Алла Тағала күллі адамзат баласы өз болмысына сай мұқтаждарын қанағаттандырып, лайықты түрде тіршілік етуі үшін Қасиетті Құранды түсіріп, шариғат заңдарын орнатты. Шариғаттың кез-келген ұйғарымдары міндетті түрде орындалуына қарамастан, әлдебір жеңілдіктер бар. Бұл жөнінде Алла Тағала былай деп айтқан:
«...Өйткені, Алла, сендерге ауыршылық қаламайды. Бірақ, сендерді тазартуды сондай-ақ шүкірлік етулерің үшін сендерге нығметтерін тамамдауды қалайды» (5:6).
Ал басқа бір аятта былай келтірілген: «...Сендерді Ол таңдады. Сендерге дінде қиындық қылған емес...» (22:78).
Алла Елшісі (ﷺ) Алла Тағаланың айтқандарын өзінің көркем өнеге, үлгісімен іс жүзінде көрсете білді. Тақуалардың анасы Айша анамыз (р.а.) былай айтқан: «Алла Елшісіне (ﷺ) екеудің біреуін таңдау керек болғанда, ол міндетті түрде жеңілін таңдайтын, егер күнә болмаса» (Бұхари).
Алла Елшісі (ﷺ) Әбу Мұса мен Мұғаз бин Жабалды (р.а.) Йеменге жіберерде: «Жеңілдетіңдер де қиындатпаңдар. Қуантыңдар да бездірмеңдер!», - деп бұйырған (Бұхари).
Қай кездерде шариғат бойынша жеңілдіктер рұқсат етіледі?
Шариғатта Ислам қағидаларына қатысты жеңілдіктер қарастырылған алты кез бар. Олар: сырқат, сапар, ұмытшақтық, мәжбүрлеу, білместік және еңсеретіндей мүмкіндік жоқ жағдайлар (форс-мажор).
Бұл кездер шариғатта «рұқсат» дегенді білдіреді. Ал мағынасы қарама қайшы «азима» сөзі «табандылық» немесе «бастапқы шешімге сай әрекет ету» дегенді білдіреді.
Шариғат жеңілдіктерінің бірнеше деңгейі бар, өйткені ерекшеліктер бірдей емес:
1. Шариғат жеңілдігін қолдану мүміннің өз қалауына қалдырылатын кез. Мысалы, сапар кезінде ораза ұстауды тоқтату немесе тоқтатпау.
2. Шариғат жеңілдігін таңдау қолайлы кез. Мысалы, сапарда намазды қысқартып оқу. Алла Елшісі (ﷺ) сапар кезінде намаздарын қысқартып оқыған.
3. Шариғат жеңілдігін қолдану орынсыз болған кез. Мысалы, Алла Тағалаға және Оның Елшісіне (ﷺ) қатысты мәжбүрлі түрде айтылған балағат, жағымсыз сөздер.
4. Шариғат жеңілдігін таңдау қажет болған кез. Мысалы, шөлден өлім қаупі туындаған кезде басқа сусын немесе сұйықтық болмағанда алкогольді ішімдік ішу.
Шариғат ұйғарымдарына қатысты жеңілдіктердің қолданылу үлгілері.
Бұл бес күндік фәни тірлікте адам баласы түрлі қиындықтарға кездесіп, бірақ Алла Тағаланың мейірімі мен даналығына үміт артып жатады. Сырқатқа шалдыққан адамның жағдайы осындай. Алла Елшісі (ﷺ) сырқат кезінде сабырлық танытқан жан Алладан сый алады деп бірнеше мәрте айтқан болатын: «Мұсылман баласының басына түскен шаршау, сырқат, үрей, уайым, келеңсіздік, қайғы немесе тіпті денесіне кірген тікенек үшін де Алла Тағала оның күнәсын кешіреді» (Бухари).
Сырқат кезінде адам баласының шариғат қағидаларын ұстануына кедергі келтіретін әлсіздікті ескере отырып, біздің асыл дініміз Ислам сырқат адамдарды нақты бір міндеттерден босатады. Төменде осы жеңілдіктердің бірнешеуін келтіреміз:
Сырқат адамдарға қатысты жеңілдіктер:
- Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Намазды тұрып оқы, тұрып оқи алмасаң, отырып оқы, отырып оқи алмасаң, бір қырыңмен жатып оқы» (Бұхари).
Бұл хадистен көріп отырғанымыздай мұсылман баласы намазды тұрып оқуы тиіс. Алайда денсаулығына байланысты тұрып оқу мүмкін болмаса, онда отырып немесе жатып оқуға рұқсат етілген.
- Исламда ер адамдарға жібектен киім киюге рұқсат етілмегендігі белгілі, алайда Алла Елшісі (ﷺ) Зубайр мен Абдуррахман бин Ауфке (р.а.) жібектен киім киюге рұқсат еткен, өйткені тері ауруына ұшырауына себепті олар денелеріне жібектен басқа матадан тігілген киім кие алмаған.
Жолаушыларға қатысты жеңілдіктер:
Сапар, саяхат – кез-келген адамның өмірінде орын алатын құбылыс. Көптеген адамдар қажылық, умра, бизнес себепті немесе туған-туыстарына бару кезінде ұзақ уақыттарын сапарда өткізеді.
Алла Елшісі (ﷺ) сапардың қиыншылықтарына қатысты келесіні айтқан: «Сапар бейнеттің бір түрі болып табылады, өйткені сапардағы адам лайықты түрде ас-су ішу мен дұрыс ұйықтау мүмкіндігінен айырылады, сол себепті мақсатына жеткен адам өз отбасына оралуға асықсын» (Бұхари).
- Сапардағы адамға жұма намазына қатыспауға рұқсат етілген. Оның орнына ол бесін намазын оқи алады.
- Сапарда жүрген жолаушыға мәсісіне немесе су өтпейтін теріден тігілген шұлыққа 3 күн бойына мәсіх тартуына рұқсат етілген, ал жайшылықта мәсіге мәсіх тарту 1 күнге ғана рұқсат етіледі.
Пайғамбармыз (ﷺ) сапарда жүргенде теріден тігілген шұлығына 3 күн, 3 түн мәсіх тарса, ал үйінде болғанда тек 1 тәулік қана мәсіх тартқан. (Мүслим, ан-Насаи, ибн Мажа, Ахмад).
Ұмытшақтыққа қатысты жеңілдіктер:
Адамзат баласы табиғатынан кемшіліктерге толы. Қалыптасқан пікірлердің бірі бойынша, «адам» (инсан) араб тілінде «ұмытшақтық» (нисьян) деген сөзден шықан. Біздің асыл дініміз осы құбылысты ескере отырып, ұмытшақтыққа қатысты жеңілдіктерді қарастырып қойған.
Алла Елшісі (ﷺ) былай айтқан: «Асылында, Алла Тағала үмбетімнің қателік және ұмытшақтықпен жасағандарын, сондай-ақ, оларды мәжбүрлеп жасатқандарын мен үшін кешіретін болады» (Ибн Маджа, Байхаки).
Сондай-ақ, ол былай да айтқан: «Егер кімде-кім ұмытып, намазын қаза етіп алса, есіне түскен кезде қазасын бірден өтесін» (Мәлик).
Мәжбүрлеуге қатысты жеңілдіктер:
Ислам діні адам баласына теңдессіз таңдау еркіндігін берген, тіпті дінді таңдауға да қатысты. Бұл жөнінде Алла Тағала былай айтқан:
«Дінде зорлау жоқ...» (2:256).
Өкінішке орай, адамдардың басым көпшілігі бір-біріне қатысты күш көрсетіп, жәбірленушінің еркіне қарсы оның қолындағысын тартып алып жатады. Мұндай жағдайларға ұшыраған адамдардың еркі мен еркін таңдауының болмауын ескере отырып, Ислам діні мәжбүр болған адамның әрекеттеріне сәйкес шешімдерді жеңілдеткен.
Аммар бин Ясир (р.а.) есімді сахабаның басынан өткерген оқиғасы белгілі. Ол Пайғамбарымызбен (ﷺ) бірге өз діні туралы ашық айтқандардың бірі болған. Сол үшін оны меккелік пұтқа табынушылар азаптап, өз пұттарын мақтауға мәжбүрлеп отырған.
Аммардан Пайғамбарымыз (ﷺ): «Сені мазалап жүрген не?»- деп сұрағанда Аммар: «Уа, Алла Елшісі, қасірет! Алламен ант етемін, сенен бас тартпайынша әрі олардың құдайларын мақтамайынша, олардың мені жайыма қалдыратын түрлері жоқ», - деп жауап береді.
Пайғамбарымыз (ﷺ): «Жүрегің не айтады?» - деп сұрайды. Аммар: «Жүрегім иманға толы», - деп жауап береді. Сонда Пайғамбарымыз (ﷺ): «Егер олар сені қорлауын жалғастыратын болса, олардың айтқанын істеуіңе болады», - деп айтады.
Осы оқиғаға қатысты келесі бір аят түсірілген: «Жүрегі иманнан орныққаннан кейін зорлық көрген біреуден басқа біреу; иман келтіргеннен кейін Аллаға қарсы келсе, сондай-ақ біреу көңілін имансыздыққа берсе, оған Алланың ашуы және оларға зор азап бар» (16:106).
Білместікке қатысты жеңілдіктер:
Егер иман келтіргендердің біреуі білім жеткіліксіздігі себепті тыйым салынған амалдарды жасайтын болса, онда оның бұл күнәсі кешіріледі. Алайда, шүбәсіз, әрбір мұсылман баласы ең кем деген ислам іліміне ие болуы тиіс, сонымен қатар, Исламдағы халал мен харамға қатысты ілімдерді де білуі керек.
Дегенмен, мүміннің жас шамасына, дінді жаңа қабылдауына қарап, сондай-ақ, сенімді ислам ілімдері қолжетімді емес аймақтарда өмір сүруіне байланысты жеңілдіктер қарастырылған.
Еңсеретіндей мүмкіндік жоқ жағдайларға (форс-мажор) қатысты шариғат жеңілдіктері.
Бір әйел Үмм Саламаға (р.а.) келіп: «Менің киімімнің етегі жерге тиіп жүреді, тіпті жуынды-шайынды бар жерлерге де тиеді. Енді не істесем болады?» - деп сұрайды. Сонда Умм Салама (р.а.) Алла Елшісінің (ﷺ) былай айтқанын келтірген екен: «Оның киімін, сол жердің өзі тазалайды (яғни, жуынды-шайындыға былғанған киімнің етегі таза жермен тазаланады)» (Әбу Дәуд).
Сахабалардың айтуынша, кейде мешітке иттер кіріп кететін, ал олардан кейін мешіт тазартылмайтын. Бұл жерде мешіт еденінің жер, топырақ болғанын ескерген жөн, ал мешітке итті кіргізбеу мүмкін болмаған.
Исламдағы аталмыш жеңілдіктер дініміздің сұлулығын, қолайлығын әрі қай заман, қай жерде болмасын адамдардың қажеттілігін қанағаттандыра алатын қасиетке ие екендігін паш етеді.
asyldin.kz