Өсек, ғайбат – өте оңай жасалатын нәрсе. Қарапайым сөз бір мезетте жағымсыз болып шыға келуі әбден мүмкін. Өзіңіз қаламай-ақ, біреу туралы ғайбат айтып кетуіңіз де ғажап емес. Біреу ғайбат жөнінде Пайғамбарымыздан (ﷺ) сұрағанда, ол (ﷺ) былай жауап берген екен: «Ғайбат – адамның естуіне жағымсыз нәрселерді айту». «Уа, Алланың Елшісі, ал егер бұл шындық болса ше»? - деп сұрағанда, ол (ﷺ) былай жауап берген: «Егер шындық болса, онда бұл ғайбат болады, егер өтірік – онда бұл жалған» (Мууатта).
Көптеген адамдар ғайбат түсінігінің кеңінен анықталатынын түсінбейді. Өсек пен ғайбат біреу туралы сөз болып қана табылмайды, сондай-ақ, біреу туралы жаман айтылып жатқан ортада болу да болып табылады. Бұл сөздермен, көзқараспен, ишарамен, ауызша немесе жазбаша түрде де болуы мүмкін. Ғайбат айтудың қандай ауыр күнә екенін Алланың Өзі Құранда былай көрсеткен:
«Әй мүміндер! Күмәнның көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәнның кейбірі күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді-біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген туысының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді» (49:12).
Пайғамбарымыздың (ﷺ) хадисінде сипатталғандай, өсекшілерді келешек өмірде қатаң жаза күтеді: «Көкке көтерілгенімде маған өз беттері мен кеуделерін жез тырнақтарымен тырналаған адамдар көрсетілді. Мен Жәбірейілден (ғ.с.): «Бұлар кімдер?» - деп сұрадым. Сонда ол (ғ.с.): «Бұл ғайбат айтып біреулерді қаралағандар», - деп жауап берді» (Әбу Дәуд).
Бақытымызға орай, бұл жаман әдеттен құтылуға тырысып көруге болады. Төменде, Алланың қалауымен, бізге ғайбаттан құтылуға көмектесетін он амалды келтіреміз:
1. Білім алыңыздар
Ислам – ақыл иелерінің діні. Үнемі дін туралы білімімізді арттырып, өзіміз түсінбейтін нәрселерді біліп отыруымыз қажет. Құранда Алла Тағала бізге: «Шынайы меңгеруші Алла әр нәрседен жоғары. (Мұхаммед Ғ.С.) саған етілген уахи бітуден бұрын Құранды оқуға асықпа да: “Раббым, білімімді арттыр!”,- де (20:114).
Асыл дініміздің ғайбат туралы айтылған үкімін білмейінше – оның ауырлығын, қасында жоқ адам туралы не айтуға болатындығы мен біреу туралы жаман айтып қойғанымыздан соң не істеу керектігін білмегенше, адам ғайбат жөніндегі әдетін сәйкесінше бағалай алмайды.
2. Өсек айтқанды жаны сүйетін адамдардан аулақ болыңыздар
Кейбір адамдарға қасында жоқ адамдарды сөз еткеннен басқа мүлде айтарлары болмайды. Бірде танысыма ислам дінінде ғайбат айтуға болмайтындығы туралы айтқанымда, ол маған: «Онда біздің айтар сөзіміз болмайды ғой» дегені, өкінішке орай, ол әйел дұрыс айтқан еді. Бос уақыттарын өсек айтумен өткізетіндерден аулақ болыңыздар, тіпті бір-екі достарыңыздан айырылар болсаңыз да.
3. Өсекшілер жиналатын орындардан аулақ болыңыздар
Офистерде салқындатылған су ішетін жер көбінше осы мекеменің қызметкерлері туралы өсек айтатын орын болып табылады. Университет кафелері мен қоғамдық тамақ ішу орындары да өсек-аяндардың таратылатын орындары болып келеді. Әлеуметтік желілер ғайбат айтудың шексіз мүмкіндігін береді. Егер әр кез офистың асханасында тамақтанғаныңызда өсектің ортасында қалар болсаңыз, онда түскі ас ішетін басқа орын тауып алыңыз. Егер сіз жақсы көретін чатта ғайбат айту таралған болса, онда басқа сайттарға кіріңіз. Ғайбат айту қалыпты нәрсеге арналған ортада болудан бойыңызды аулақ салыңыз, өйткені сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да оған қатысатын боласыз.
4. Жетелеуші сұрақтар қоймаңыз
Зиянсыз сұрақтардың өзі ғайбатқа әкелуі мүмкін: «Оны көптен көрмеген едім. Оның қалы қалай?» - деп сұрап қалсаңыз, жай ғана жауап бергеннің орнына: «Сіз естідіңіз бе, ол...» деп ұзақ-сонар әңгіме басталып кетеді. Кейбір ғалымдар ғайбатқа түсіп кетпеу үшін қасында жоқ адамдар туралы сұрамауға кеңес береді.
5. Өсек басталып бара жатса, лезде тоқтата қойыңыз
Егер сіз жаңа ортаға түсіп, сіздің айналаңыздағы адамдар ғайбат сөйлей бастаса, мұндай әңгімелерге қатыспайтыныңызды бірден айтыңыз. Басынан өз ұстанымыңызды көрсетіңіз. Егер сіз ғайбат айтудың қиындығын түсінбейтін мұсылман еместердің ортасында болсаңыз, онда бұл үндеу тастаудың тамаша мүмкіндігі. Пайғамбарымыз (ﷺ) былай айтқан: «Жұмсақтық танытыңыз да қатыгездік пен дөрекіліктен аулақ болыңыз. Көркем нәрселерде ғана жұмсақтық болады және ұятты нәрселерде ғана ол жоғалады» (Муслим).
6. Өсек пен ғайбаттан бойыңызды аулаққа салатыныңызды адамдарға білдіріңіз
Кезінде өсек айтқан адамдарыңызбен, ғайбат айтуды тоқтату қиынға соғады. Әңгіменің тақырыбын өзгертудің жақсы амалы – оларға өсек айтудан бас тартуға тырысатыныңызды білдіру және осыған көмектесулерін сұрауыңыз. Егер сөздеріңізде ғайбат бола бастаса, одан бас тартатыныңызды жұмсақ түрде естеріне салыңыз. Мүмкін сіздің үлгіңіз оларға жақсы өнеге болар. Олай болмаса, 2-ші нөмірлі кеңеске қараңыз.
7. Достарыңызбен араласқанда бір-бірлеріңізге өсек пен ғайбат айтуға болмайтындығын естеріңізге салыңыздар
Достарыңызбен кездескенде ғайбаттан бас тарту үшін бір-біріңізге көмектесіңіздер. Егер бұл жөнінде алдын-ала келіссеңіздер, өсек айта бастасаңыз, сіздің достарыңыз тыйым салынғандығы жөнінде есіңізге салсын немесе, керісінше, егер олар өсек айта бастаса, сіз олардың есіне салыңыз. Қарапайым сөздермен, мысалы үшін: «Меніңше, біз ғайбат айтып жатырмыз ғой деймін», - деп әңгіменің төркінін дұрыс бағытқа салуға болады.
8. Тәуекел етпеңіз
«Кім үндемесе, сол қауіпсіздікте болады» (Ахмад, Тирмизи) ғайбаттан аулақ болудың қауіпсіз жолы — әңгімеге қатыспаған адамдар туралы айтпау. Егер сіз осы ережеден бастап, өзіңізге тек бірнеше ерекшелік жасасаңыз, өсек айту мүмкіндігін кенеттен шектейсіз.
9. Сіз туралы жаман айтқандарды кешіріңіз
Бәріміз де қателесеміз, Алла біздің күнә жасайтынымызды біледі. Бірақ бізде тәубаға келіп, Жарылқаушы әрі Мейірімді Алладан кешірім сұрау мүмкіндігіміз бар. Құранда көрсетілгендей, бізді басқаларды да кешіруге үндейді: «Ғапу етіп, кешірсін. Алланың сендерді жарылқауын жақсы көрмейсіңдер ме? Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді» (24:22).
Хасан әл-Басри мүміндерден бір нәрселерін сұраса, олар береді; оларды ренжітсе, олар кешіреді - бұл зұлымдыққа жақсылықпен жауап беруді білдіреді деп айтқан болатын.
Қысқасын айтқанда, біреулер сіз туралы ғайбат айтса – оларды кешіріңіз, мүмкін сіз де біреудің кешіріміне зәру шығарсыз...
10. Өлімді жиі есіңізге алыңыз
Пайғамбарымыз (ﷺ) бұл өмірдің қысқалығын және біздің амалдарымыздың о дүниедегі салдарын еске алуды үндейді. Бірнеше риуаяттарда келтірілгендей, кейбір ғалымдар, өз үйлерінде көр қазып, күндердің күнінде қабірде болатындарын және өз күнәлары үшін тәубаға келе алмайтын күннің туатынын естеріне түсіріп отырған. Пайғамбарымыз (ﷺ) қабірдегі азаптан сақтасын деп Алладан пана сұраған, бізге де солай сұрау сүннет. Ажалдың аяқ астынан екенін біліп жүретін адамға ғайбат айтудан тыйылу тіпті де қиынға соқпасы анық.
asyldin.kz