Тәуелсіздік – баға жетпес нығмет

Тәуелсіздік – баға жетпес нығмет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала адамды ананың құрсағындағы кезінде-ақ азат қылып жаратқан. Анасының қамқорымен қиыншылық көрмей өскен бүгінгінің баласына кешегі бабаларымыздың өмірі өнеге болуы керек. Әрбір адамның болашағы өткенімен таразыға түседі. Сол таразыда өміріміздің қандай сәттері өлшенді екен. Осындай кең байтақ еліміздің тәуелсіз мемлекетке айналғанына дейін қаншама қилы замандар өтті десеңші.

Қонар бұтағы, түнер ұясы жоқ құс пен аңның барар жері қайда болмақ? Қазақта «Отансыз адам ормансыз бұлбұл» деген сөз бар. Сол сияқты өмір сүретін ортасы жоқ ұлттың бірлігі де, тірлігі де болуы мүмкін емес.

Үмметтің бірігіп тірлік жасайтын, адамзаттың екі дүниеде бақытты өмір сүруіне жол көрсететін  үлкен бір аманатты алып жүруге  Алла тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедті (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын)  Мекке жерінде Пайғамбар Ибрахимнің (Оған Алланың сәлемі болсын) дұғасымен дайындады.

وَإِذْ قَالَ إِبْرَاهِيمُ رَبِّ اجْعَلْ هَٰذَا بَلَدًا آمِنًا وَارْزُقْ أَهْلَهُ مِنَ الثَّمَرَاتِ مَنْ آمَنَ مِنْهُمْ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ ۖ قَالَ وَمَنْ كَفَرَ فَأُمَتِّعُهُ قَلِيلًا ثُمَّ أَضْطَرُّهُ إِلَىٰ عَذَابِ النَّارِ ۖ وَبِئْسَ الْمَصِيرُ

«Сол кезде Ибраһим: Уа, Раббым! Бұл жерді қауіпсіз, бейбіт мекен қылғайсың! Бұл жердің халқына, араларындағы Аллаға және ақирет күніне иман келтіргендерге түрлі жеміс-жидектер, көкөністерден ризық бергейсің!»-деп жалбарынды. Сонда Алла: ( Ризықты тек мүміндерге емес бәріне беремін. Алайда) араларынан кімде-кім (берген нығметтерім үшін шүкіршілік етпей) күпірлік қылса, оған (бұл дүниеде) аз ғана уақыт ризық-несібе беріп өмірдің қызығын көрсетемін де, содан кейін оны тозық азабына душар етемін. Ол қандай жаман ақырғы тұрақ! Қандай жаман барар жер!»-деп айтты. (Бақара сүресі 126 аят.)

إِنَّ اللَّهَ يَأْمُرُكُمْ أَن تُؤَدُّوا الْأَمَانَاتِ إِلَىٰ أَهْلِهَا وَإِذَا حَكَمْتُم بَيْنَ النَّاسِ أَن تَحْكُمُوا بِالْعَدْلِ ۚ إِنَّ اللَّهَ نِعِمَّا يَعِظُكُم بِهِ ۗ إِنَّ اللَّهَ كَانَ سَمِيعًا بَصِيرًا

«Шын мәнінде, Алла Тағала сендерге аманаттарды өз иелеріне тапсыруларыңды және адамдардың арасына үкім етсеңдер, әділдікпен үкім етулеріңді әмір етеді. Расында, Алла сендерге нендей жақсы уағыз береді. Шәксіз Алла, толық естуші, бәрін көруші»[1].

Осы міндеттің орындалу барысында Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) Мекке жерінде адамдарды көп құдайшылдықтан құтқарып Алланың бірлігіне өз жақындарынан бастап айналасындағы руластарын иман келтіруге шақыруы болса, Мединалық кезеңдерінде Ислам дініндегі алғашқы рет тәуелсіз мемлекеттің сүйенетін өте маңызды негіздерін құруы еді.

Жаңа қоғамның сүйенген негіздері үшеу болды:

Біріншісі: Мешіт құрылысынан басталған. Мешіт мұсылмандардың бір сапта тұрып бір имамға (басшыға) бағынуына, қандай іс болмасын кеңеспен шешуіне, өзара адал, сенімді болуға тәрбиелейтін Исламның жүйесі мен әдебін үйрететін орын болды.

إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ ۖ فَعَسَىٰ أُولَٰئِكَ أَن يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ
«Алланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намазды кемеліне жеткізіп үзбей әрі уақтылы оқитын, зекетті толық беретін, сондай-ақ Алладан өзге ешкімнен  именбейтін шынай мүміндер ғана лайықты дейгенде көркейте алады. Міне солар тура жолдайн таймай, мақсат- мұраттарына жетуге үміт ете алады»  (Тауба сүресі 18 аят)

Мұсылмандар дүние тіршілігінен біраз уақыт бөлініп, мешіттерде жиналып, бай-кедей демей тең дәрежеде отырмаса, араларындағы бауырмалдық пен өзара сүйіспеншілік болмасы анық еді.

(فِي بُيُوتٍ أَذِنَ اللَّهُ أَنْ تُرْفَعَ وَيُذْكَرَ فِيهَا اسْمُهُ يُسَبِّحُ لَهُ فِيهَا بِالْغُدُوِّ وَالْآصَالِ)

«Осынау нұр Алланың Өзі асқақтатқан әрә тұрғызылуына һәм ішінде атының аталуына Өзі рұқсат еткен үйлерде бөленуге болады. Ол үйлерде Оны ертелі-кеш: («Сен-мінсіз, кемелсің» - деп) дәріптейтіндер бар» (Нұр сүресі , 36 аят)

Хазреті Омар ибн Хаттаб (Алла одан разы болсын): «Мешіттер Алланың жердегі үйлері, ал соған келген намаз оқушылар мешіттің ішіндегі зияратшылары. Мешіт иесінің ақысы  зияратшыларды  құрметтеуі»-десе.

Хасан Басрий (Алла одан разы болсын): « Мұсылманның жәннатағы сыйы мешіт салу, оның құрылысына жәрдем беру және оны тазалау»-деген.

Екіншісі: Қандай бір мемлекет құрып және сол мемлекеттің аяққа тұруы үшін Муһажирлер мен Ансарлардың ішінде және барша  мұсылмандар арасында орнатылған бауырмалдық, бірлік ауадай қажет еді.

وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا ۚ وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا وَكُنْتُمْ عَلَىٰ شَفَا حُفْرَةٍ مِنَ النَّارِ فَأَنْقَذَكُمْ مِنْهَا ۗ كَذَٰلِكَ يُبَيِّنُ اللَّهُ لَكُمْ آيَاتِهِ لَعَلَّكُمْ تَهْتَدُونَ

«Барлығыңда Алланың желісіне (яғни, хақ дініне) мықтап жармасыңдар және өзара бөлінбеңдер. Сондай-ақ Алланың өздеріңе (үйіп-төгіп) берген нығметтерін естеріңе алыңдар. Кезінде біріңе-бірің бітіспес дұшпан  едіңдер, ал бүгін Алла тағала жүректеріңді жарастырды. Сөйтіп, Оның (иман, хақ дін Ислам сынды) баға жетпес нығметінің арқасында біріңе-бірің бауыр болдыңдар. Сондай-ақ кезінде сендер тозақ шыңырауының шетінде тұрған едіңдер, алайда Алла сендерді одан сақтады. Сендер тура жолға түссін деп, Алла өзінің аяттарын, осылайша ашық баяндайды » (Әл-Имран сүресі, 103 аят)

وَالَّذِينَ جَاءُوا مِنْ بَعْدِهِمْ يَقُولُونَ رَبَّنَا اغْفِرْ لَنَا وَلِإِخْوَانِنَا الَّذِينَ سَبَقُونَا بِالْإِيمَانِ وَلَا تَجْعَلْ فِي قُلُوبِنَا غِلًّا لِلَّذِينَ آمَنُوا رَبَّنَا إِنَّكَ رَءُوفٌ رَحِيمٌ

«Сол мұһажирлер мен ансарлардан кейін келген (солардың ) жолын қуған мүміндер болса, Аллаға, «Уа,Раббымыз! Бізді және бізден бұрын иман келтірген бауырларымызды кешіре гөр! Жүрегімізде иман келтірген жандарға деген жек көрушілік, өшпенділік сында жаман сезімдердің оянуына жол бере көрме! Уа раббымыз! Шүбәсіз Сен  мейірбансың, (әсіресе мүмін құлдарыңа) сондай жанашыр һәм ерекше мейірімдісің»-деп, дұға етеді » (Хашр сүресі 10)

Муһажирлер мен Ансарлардан кейінгі қияметке дейінгі мұсылмандар оларды үлгі тұтып Алла үйреткен осы дұғаны жасап жалбарынады.

Абу Дарда (р.а) «Расулаллаһтың (Алланың оған сәлемі мен салауаты болсын) Алла тағаланың қандайда бір мұсылман құлы өзге мұсылман бауырына жақсылық тілеп, сырттай ол үшін игі дұға жасайтын болса, қасындағы періште: Саған соны берсін деп айтады», -дегенін естідім»,-деген (Мүслим, зикр 86).

Имам Шафиғий (Алла одан разы болсын): «Шыншыл адамның бауырмалдығының белгісі мұсылман кісінің кемшілігін қабыл ету (яғни, жасыру) , оны әдепсіз істерден тия білуі және қателіктерін кешіруі»-деген.

Бірде бір адам Хасанның үйіне кіріп келсе, ол төсегінде ұйықтап қатқан екен. Оның бас жағында тұрған себеттегі алмаға көзі түсіп кетеді де рұқсат сұрамай алып жей бастайды. Ұйқысынан оянып кеткен Хасан, алмасын жеп отырған адамды көріп қалып: «Алла сені рахымына алсын. Бұл шынай бауырмалдықтың белгісі»- деген екен.

Үшіншісі, Қоғамдағы әртүрлі тәртіптерді қарастыратын маңызды үкімдермен толықтырылған мұсылмандардың өзара заңдары және басқа да мұсылмандармен, әрі Мединаның айналасында қоныстанған Яһудилермен арадағы жасалған декларация болды.

وَلِكُلٍّ وِجْهَةٌ هُوَ مُوَلِّيهَا ۖ فَاسْتَبِقُوا الْخَيْرَاتِ ۚ أَيْنَ مَا تَكُونُوا يَأْتِ بِكُمُ اللَّهُ جَمِيعًا ۚ إِنَّ اللَّهَ عَلَىٰ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ

«Әр қауымның  бет бұратын құбыласы, ұстаған жолы һәм көздеген мақсаты бар. Ендеше, (сендердің құбылаларың, жолдарың һәм мақсаттарың белгілі, сондықтан жұдырықтай жұмылып) жақсылықта жарысыңдар һәм топ жарыңдар. Қай жерде болсаңдарда, күндердің күнінде Алла бәріңді бір жерге (яғни, ғарасат майданына) жинайды. Шүбәсіз Алла тағаланың құдыреті барлық нәрсеге толық жетеді» (Бақара сүресі,  148 аят)

(Әр қауымның  бет бұратын құбыласы) яғни, әр үмметтің ерушілері өдерінің құлшылықтарында белгілі бір бағытқа қарап құлшылығын жасаған. Алла тағала әр үмметтің шариғатын уақыт пен жағдайларға байланысты өзгертіп отырған. Осылайша бір діни үкім екінші бір діни үкімді жойып, бет бұратын құбылалары да өзгеріп отырған. Дегенмен негізгі мақсат Алла тағалаға бойсұну мен Оның разылығын табу болып қала береді. Осы ұстаным барлық үмметтің шариғат заңдарына бірдей қатысты. Алла тағал адамзатты сол үшін жаратқан.

(жақсылықта жарысыңдар һәм топ жарыңдар) - яғни, діндегі барлық парыз амалдар (намаз, ораза, зекет, қажылық) мен қосымша (нәпіл) адам мен қоғамға пайда келтіретін кез келген міндеттер. Адам табиғатындағы жақсы бір қасиет өзгелерден үнемі алда жүрсем, алда болсам екен дейді. Дүниедегі жақсы қасиеттерді үнемі алғашқы болып жасаған жан, ақыретте де жәннатқа алғашқылардан болып кіреді.

Осы Құранның үкімдеріне және Алла елшісінің сүннетеріне негізделіп жасалған декларациядағы талаптарға бағынған мемлекет ең мықты мемлекет болды. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لاَ تَخُونُوا اللهَ وَالرَّسُولَ وَتَخُونُوا أَمَانَاتِكُمْ وَأَنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Әй, мүміндер! Аллаға әрі Елшісіне опасыздық  қылмаңдар, тағы біле тұра аманаттарыңа қиянат жасамаңдар»,[2] – деп бұйырса, келесі аятта

وَضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا قَرْيَةً كَانَتْ آمِنَةً مُطْمَئِنَّةً يَأْتِيهَا رِزْقُهَا رَغَدًا مِنْ كُلِّ مَكَانٍ فَكَفَرَتْ بِأَنْعُمِ اللَّهِ فَأَذَاقَهَا اللَّهُ لِبَاسَ الْجُوعِ وَالْخَوْفِ بِمَا كَانُوا يَصْنَعُونَ

«Алла (ғибрат аларсыңдар деп) мынадай бір ауылды мысалға келтірді: ол ауыл  бейбіт; мамыражай еді. Ризық несібесі жан-жақтан ағыл-тегіл келіп жататын. Алайда ол ауылдың халқы Алланының осынау нығметтерінің қадірін біле қоймады (шүкіршілік етудің орына күпірлік қылды.) Сөйтіп Алла  олар істеген күналары үшін аштық пен қорқыныштың шекпенін кигізіп, ащы дәмін таттырды.»  (Нахыл сүресі 112 аят)

Сол себепті осы мемлекеттің бірлігі, күш-қуаты Алла мен оның елшісінің әміріне бағынып еш шайқалмастан дүниенің төрт бұрышына жайылып, мәдениеттің ең көркемін бүгінгі күнге дейін сақтап келді. Сонау қазақ хандығынан бастап бүгінгі егеменді елдің іргесіне дейінгі келе жатқан аманатты сақтап қалу, Отанды қастерлеп, қорғап өту әрбір ұрпақтың міндеті. Алаштың арысы Ахмет Байтұрсынов атамыздың: «Егерде біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» - деген сөзін есінен шығармаған ұрпақтың ғана болашағы бар. Аталардың батасымен, батырлардың жырларымен сусундап, өзінің дәстүрін сақтап, болашақ ұрпағының бақытты ғұмыр кешуіне үмітпен қараған аға ұрпақтың абыройлы өмірін қаз-қалпында келер  арпаққа жеткізу бүгінгі жастардың қолында. 

«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты,
Мен жастарға сенемін!» - деп, өз заманының ақыны М. Жұмабаев

жастарға үлкен сенім артқан болса, Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев: «Алдымызда асу-асу белдер бар, ұлт жолында ұйтқи соққан желдер бар. Бел де талар, жел де беттен қағар. Бәріне төзу керек, бәріне көну керек, жас ұрпақ!»- деп, айта білетін, болашақтың шамын өшірмейтін жастарға зор сенім артамын деді. 

Жүрмейікші жүнжіп босқа түнеріп,
Еске алайық, есімдерін білелік.
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ,
Алмайықшы екі қолдан жіберіп-деген өлең шумағындағы Тәуелсіздік

жолында жанын пида еткен ел ағалары мен ақжаулықты аналарымызды көз жасымен есіне алып, әрбір сәтін зердеге салып қарайтын еліміздің асыл қазыналары болған қарияларымыз бен еліміздің тәуелсіздігінің арқасында ертеңіне сеніммен қарап, өсіп келе жатқан жастар аман болсын.

 Жапек Ғалымбек Төлегенұлы

Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази»

мешітінің найб имамы


[1] «Ниса» сүресі, 58-аят.

[2] «Әнфал» сүресі, 27-аят.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: