Иман -діннің негізі. Кей кездері түрлі себептермен иманымыздың әлсіреп қалатын кездері болады. Оны күшейту ғана бізді Жаратушымызға жақындастыра түседі. Ендеше, иманымызды күшейтудің жолдары қандай?
- Игі істер жасау.
Өзгелерге мейлінше көбірек көмектесуге, жақсылық жасауға тырысу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Иманның жетпістен астам тармақтары бар. Оның ең жоғарғы сатысы – «лә иләһа иллаллаһ», ал ең төменгі сатысы, ең кішісі – (өзгелерге кедергі келтіріп жатқан) жердегі бір нәрсені алып тастау», деген.
- Құран оқу.
«Біз Құранда мүміндер үшін шипа һәм рақым болатын аяттар түсіреміз. Алайда, ол аяттар залымдарды тек одан сайын зиянға ұшыратуда» («Исра» сүресі, 82-аят).
- Түннің үштен бірін құлшылықпен өткізу.
«Күндіз түс ауғаннан қас қарайып, түн болғанға дейін (белгілі уақыттарда) намазды кемеліне жеткізіп оқы, әсіресе, таң намазын (үзбей әрі кемеліне жеткізіп) оқы. Өйткені, таң намазына, әсіресе қиямда тұрып Құран оқылғанда періштелер келіп, куә болады» («Исра» сүресі, 78-аят).
«(Уа, Мұхаммед!): Түн ішінде тұрып Құран оқы һәм өзіңе парыз ретінде міндеттеген тәһәжжуд намазын өте. Сонда Раббыңның сені «Мақаму Махмудқа» (ең биік һәм ең ауқымды шапағат тұғыры болған Мақтаулы тұғырға) шығаратындығынан үміт ете аласың» («Исра» сүресі, 79-аят).
- Алланы зікір ету.
«Ендеше, сендер Мені әрдайым жад етіңдер (яғни, әрдайым құлшылық етіп, еске алыңдар), сонда Мен де сендерді ескеремін. Маған шүкіршілік етіңдер және әсте күпіршілік қылмаңдар (яғни, алғысы жоқ, жақсылықтың қадірін білмейтін кісінің ісін істемеңдер)» («Бақара» сүресі, 152-аят).