Адамдар Исламды қабылдағанда, көпшілігі мұны «қайтып оралу» деп атауды жөн көреді, өйткені әрбір адам дүниеге Жаратушыға деген табиғи бойұсынушылықпен келеді – сондықтан да адам Исламды қабылдай отыра, өзінің табиғи бойұсынушылық күйіне қайтып оралады деген сөз.
Сіздерге мен өз жағдайымды баяндап бергім келеді. Менің ата-анам мен дүниеге келердің алдында ғана Исламды қабылдаған екен, алайда менің мұсылман болуым керектігі жөніндегі айқын түсінікпен тәрбиелемеген, сол себепті де мен Исламды қабылдар алдында, ақиқатты іздеуге қыруар уақыт жоғалтуыма тура келді.
Шынын айту керек, балалық шағымда ата-анаммен Рамазан айында ораза ұстайтынмын, бірақ менің бес жасымда әкем қайтыс болады да анам маған құлшылық етпеуге рұқсат береді. Шамасы, ол менің өсіп-ержетіп, діндегі өз жолымды өзімнің таңдауымды қалаған болуы керек.
Мен 16-ға толғанда, менің анам мысырлыққа тұрмысқа шықты да мен олармен екі жыл бойы Лондонда тұрдым. Сонда мен өзімнің бұл өмірдегі орнымды және жаралуымды анықтау керектігін сезіндім. Осылайша, мен әкеме тиесілі философиялық кітаптарды оқуды бастадым.
Әсіресе, менің есімде «Өзіңді философияға үйрет» деп аталған кітап қалды, онда былай айтылған болатын, философияны үйрену сұрақтарға жауаптар табуға көмектеспейді, бірақ сол жауаптарды іздеудің өзінен рақат ала білуге үйретеді.
Осы еңбекті оқыған соң, сондай-ақ, адамдармен Ислам туралы сөйлескенімнен кейін, өз сұрақтарыма иланымды жауаптар таба алмайтыныма көзім жетті. Мен танымсыздықты жақтаушы - агностикпін деген тұжырымға келдім, оның мақсаты бүкіл Әлемді танып-білу үдерісін жалғастыру еді.
21 жасқа дейін осы философияға шынайы сендім. Сол кезде мен Манчестер университетінде оқып жүрген болатынмын, алайда менің сенімдерім күмәнға ұшырай бастады. Мұндай дүниетаным адамды белсенді іс-әрекетке итермелей алмайтынын түсіндім. Сол себепті де басқаларға еріп, өмірден рақат алу жақсы болмас па екен деп шештім. Менің оқуым нашарлады, сондықтан жазғы демалыста өзімнің өмірге деген көзқарасымды қайта қарап шығуға бел будым. Ақиқатқа жету барысында бір түні ерекше түс көрдім.
...Кең жазыққа қарап бір топ адаммен жағалауда отырғандаймын. Алдымызда алысқа созылып жатқан көптеген темір жол рельстері жатқандай. Қасымдағы адамдармен мынау расымен де рельстер ме және оның үстімен күндердің күнінде пойыз жүре ме деп талқылап жаттық. Біраздан кейін біздің топтан бір адам мұның рельс емес екенін және онымен пойыздың жүрмейтініне сенімді екенін көрсеткісі келді. Ол төменге түсіп, рельске отырды. Бір уақытта рельстермен үлкен пойыз зымырап өтіп, алысқа кетті. Қайран қалған мен бұл жерден пойыз жүрмейтініне сенімді болған әлгі адамды іздедім. Ол ғайып болған – сірә, оны пойыз қағып, алысқа алып кеткен шығар. Мен басқа адамдарға қайтып оралып, олардан: «Анау адамға не болғанын көрмедіңдер ме?», - деп сұрадым. Ал олар дауласа бастады, өйткені пойыздың бар екеніне сенімді болмағандықтан, бұл жерден пойыздың өткен, өтпегеніне жауап бере алмайтындықтарын айтқан. Олардың жауаптарына таң қалған мен олардан: «Оның өткенін өз көздеріңмен көрмеп пе едіңдер?» - деп сұрадым. «Мүмкін солай да шығар, бірақ қазір біз ештеме көріп тұрған жоқпыз, сондықтан біз мұның рельстер екеніне және онымен пойыздардың жүретініне қалай сенімді боламыз?», - деп маған жауап берді. «Ал анау рельсте болған адам ше?» - деп сұрадым мен. «Біз оны көріп тұрған жоқпыз, сондықтан оның тіпті болғанын да білмейміз. Солай болғанын дәлелдеңіз», - деген жауап естілді. Осындай айқын фактілерден тек осы сәтте оны көз алдарында көрмеу себебінен ғана бас тартуларынан мен қатты торығып кеттім.
Өстіп жатып оянып та кеттім. Бұл түстің мен көп уақыт үйренген философтардың нәтижесіз пікірталастарын көрсеткенін түсіндім. Бір нәрсенің ақиқаты туралы сенімділік тапсырыс бойынша келмейтініне, кейде жеке жағдайлармен келуі мүмкін екеніне көзім жетті. Әлдебір адамның Жаратушыға деген мықты сенімділігі, басқаларды Алланың бар екендігіне сендіре алмайтындығын және талап етумен дәлелдерді келтіре алмайтындығы туралы пайымдауды бұл түс дәлелдеп берді. Жаратушы көрінбейді, бірақ көріп, тыңдайтындарға айқын дәлелдер бар екенін ұқтым.
Сол кезден бастап мен: «Уа, Жаратушы Ием, мені дұрыс жолға сала гөр!» деген дұғаны іштей айтып жүретін болдым.
Сондай-ақ, мен үшін жақсылық пен зұлымдық жоқ деген қағида өте өрескел болып көрінді, өйткені бұл жағдайда өмір бар мағынасын жоғалтады. Мұндай қорытындыға жатақханадағы өз бөлмемде отырғанда келдім. Басқа діндер туралы жеткілікті білгендігімнен, Исламда кез-келген басқа сенім жүйесіне қарағанда анағұрлым көбірек мағына бар деген түйін жасадым. Содан кейін діннің куәлігі – шәһаданы қағазға жазып, қолымды қойдым. Міне, осылайша мен мұсылман болдым.
Келесі ай бойына Құранның аудармасын: «Егер мен ешбір қате таппасам, онда мен осыны ұстанамын», - деген оймен оқыдым. Оқуымды аяқтағанда, Исламда ешбір күмән мен қарама-қайшылықтың жоқ екендігіне одан сайын көз жеткіздім. Адамзат қоғамында моральдың болуының өзі жақсылық пен зұлымдықтың соңғы Төрешісі ретінде Алланың болуын мойындауды талап етеді. Алла Тағаладан басқа мұны шеше алатын кім бар?
Менің өмірім өзгерді, ал мен болсам: «Аллаға шүкір, мен мұсылманмын», - деп сенімді түрде айта аламын.
asyldin.kz