Куфа қаласында Әбу Ханифамен көрші тұратын етікші жігіт болады. Тапқан табысының барлығына ішімдік алып, масайған соң түн ішінде: «Менің көмегім керек кезде қасымнан шықпағандар, енді мен қиналғанда барлығың қайда кеттіңдер?» деп әндетіп отырады екен.
Түнде құлшылық жасайтын Әбу Ханифа бұны естиді. Бір күні етікшінің даусы шықпай қалады. Оның түрмеге қамалғанын естіген Әбу Ханифа ертесіне таңертең оны босатуын сұрап басшыға барады. Етікшімен бірге сол түні қамалған өзгелер де босатылады.
Жігіт екеуі бірге қайтып келе жатып үйіне жақындағанда Әбу Ханифа одан: «Жігітім, біз сені қиын сәттеріңде жалғыз қалдырдық па?» деп сұрайды. Жігіт: «Алланың атымен ант етейін, сен мені тастамадың. Сен көршілік міндетіңді атқардың, Алла саған разы болсын» деп жауап береді.
Сол сәттен бастап етікші тәубеге келіп, Әбу Ханифаның шәкірті болады.