдар жасау айына айналсын, ин ша Алла.

Әдетте Рамазан айында адамдар жақсы амалдарды көбірек жасап, бір-бірлеріне көмектесуге тырысып жатады, негізі, мұндай амалдар жыл бойына жасалып отыруы керек. Өз мүмкіндігімізді жіберіп алмайық, себебі ақтық деміміздің таусылар сәтін, жүрегіміздің соңғы рет соғарын біз білмейміз ғой. Бәлкім, бұл біздің соңғы айымыз шығар...

Арайлап атқан әрбір таң мен жарқырап шыққан әрбір күн - біздің мәңгілік өмірге деген дайындығымыздың куәсі болсын! Мүміннің шынайы мақсаты осы емес пе еді?..

 asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: