Сіз айнаға қарағанда не істейсіз?

Сіз айнаға қарағанда не істейсіз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бірде бүкіл аң-құстардың тілін түсінетін Сүлеймен пайғамбар (а.с) өзінің әскерін жинап келе жатады. Кенет әскер құмырсқалар жүретін алқапқа жақындағанда бір аналық құмырсқа: «Ей, құмырсқалар! Илеулеріңе кіріңдер. Сүлеймен мен оның әскері сендерді байқамай таптап кетпесін», - дейді. («Нәмл» сүресі, 18-аят). Жанындағылардың ешқайсысы байқамаса да, ерекше қабілет берілген Сүлеймен пайғамбар құмырсқаның бұл сөздерін естіп, күліп жібереді. Және сол кезде өзінің бойындағы артықшылығы үшін өзін басқалардан артық, зор санап, масаттанбайды. Әйтпесе, «мен жалғыз өзім ғана құмырсқалардың даусын естіп, түсініп тұрмын!» деп мақтанса, мұнысы өтірік болмас еді ғой? Алайда, ол мұның барлығы Алланың өзіне берген кеңшілігі мен сыйы екенін мойындап, бірден: «Раббым, Сенің маған және ата-анама берген игілігің үшін шүкір етуімді әрі Өзің разы болатын ізгі амалдар істеуімді нәсіп ет. Әрі мені Өз мейіріміңмен ізгі құлдарыңның арасына кіргіз», - деп дұға жасайды. («Нәмл» сүресі, 19-аят)


Міне, осы екі аят - бізге үлкен ғибрат. Біз бұны не үшін айтып отырмыз? Біз көбінесе айнаға өзіміздің түрімізді дұрыстау үшін, киімімізді ретке келтіру үшін қараймыз және көбінесе өз-өзімізге сүйсініп, сұқтанамыз. Дұрыс, Алла осындай нығмет беріп тұрғанда неге сүйсінбеске? Алайда, біз бір нәрсені ұмытып кетеді екенбіз ғой.

Алла – Мусаууир. Бейне беруші, Суреттеуші. Алла Құранда:
«Ей, адам баласы! Әл-Кәрим /аса Жомарт/ Раббың жайлы сені не алдады? Ол сені жаратты, дене мүшелеріңді үйлесімді етіп теңестірді және тұла бойыңды түзулеп, Өзі қалаған бейнеде құрастырды», - дейді. («Инфитар» сүресі, 6-8 аяттар)

Ендеше, айнаға қараған кезде бұл нығметті беріп тұрған Жаратушымызды да еске алып:

«Алләһуммә әхсәнтә холқии фә әхсин хулуқии»

«Иә, Раббым! Жаратылысымды көркем еткеніңдей, мінез-құлқымды да дұрыстай гөр!» - деп дұға жасауды ұмытпайық!



(Ахмад 24392, әбу Яълә 5075, Таялиси 372)

аsylarna

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: