Бәдірдегі шайқас: періштелер мен шайтандардың қарсы тұруы

Бәдірдегі шайқас: періштелер мен шайтандардың қарсы тұруы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала ислам дінін қасиетті етіп, Пайғамбарымызға (ﷺ) Өз дінін таратып бастауға рұқсат береді. Бұл Меккеден Мединеге қоныс аударған соң, хижраның екінші жылы жүзеге асқан болатын. 

Мұның себебі келесіде: 

- Күндердің күнінде хазірет Хамза (р.а.) жолда келе жатқанда үш адам оның жолын бөгеп, дініне тіл тигізеді. Бұған шыдамаған Хамза қылышын суырып алып, үшеуін де өлтіріп тастайды. Мұны естіген басқа иман келтірмегендер мұсылмандармен жауласып, кек алмақшы болады. Сонда мәртебелі Пайғамбарымыз (ﷺ) мүміндерге шайқасқа дайындалуды бұйырады.

Мұсылмандардың кәпірлерге қарсы алғашқы шайқасы — Бәдір шайқасы, бұл жөнінде тәпсірлерде баяндалған.

Бәдір шайқасы

Күндердің күнінде құрайыштардың сауда керуені Меккеден Шамға жол тартады. Қайтадан қайтып келе жатқанда, Жәбірейіл (ғ.с.) бұл туралы біздің сүйікті Пайғамбарымызға (ﷺ) хабарлайды. Мұсылмандар дайындалып, керуенге қарсы шығады. Бұл хабар Меккеге де жетеді. Меккеліктер әскер жиып, мұсылмандарға қарсы тұрады.  

Әбу Жәһил Қағбаның үстіне шығып, халыққа былай жар салады: 

- Әй, Қағбаның адамдары! Әй, Меккенің тұрғындары! Босқа тұрмаңдар! Босқа тұрмаңдар! Мұхаммедтің сахабалары сендердің мүліктеріңді жаулап алды. Сендер енді өмір сүру құқықтарыңнан айырылдыңдар. 

Пайғамбарымыз (ﷺ) мұны Жәбірейілден (ғ.с.) естиді, сосын үш жүз он үш ансарлар шайқасқа аттанады. Олардың ішінде тек екі салт атты ғана болады. Жәбірейіл (ғ.с.) келіп Пайғамбарымызға (ﷺ) былай айтады:

- Уа, Мұхаммед! Алла Тағала саған таңдау береді, сен керуенге шабуыл жасайсың не болмаса әскерге қарсы шайқасасың.

Алла Елшісі (ﷺ) мұны сахабаларға жеткізеді. Сахабалардың пікірі екіге бөлінеді. Әбу Бәкір әс-Сыддық, Омар мен Али  (р.а.) әскерге қарсы шайқасуға келіседі. Ансарлардың бірі Са'д бин Муаз былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Сен не айтсаң, біз соған келісеміз. Егер теңізге түсіңдер десең, біз теңізге де түсуге бармыз. Уа, Алла Елшісі! Исраил ұлдарының Мұсаға (ғ.с.) жасағанын саған жасамаймыз, олар былай айтты емес пе:

 «Әй Мұса! Олар ол жерде тұрғанда біз оған тіпті кірмейміз. Өзің және Раббың барып соғысыңдар. Әрине біз мұнда отырамыз” деді» (5:24).

Меккеден тоғыз жүз елу адамды ертіп Әбу Жәһил келеді. Мұны көрген Алла Елшісі (ﷺ) қолдарын көкке көтеріп, дұға жасайды:

- Йа, Раббым! Егер Сен мына адамдарды құртып жіберсең, жер бетінде Саған құлшылық ететін ешкім қалмайды деп жерге иілгендігі сонша оның киімі иығынан сыпырылып, жерге түсіп қалады. Оның киімін жерден алып, иығына жапқан Әбу Бәкір (р.а.) былай айтады:

- Уа, Алла Елшісі! Сонша неге қайғырасыз? Алла сізге екеудін бірін беруге уәде етті ғой.

Осыдан кейін Алла Тағала оларға ішінде Жәбірейіл мен Микәйіл (ғ.с.) бар мың періштені жібереді. Бұл періштелер Ислам әскерінің қарасын көбейтіп көрсету үшін түсірілген болатын. Мұны көрген Әбу Жәһил:

- Йа, Раббым! Өзің қатты жақсы көретін әскерге көмектес, - деп айғай салады.

Міне, екі әскер қатар түзеп, бір-біріне қарсы қарап тұрады. Топ-топ болып шайқасқа кіріседі. Атқа мініп алған Хазірет Әли (р.а.) алға шығып, кәпірлерге:

"Мен — Алла мен Оның Елшісінің арыстанымын!" - деп саңқ етеді.

Қарсы шептен Әбу Жәһил шығады. Мұсылмандардан екі жауынгер шығып, бірден Әбу Жәһилді семсермен ұрып жығады. Ол жерге бетімен құлап түседі. Әлгі екі мұсылман Пайғамбарымызға (ﷺ) келіп, әр қайсысы оны ұрған өзі екендігін айтады. Олардың қан тамып тұрған семсерін көрген Пайғамбарымыз (ﷺ):

 «Екеулерің де ұрыпсыңдар.  Ал Әбу Жәһилдің өлі не тірі екенін бізге кім айтады?», - деп сұрайды.

Абдулла бин Масуд шайқас алаңына шығып, қан болып жатқан Әбу Жәһилді көреді. 

- Біздің қатарымызды жайратқан сендермісіңдер? - деп күбірлейді Әбу Жәһил.

- Сеніңше кім енді? - деп сұрайды Абдулла.

- Сендер емес, бізге шапқан періштелер.

- Сен өзіңді Перғауыннан күштімін деп санайсың ба? Неге біздің дінімізді қабылдағың келмейді? Мұхаммедке көмекке періштелердің келгенін көріп тұрсаң да иман келтіргің келмейді. Егер саған рақымшылық танытпасам не болады?

Бәдір шайқасында он төрт сахаба шейіт болған. Кәпірлердің жетпісінің көзі құртылады, соншасы қолға түседі.

Мукатил бин Сулейман келесіні айтқан болатын:

- Әлем жаратылғаннан бері Бәдірдегі шайқас сияқты қарама-қарсы келу болған емес, өйткені бір жағында үш жүз он үш сахаба әрі мың періштемен Алла Елшісі (ﷺ) шайқасып жатса, ал келесі жақта лағынет айтылған Шайтан мен тоғыз жүз елу имансыздар шайқасқан еді.

Сол шайқастан кейін Алла Елшісі (ﷺ) қолға түскен олжа мен тұтқындарды алып Мединеге оралады. Ол бақытты еді, өйткені Алланың мейірімі мен рақымы мұсылмандар жағында болған, ал иман келтірмегендер Алланың жазасына ұшырап, қаза тапты.

"Әнуарул-ашиқын" кітабынан.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: