Шағбан айында ерекше орны бар бір түн бар – ол Бараат түні, яғни «Оттан құтылу түні» деп аталады. Бұл түн Шағбан айының 14-15 күндері болады, ал григориан күнтізбесі бойынша биыл 19-20 сәуірде. Осы түні жер бетіне Алланың ерекше бір мейірімінің түсетіні келтірілген хадистер бар.
Айша анамыз (р.а.) былай айтқан:
«Бірде Алла Елшісі (ﷺ) тәһәжжуд намазында сәждеде ұзақ жатып қалады. Сәждеде ұзақ жатқаны сондай, бақилық болып кетті ме деп қорқып кеттім. Төсектен тұрып, тірі екеніне көз жеткізгім келіп, қолының бас бармағын қозғап көрдім. Бармағы қозғалғанда, қайтадан келіп, орныма жаттым. Содан кейін Пайғамбарымыздың (ﷺ) мына бір дұғаны айтқанын естідім:
«Сенің жазаңнан Сенің кешіріміңе сүйенемін, Сенің ашуыңнан Сенің разылығыңа сенемін, Сенің Өзіңнен Сенен пана іздеймін. Сені лайықты түрде дәріптей алмаймын. Сен – Өзің жайыңда Өзің айтқансың».
Намазын оқып болған соң: «Әй, Айша, Пайғамбар сені тастап кетті деп ойлап қалдың ба?» - деп сұрады. Мен: «Жоқ, уа, Алла Елшісі, бірақ сәждеде сондай ұзақ жаттыңыз ғой, жаныңыз сізді тастап кетті ме деп қорқып кеттім», - деп жауап бердім.
«Бұл түннің не түн екенін білесің бе?» - деп сұрады Пайғамбарымыз (ﷺ). Мен: «Алла мен Оның Елшісі жақсы біледі», - деп жауап бердім. Сонда ол (ﷺ) былай деп айтты:
«Бұл Шағбан айының ортасындағы түн. Алла Тағала бұл түні құлдарына мейіріммен қарайды, кешірім іздеушілерге кешірім береді, кешірім сұраушыларға Өзінің мейірімін төгеді, бірақ жаман пиғылдары барды мейірімсіз қалдырады әрі олар зұлымдықтан арылмаса, оларды жарылқамайды да» (Таргиб уа т-тархиб).
Абдулла ибн Амр (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген: «Алла Тағала осы түні күллі жаратқандарын мейіріміне бөлейді әрі бәрін кешіреді, тек жүрегінде ашу-ызасы барларды емес» (Таргиб уат-тархиб).
Тағы бір хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан:
«Бұл түн Шағбан айының ортасы. Алла Тағала Тозақ отынан Қалб тайпасының қойларының жүнінен де көп шамадағы адамдарды босатады. Алайда Аллаға серік қосушыға және өзге адамға деген жүрегінде ашу-ызасы бар адамға, сондай-ақ, туыстық қарым-қатынасты үзуші мен тәкаппарлыққа салынып, етегін тобығынан түсіріп киген адамға әрі ата-анасына қарсы шығушы мен шарап ішетін адамға назарын да салмайды». Қалб тайпасы – көп қой өсірумен белгілі болған тайпа болғандықтан, аталмыш хадисте осы түні, Алланың қалауымен, көптеген адамдардың Алланың кешірімі мен рақымына ие болатыны айтылған.
Ендеше, жоғарыда келтірілген хадистерде осы түні Алла Тағала Өзінің жаратқандарына ерекше мейірімді болады, кімде-кім Алладан кешірім сұраса, Ол кешірім береді. Сол себепті де әрбір мұсылман бұл түнді бағалай білуі керек. Хадистерде айтылғандай, бұл түні мүміннің жүрегінде өзге адамдарға деген ашу-ызасы болмауы қажет, өзгелерді кешіріп, оларға жақсылық тілеуі тиіс.
Осы түннің берекесіне қол жеткізу үшін, түннің нақты бір бөлігін Алла разылығы үшін жасалатын құлшылыққа арнаған жөн.
Бараат түні нақты бір құлшылық түрімен айналысу керек делінген сенімді хадистер келтірілмеген. Ислам ғалымдарының пайымдауынша, бұл түні адам өзінің әдеттенген құлшылықтарымен айналысқаны дұрыс – нәпіл намаздар оқу, Құран оқу, Алла Тағаланы еске алу, Пайғамбарымызға (ﷺ) салауат айту және т.б.
Ең бастысы – күнәлардың кешірілуін тілеп шынайы дұғалар жасау, өзіне және өзгелерге Алла Тағаланың мейірімін тілеген абзал. Осы түні дұғалардың қабыл болуы әбден мүмкін.
Шаршаған себепті не болмаса денсаулығыңызға байланысты түні бойы ғибадат етуге шамаңыз келмесе, уайымдамаңыз, тіпті түннің біраз бөлігін Аллаға құлшылық етумен өткізсеңіз, ин ша Алла, сіз Алланың мейіріміне бөленесіз.
asyldin.kz