Намазды қатесіз орындауға көмекесетін 12 кеңес

Намазды қатесіз орындауға көмекесетін 12 кеңес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала Қасиетті Құранда былай айтқан: «Сабыр және намазбен жәрдем тілеңдер. Расында намаз ынталылардан басқаларға ауыр келеді» (2:45).

Егер сіз намаздың тәтті дәмін татқыңыз келсе, онда төмендегі кеңестер сізге пайдалы болады:

1. Тәкбір-тахримді айтыңыз да күллі әлемді ұмытыңыз.

Өміріңізде бір рет болсын, неліктен біз намазды «субханакя Аллахумма уа бихамдик» деп басталатын ас-сана дұғасынан бастамай, «Аллаху Акбар» деп тәкбір-тахрим айтудан байстаймыз деп ойланып көрдіңіз бе? Өйткені «Аллаху Акбар» сөзін айту арқылы, сіз Кімнің алдында тұрып құлшылық етуіңізді әрі Одан басқа маңызды ешкімнің жоқ екенін дәлелдейсіз. Намазда «Аллаху Акбар» деп айтып, қолыңызды көтеруіңіз арқылы бұл өмірдегінің бәрін артқа қалдырасыз.

2. Шымылдықты елестетіңіз.

Имам Әбу Хамид әл-Ғазали «Ихья улюм ад-дин» еңбегінде былай жазған: «Пенде намазға тұрғанда Алла Тағала: «Менің құлым мен Менің арамыздағы шымылдықты көтеріңдер», - деп айтады екен.Ал егер адам намаз оқуда алаңдап тұратын болса, Алла: «Шымылдықты түсіріңдер», - деп бұйырады екен. Намаз оқу барысында көңіліңіз бөліне бастаса, осы бір шымылдықты есіңізге түсіре қойыңыз.

3. Жаратушыға сәлем беріңіз.

Өзіңіздің бір патша сарайына кіріп келе жатқаныңызды елестетіңізші. Осы сарайдағы адамдардың қайсысы билеушінің қызметшілері екенін сіз қалай анықтайсыз? Сөзсіз, жанарларын түсіріп, өздерін қарапайым ұстау мәнерінен білесіз.

Сол сияқты сіз намазға тұрғанда жанарыңызды сәждеге баратын жерге қойып, бойұсынған қалыпта қолдарыңызды байлап, Әлемдердің Билеушісі, Патшалардың Патшасына сәлем бересіз.

Жан-тәніңізбен беріліп оқылған намазыңыздың ғана қабыл болатынын есіңізден шығармаңыз.

4. Намазда оқылатын «Фатиха» сүресінің әрбір аятына Алла Тағала жауап беретіндігін түсініңіз.

Құранның ұлы сүресі «әл-Фатиха» намаздың әр рәкағатында айтылады. Және де Алла Тағала осы сүренің әрбір аятына жауап береді, сол себепті намазда «Фатиха» сүресінің әр аятынан кейін аз кідіріс жасап отырыңыз.

5. Алланың есімін асқан сүйіспеншілікпен айтыңыз.

Сізді намазға тұруға не жетеледі? Алла Тағалаға деген сүйіспеншілік пен Оған біраз да болсын жақындау емес пе? Әр кез өзіңіз жақсы көретін адамыңызды кездестіргенде қандай сөз айтатыныңызды есіңізге түсіріңізші. Әрине, оның есімін айтасыз. Намазда Құран сүрелерін «бисмиллә» сөзінен бастаңыз, бұл сөздің жүрегіңізді тыныштандырып, қалай жұмсартатынын сезесіз.

6. Бойұсынған күйде тұрыңыз.

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Әлхамдулиллә» сөзі таразы табақшасындағы адамның жақсы амалдарын толтырады» (Мүслим).

«Альхамдулилляхи раббиль алямин» аятын айтуда шынайы шүкіршілігіңізді білдіріңіз.

7. «Малики яумиддин» аятын айтпай тұрып, «ар-Рахмани Рахим» аятының мағынасына ой жүгіртіңіз.

Алла Тағаланың «ар-Рахман» және «ар-Рахим» есімдері «Малики яумиддин» (Қиямет күнінің Иесі) аятының алдында келетіні неліктен деп ойланып көрдіңіз бе? Өйткені Қиямет күні бізге төрелік ететін Аса Қамқор әрі Ерекше Мейірімді Алла Тағала ғана болады.

8. «Ийякя на’буду уа ийякя наста’ин» аятының мағынасын жете түсініңіз.

«Саған ғана құлшылық қыламыз, әрі Сенен ғана жәрдем тілейміз!».

 Намазда тұрған сахабалар осы аятты айтқанда жылайтын болған екен.

9. Намаздағы «Әмин» сөзіне сіздің өміріңіз байланысты болып тұрғандай айтыңыз.

Алла Тағаланы дәріптеп, мадақтап, сосын «Бізді тура жолға сала көр!» деп айтамыз. «Әмин» сөзі «Уа, Алла, менің дұғама жауап бере гөр» деген мағынаны білдіреді, сол себепті бұл сөз жүрегіміздің түбінен шығуы қажет.

10. Жаратушымен байланысты сезініңіз.

Рүкұғте тұрып «Субхана рабби әл-Азыйм» деп айтқанда: «Ол – мені қамқорына алып тәрбиелеген әрі тәрбиелеп жүрген менің Жаратушым»деп Жаратушы мен пендесінің арасында байланыс орнатылады.

11. Мүміннің жеңісі сәждеде.

Сіздің сәждеңіз – Жаратушыға деген толықтай бойұсынуыңыздың белгісі.

Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Алланың құлы Жаратушысына ең жақын болатын кезі - сәждеде жатқан кезі» (Мүслим).

Сондай-ақ: «Аллаға сәжде жасайтын кез-келген адамға Алла Тағала міндетті түрде бір жақсы амал жазады, бір күнәсін кешіреді, дәрежесін бір сатыға көтереді, сол себепті намаз оқуда көбірек сәжде жасаңыздар» (Ибн Маджа).

12. Таслимге дейін Аллаға дұға жасаңыз.

Тәшаһудтан кейін таслимге дейін құндылығы көпшілікке беймәлім уақыт туады. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (ﷺ) намаз соңындағы сәлем берудің алдында айтылатын дұғаға қатысты былай айтқан: «Сосын қалаған бір дұғасын таңдап алып, соны айтсын» (Бұхари, Мүслим).

Сол себепті сәлем беріп, намазды тезірек бітіруге асықпай дұға айтқан абзал.

Төмендегіні естеріңізден шығармаңыздар: баянсыз бұл өмірдің рахаты – Алла Тағаланы естен шығармау, Оған құлшылық ету, Оның тыйғандарынан тыйылып, бұйырғандарын орындау, ал ақирет өмірдің рахаты – Алла Тағаланың жүзін көру! Әр кез намазға тұрғаныңызда он сегіз мың ғаламның Жаратушысы Жалғыз Алла Тағаланың алдында тұратыныңызды ұмытпаңыз.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: