Хақ Тағаланы неліктен көре алмаймыз?

Хақ Тағаланы неліктен көре алмаймыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ұлы Жаратушының бізге көрінбеуінде сыр мен хикметтері Алла бұл ғаламды жын мен адамзатқа емтихан етіп жаратқанында. Яғни, осы жерде кімнің жақсы кімнің жаман екені анықталмақ.

Мүлік сүресінің 2 аятында Алла былай дейді: «Ол қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты». Осылайша адамзат жер бетіне сыналу үшін келген. Оның ең басында да Ұлы Жаратушыны тану келеді. Сондықтан да әрі қарай 3 аятта былай дейді: «Ол, жеті көкті қабат-қабат етіп жаратты. Рахманның жаратуында ешқандай мін таба алмайсың. Қайтадан көз салып қара. Қандай да бір ақау көре аласың ба?

Сосын тағы да көзің екі қайтарып қара. Көзің (іздеген ақауын таба алмай) үмітін үзіп, шаршап, қалжырап, саған оралады». Алла жын мен адамның жаратылыс мақсатын баян еткеннен кейін, артынша адамзатты өзін тануға шақырады. Бір кітаптың жазушысы болады да, бір сарайдың салушысы болады да, қалайша әлем деген алып жеті қабат сарай, немесе қалың жеті кітаптың Ұлы Салушысы, Ұлы Жазушысы болмауы мүмкін?

Тіпті бұл әлем - кітап болғанда да оның әр бетінде мыңдаған кітап бар. Оның беттерін былай ысырып қойғанда, әрбір әріптерінің өзінде кітаптар бар. Мысалы, Ұлы Жаратушы ғаламды жеті қабат көк етіп жаратқан. Бұл алып жеті кітапты құрайды, деген сөз. Осы заманғы озық техникаға арқа сүйеген ғалымдар, әлем, шамамен сан миллард галактикалардан тұратынын айтады. Одан да көп болуы мүмкін.

Ислам ғалымдарының айту бойынша мұның бәрі жеті қабат көктің бірінші қабаты ғана. Одан басқа алты қабат бар. Осы алты кітаптың бірінші кітабының галактика, деген бір бетін ашып қарайықшы. Қаншама кітаптар жазылған. Мысалы, біздің Құсжолы галиктикасы бір бет. Оның ішінде қаншама Күн системасы секілді алып кітаптар бар. Күн жүйесі айналасындағы он екі планета – он екі кітап емес пе? (он екінші планетаны ғалымдар әлі таба қойған жоқ. Бірақ болашақта табатынына көзім жетеді). Немесе, Құсжолы кітабының Жер, деген бетін алайық.

Бұған да көз салып қарасақ сан мың кітапты көреміз. Тіпті осы беттің ішіндегі бір әріп болған алма ағашын алайық. Бір кітаптың тарау-тарау беттерін көреміз. Бір беті болған бір жапырағын алып қарап, зерттесек, жеке-жеке тараулардан тұратын кілеткаларды, оның ішінен атом деген сан мың сарайларды көреміз. Оның да галактикалар секілді жүйелерден тұратынын байқаймыз. Сонымен қатар Жердің өзі көптеген кітаптардан тұратын аңғарамыз. Құрлық бір кітап, теңіз өз алдына жеке кітап, таулар, өзендер, көлдер өз алдына жеке-жеке кітаптар. Ал, енді теңіз деген кітапқа терең сүңгіп, үңіліп қараңызшы.

Мүлдем басқа планетаға саяхат еткендей боласыз. Өз алдына өзінің тіршілік-тынысы, өмірлік құрылысы бар. Сіз ол жерге тек қана қонақ немесе турист болып қана бара аласыз. Бірақ, ондағы тіршілік иелерімен бірге ұзақ өмір сүре алмайсыз. Сол секілді жан-жануар, өсімдік атаулы, аспанда ұшқан құстар жеке-жеке әлем, жеке жазылған әрі жазылып жатқан кітаптар. Осының бәрін адам баласы оқып үйренуде. Тіпті бәріне шамасы жетпеген соң, мысалы, тек қана жан-жануар деген бір кітапты, тіпті оның бір тарауын өмір бойы зерттеп соны оқумен ғана өмірін өткізуде. Ұзақ жылдар бойы зерттеген соң ғана кейбір мағлұматтарды бізге жеткізуде. Сол үшін де оған профессор, академик, деген атақ, даңқ берілуде.

Бейне бір сол жасағандай оған үлкен құрмет көрсетілуде. Ал, оны жазған Ұлы Жасаушыны құрметтен, шүкірден тыс қалдырамыз. Бірақ, Ол құрметке, шүкірге мұқтаж емес. Бірақ, жайшылықта суретті қалай салғаны жайлы түсіндірген жанға, құрмет көрсетіліп, суретшіні ұмыту - үлкен ерсі әрі адамдық қасиетке жат нәрсе емес пе?! Сондықтан да Алла «Ол қайсыларың ең ізгі іс жасай алатындарыңды сынау үшін өлім мен өмірді жаратты», деп, бізге хабар берген. Иә, Жер – кітаптың бір беті ғана, дедік. Оның ашық, айқын және астарлы мағыналары бар. Жер бетіндегілер ашық, айқын мағыналары болса, тау қойнауы, жер астындағы қазыналар бейне бір сырға толы астарлы мағыналар. Мысалы, мұнай астарлы бір мағына. Оны жер астын ұзақ жылдар бойы үңіле оқи отырып қана таба аласыз. Тіпті ащы суды тұщы суға айналдырып егістікті суаруының өзі өзінше бір астарлы мағына. Ойланасың, толғанасың, соныңда барып қол жеткізесің. Бәрінен де осы алып кітапқа татитын Жерде бір кітап бар. Ол – адам баласы. Иә, адам деген – сыр мен мұңға толы жұмбақ кітап. Әлемді сан айналсаң да оның шешуін таба алмайсың. Өйткені, оның шешуі тек Құранда ғана. Демек, адамның бақыты Құранда. Енді айтыңыздаршы! Қалай ғана осыншама сарайлар мен кітаптардың Ұлы Салушысы мен Ұлы Жазушысы болмауы мүмкін. Осының бәрін көре тұра біле тұра терістеген бейбақтарға біз не дей аламыз? Иә, Ұлы Жаратушы: «Ол, жеті көкті қабат-қабат етіп жаратты. Рахманның жаратуынан бір мін таба алмайсың. Қайтадан көз салып қара. Қандай да бір ақау көре аласың ба?

Сосын тағы да көзің екі қайтарып қара. Көзің (іздеген ақауын таба алмай) талып саған оралады», дейді. Бұл жерде көз салып қарау, далаға шығып Күнге қарағандай қолыңды көлейгелеп күн сала қарағандай тектен тек қарау емес, әлбетте. Астрономия саласы және т.б. салалармен зерттеу арқылы көз салу. Өмір бойы зертте. Ғасырлар бойы зертте. Сен бәрібір бұл ғаламнан таңырқап өтесің. Ендеше, ей адам баласы, ізгі істегендердің қатарына қосыл. Ынсапты болып ақиқатты қабыл ет! іспетті мағыналар бар бұл аятта. Ұлы Жаратушы ынсапты болып өзіне мойынсұнғандарды дос етіп, мойынсұнбағандарды жазаға тартпақ. Егер ғайыптан Ұлы Жаратушы көрінетін болса, онда жақсы да, жаман да мойынсұнып, емтиханның сыры қалмас еді. Емтиханға талапкерлерді қабылдап, алдарына сұрақ пен жауап қойса, міне, нағыз сынақ осы дей қояр ма едіңіз сіз?

Егер Ұлы Жаратушы бұл ғұмырда көрінсе Оның нұрынан әлем паршаланып жоқ болып кетер еді. Әрі біз Оны көре қоятындай көзіміз де жоқ. Сәуле жылдамдығымен бір миллард қашықтағы жұлдыздарды біз көре аламыз ба? Ол былай тұрсын, атомдардың өзін жалаң көзбен көре алмаймыз. Олай болса, жаратылған нәрсені толық көре алмаған біз, жаратылмаған бастауы мен соңы болмаған Мәңгі Ұлы Жаратушыны біз қалай көре аламыз?

Сондықтан Құранда «Көздер Оны көрмейді. Ол көздерді көреді» (Әнғам 6103), дейді. Хазіреті Мұса: Тұр тауында Алла тағалаға: «Раббым, Сені көрейін», деді. (Аллаһ): «Мені, әсте көре алмайсың; бірақ тауға қара, сонда егер ол орнында тұра алса, сен де Мені көресің», деді. Сонда Раббы тауға шағылысып көрінген сәтте, оны быт-шыт етті. Мұса да талып түсті. Есі кіре сала: «Сен пәксің, Саған тәубе еттім, әрі мен иман еткендердің алғашқысымын», деді» (Ағраф 9143). Иә, бұл өмірде Оны көру мүмкін емес. Бірақ, Хазреті Мұсаның Аллаһтың көрінуін тілеуі, 55 оның Оған деген аса шексіз махаббатынан туындаған нәрсе. Иә, «Көздер Оны көрмейді. Ол көздерді көреді». Біздің жүргенімізді, тұрғанымызды бәрін көруде. Біз ғана көре алмаймыз. Қаф сүресінде Алла: «Біз оған (адамзатқа) күре тамырынан да жақынбыз», дейді. Яғни, Ол бізге күре тамырымыздан жақын, ал бірақ біз Одан тым қашықпыз (Салыстыруда жаңылыс болмасын), бейне бір Күн секілді. Күн бізге өте жақын. Сәулесімен бізге мейірім төгіп маңдайымыздан сипайды. Денемізді жылытады. Бірақ, біз одан әлдеқайда ұзақпыз. Әлбетте, Ұлы Жаратушыны көктің бір жерінде, деп, ойлау үлкен жаңылыс нәрсе. Оны көкте, деп, те айтуға болмайды. Өйткені, Ол көкте деген сөз; дене бітімі бар, ұзындық, өлшемі бар, мекені бар, заманы бар деген сөз. Алла ондайдан пәк.

Ондай сипат жаратылғандарға ғана тән сипат. Ұлы Жаратушының өзіне тән заты бар. Оны біз біле алмаймыз. Ол барлық жерде болумен қатар ешбір жерде жоқ та. Бұл сүннит ғалымдарының көзқарасы. Әрі Ұлы Жартушыны көзге елестету де дұрыс емес. Оны ешкім осындай болуы мүмкін, деп, елестете алмайды. Ол оның елесінің ар жағының ар жағында. Өйткені, сіз не ойлап, көз алдыңызға не елестетсеңіз де, оның бәрі жаратылған нәрселер. Тума көрге мынау қара мынау ақ десеңіз ешуақытта да дәл сол түстерді елестете алмайды. Ендеше, Ол жайлы қалай ойлай аламыз? Сондықтан Оның өзі (заты) жайлы емес, кітабына қарап сипаты жайлы ойлауымыз керек.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: