Дәрет алу – Алла Тағалаға деген құлшылықтың бір түрі болып табылады әрі пендені намазға дайындау амалы. Дәрет алу – адамды тыныштандырып әрі Аллаға жақындатады.
Алла Елшісі (ﷺ) өзінің үмбетіне ашу қысқанда, бойды мазасыздық билегенде және жан тыныштығынан айырылғанда дәрет алуды ұсынған. Пайғамбарымыздың (ﷺ) бірқатар сахабалары, ислам ғалымдары мен билеушілері аталмыш кеңесті бұлжытпай орындап, әлдебір бастаманы бастардың алдында міндетті түрде дәрет алып отыруды әдетке айналдырған.
Көптеген мұсылман келіншектер де бұл кеңесті қуана орындап отырады, мысалы үшін, аналар сәбилерін тек дәретпен ғана емізуді жөн көреді. Дәретпен емізілген балалар жоғары рухани қасиеттерге ие болады деп саналады.
Алла Елшісі (ﷺ) дәрет алу жөнінде былай айтқан: “Тек шынайы мүмін ғана сыртқы және ішкі дәрет алу арқылы үнемі тазалықта бола алады”.
Ал енді бір басқа хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Кімде-кім дәреті бола тұра қайтадан дәрет алуға ниет етіп, дәрет алса, онда Алла бұл дәрет алудың сыйын он есеге арттырады”.
Дәрет алу, дәретпен жүру – бізді намазға әкеледі, намаз - Құранға апарады, Құран - Алла Тағала мен Оның Елшісіне (ﷺ) әкелетінін бір сәтке болса да есімізден шығармауға тырысу керек. Ал Алла Тағала мен Оның Елшісіне (ﷺ) жақын жүретін адам саналы түрде күнә жасаудан бойын аулақ салатын болады.
Мүмін адам үшін Алла Тағаланың бұйырғандары орындалып, ал тыйым салғандарынан тыйылып жүретін әрі Пайғамбарымыздың (ﷺ) кеңестерімен өмір сүретін отбасында тірлік ету – барып тұрған бақыттың өзі емес пе? Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) қалағандай балаларымыздың шынайы тақуа болып өскенін қалайтынымыз рас болса, онда қарапайым болып көрінетін азынан бастау қажет әрі бұл жақсы бастама. Бұдан былай қандай істі бастамас бұрын дәретпен таза жүріп бастауды әдетке айналдырайық. Үнемі дәретпен жүруге тырысайық, ағайын.
asyldin.kz