ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр қари Әлимұхамедұлы Жұмабаев Қордай ауданына іс-сапармен ат басын тіреді. Қасиетті жұма күні аудандық мешіт жамағатына «Арақ-бүкіл бәленің көзі» атты тақырыпта тебіренді уағыз айтып, жамағат ықыласына бөленді. Жұма намазын өткізіп, жамағатқа дұға жасады. Құлшылықтан кейін намазхандардың сұрақтарына жауап берген өкіл имам, іс-сапарын Масаншы ауылында орналасқан «Қордай» медресесінде жалғастырды. Данияр Әлимұхамедұлы медресе шәкірттерімен жеке-жеке сұқбаттасып, етене танысты. Медресе құжаттарын тексеріп, өз тарапынан ұстаздарға методикалық кеңестер берді. Сапар соңында Данияр Әлимұхамедұлы шәкірттерге «білімнің артықшылығы» турасында уағыз айтып, өзінің шәкірттік кезіндегі құран жаттаудың тиімді жолдарымен бөлісті.
аудандық «Қордай» мешітінің
баспасөз қызметі