Білім ізденушіге қажет 11 кеңес

Білім ізденушіге қажет 11 кеңес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім – пайғамбарлардың мұрасы әрі баға жетпес игілік. Білім – жүректің өмірі, көздің нұры, рухтың шипасы, жанның рақаты. Білім – сөздерді, істерді, оқиғаларды өлшеуге болатын таразы. Білім арқылы адам Алланы таниды, құлшылығын бір Құдайға арнайды, Оны мадақтайды. Білімнің себебімен тура жол табылады. Білімнің көмегімен тыйым салынған мен рұқсат етілгенді анықтауға болады. Алла разы болатын немесе Алланы қаһарландыратын істер танылады. Діттеген мақсатқа оңай әрі дұрыс жетудің жолы көрсетіледі.

Білім іздену – парыз әрі құлшылық. Білу – Алладан қорқу. Білгеніңді үйрету – садақа, қайталау – тәсбих. Білімді болғаныңыз – Алладан қорыққаныңыз, махаббаттың артқаны. Білім су мен тамақтан да артық. Имам Ахмад бір сөзінде: «Адам тамақты күніне 1-2 мезгіл ғана қажет етеді, ал білім әрбір алған тынысыңда қажет», - деген екен. Жер жаңбырға қандай мұқтаж болса, адам да дәл солай білімге мұқтаж. Білім – адамның құлағы естіген, аузы айтқан ең жақсы сөз. Білім – ең жақсы мақсат, ал сол мақсатқа ұмтылушы жер бетін басқан адамдардың ардақтысы. Тіпті, ғұламалар  пайғамбарлықтан кейін ең құрметті амал – білім талап ету деген екен. Білім арқылы Алла адамның дәрежесін көтереді. Тарихта білімді құлдың ауқатты патшадан да артық биік дәрежеге көтерілгені туралы мәліметтер көптеп кездеседі. Жаратушы Құранда білім иелерін мақтайды. Білім – Жәннатқа жолды жеңілдетуші. Алла игілік қалаған адамынаИслам туралы түсінікті береді. Білімін Алла жолында сарп ететін адамға қызғанышпен қарауға болады. Періштелер білім жолына түскен адамға қанатын жаяды, көктер мен жердегілер ол үшін дұға жасайды. Білім – қараңғыдағы нұр. Білім иесі – түнгі уақыттағы айдың барлық жарықтан артық тұратыны секілді, басқа адамдардан соншалықты ерекшеленеді.

«Білім талап ету – әрбір мұсылманға парыз» (Ибн Мәжәһ). Бұл хадис қоғам талабына сай зайырлы білімді де қамтиды. Және шариғи ғылым – зайырлы ғылымдардан қиын емес әрі жоғары тұрады, әрбір адамнан талап етіледі. Себебі, Ислам – жаратылысын бәрінен артық білетін Жаратушының діні, адамға дұрыс өмір сүруді үйрететін тұтас жүйе.

Білім екіге бөлінеді:

Біріншісі – зәру болған білім;

Екіншісі – қосымша білім.

Яғни, зәру болған білім – ол әркімге міндет. Намаздың қалай оқылуы, дәреттің алынуы, ораза ұстау, садақа беру, отбасын құру әдептерін білу әркімге керек. Ал қосымша білім нәпіл ғибадаттар секілді әркімнен талап етілмейтін ғылым саналады,

Білім! Білім! Тағы да білім! Әрбіріміз ұмтылатын үлкен мұрат! Ендігі мәселе – қалай ұмтыламыз, қандай әдістерді пайдаланамыз, кім арқылы іздейміз деген сауалдарға жауап таба білу. Ендеше, бүгін өз парқымызша кеңестер ұсынып көрейік.

1.     Ықылас. Білімді бір Алланың разылығы үшін алу. Ісің, сөзің  таза болу керек. Сыйыңды Алладан ғана алуға ниеттен. Себебі, сен Ол түсірген дінді түсінуге талпынасың. Білімге ұмтылу –  бізді бақытты ететін шариғи жолды түсіну, Құдай сүйетін құлға айналуға тырысу. Алла разылығы – сенің ұмтыластарың мен ізденістеріңнің мақсаты. Амалың ықыласты болған сайын құлшылығың да кемелдене түседі. Дінді дұрыс түсіну – Алланың құлының жүрегіне салған нұры. Осы арқылы дұрыс пен бұрысты, өтірік пен ақиқатты ажырата аласың. Сауапқа кенелесің. Адамдардың пікірі, достарыңның келекесі сені тоқтатпасын. Себебі, сен мұны олар үшін жасамайсың.

2.     Өзгеге пайда келтіру. Өзіңнің бойыңдағы және өзгенің бойындағы надандық пен білімсіздікті жеңу мақсатында білім алу – бұл да Алла үшін. Хадисте: «Алла Тағалаға ең сүйікті адамдар – өзгеге пайдалы болғандар» делінген. Әрі бір адамның жақсылық жасауына себепкер болған адам, тура сол жасаған адам секілді сауап алады. Екінші жағынан, барлық игілік  өзіңді түзеуден басталады емес пе? Алған біліміңді өзіңе және өзгенің қамына жұмсауға тырыс.

3.     Сабыр. Сабыр – білім іздену жолындағы ең маңызды, ең қажетті қасиет. Сабыр – Исламның басы, ал басы жоқ тәнді елестету мүмкін емес. Және бұл мақсат бізден жігерлілікті, табандылықты талап етеді. Әбу Юсуф бір сөзінде: «Сен өзіңді оған арнамайынша, білім өзінің бір бөлігін де бермейді» деген. Ізденіс жолындағы қиындықтар мен кедергілерге төзімділік танытумен ғана шыңға шыға аласың. Сондай-ақ, ғұламалар білім алу үшін керек мына алты нәрсені көрсетеді: зеректік (қырағылық), талпыныс (ынта), тырысу(ыждағат), жеткіліктілік, ұстазбен қарым-қатынас және ұзақ уақыт. Осы қажеттіліктерді түгендеумен болыңыз.

4.     Тәртіп. Білім – теңіз, ал оны бірден жүзіп өтемін деген адам батады. Асылында, көп тамшы бір теңізді құрайды. Сондықтан да негізгі ұран – «аз, бірақ үнемі» болуы керек. Бүгін – мынадай мөлшер, ертең де дәл осындай мөлшер. Білім – кезең, деңгей, асу, өткелден тұрады. Абдулла ибн Мубарак: «Білім мынадай артықшылықтарды қамтиды деген: ниет, тыңдай білу,  түсіну, жаттау, амал жасау, тарату». Осы кезеңдердің де бұзылмауын қадағалаңыз.

5.     Алланы тану. Сонымен неден бастаймыз? Кез келген ақыл иесіне ең бірінші парыз болған құлшылық – Алланы тану. Бұл үрдіс еңбектеген сәттен еңкейген шаққа дейін жалғасады. Ғұмыр бойы... Ғалымдар жер бетінде Алланы танудан артық ләззат жоқ деген екен. Неліктен? Себебі, Құдайын танымаған адам дұрыс әрі ықыласпен құлшылық жасай алмайды. Адам өзі танымайтын нәрседен қорқуы, қажетін сұрауы мүмкін бе? Сіз анаңыз бен әкеңізді, жарыңызды жақсы көресіз, өйткені, жақсы танисыз. Ақиқатында, Құдайды жақсы көру, қорқу, үміттену де – Оны танумен келетін қасиеттер. Алланы тану – мәңгілік рахаттардың бесігі болған Жәннаттың есігін ашу. Раббысын танымаған адам – Өзін де тани алмайды. Өзіне ненің зиян, ненің пайда екендігін біле алмайды. Алланың 99 көркем есімін түгендеу, Құранға, Құдайдың жаратылыстарына ой жүгірту – сенің алғашқы баспалдағың.

6.     Құран. Негіздердің негізі, білімдердің қайнары – Құран. Құран – діннің Иесі Алланың сөзі.  Білімді Құраннан бастау – шыншылдықтың көрінісі.  Құран – жүректердің емі, көркем мінезді кемелдендіруші. Әрбір аят – адамды тәрбиелейді, рухын сусындандырады. Құран оқыған адамды Алла қорғайды, адасудан сақтайды. Өзіңіз күнделікті намазда оқитын сүрелердің тарихын, мағынасын, оған байланысты хадистерді, сахабалардың түсіндірмелерін білу – сіз үшін үлкен жеңіс. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмір тарихымен таныссаңыз, Құранның түсу кезеңдерін меңгеру оңайға түседі. Және Құранға байланысты жеңіл тәпсірлерді оқуға көңіл бөліңіз.

7.     Хадис. Қысқа-нұсқа хадистерді жатқа білу. Хадис – даналықтың бұлағы, өмірдің әрбір сәтіне нұсқау. Алдымен Науауидың қырық хадисін бағындырып, содан кейін Бұхаридың, Муслимнің жинақтарына ден қойыңыз.

8.     Әр ғылымнан белгілі бір үлес алу. Олардың  шыққан уақытын, тарихын, ғалымдарын білу.  Мәселен, фиқһ, сира, хадис, араб тілі,  тәпсір ғылымдарынан аз да болса білім алуға тырысу. Негізінен, біздің ең бірінші түзеуге талпынатынымыз – парыз амалдар. Себебі, Алла Тағала:  «Менің құлым оған бұйырған парыз ғибадаттарымнан артық нәрсемен жақындай алмайды. Құлым нәпіл намаздармен Маған жақындыққа ие болады, ақыры соңында, Мен оны жақсы көремін» деген. (Муслим). Намаздың әрбір қимылының даналығын, дәлелін білу, дәрет алудың өзін кемелдендіру – бәрі де біліммен келетін нәрсе. Арамызда намаз оқығанына 5-6 жыл болған бауырларымыз бар. Алайда, бастапқы бір деңгейде қалып қойғандығы соншалықты, қосқан сүресі, құлшылығы байқалмай жатады. Ал ғұламалар: "Дінде ілгерілемей бір күні екінші күніне ұқсап жүрген мұсылман ұтылып жатыр" деген екен. Адамның қызметте өскені секілді уақыт өткен сайын құлшылықта да өскені абзал.

9.     Ұстаз. Әр адамда бір ұстаз болуы керек. Дана Абай: «...Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген  кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады» дейді. (Абай, 19-қара сөз). Құнанбайдың баласы: «Шәкіртсіз ғалым – тұл» деу арқылы ұстаздық пен шәкірт ұғымын бірінің екіншісіне үйретуі, екіншісінің үйреткенді ынта қойып, біліп алатын, яғни ғалымның іліміне ие болатын мұрагер ғана емес, ілгері жалғастырып, дамытушы ретінде анықтаған. Сондықтан да өзіңізден білімі жоғары адамды ұстаз тұтуға асығыңыз. Оның жеткен биігіне дейін ұмтылыңыз! Иә, шариғатымыз кітап, түрлі дисктер, ғаламтор арқылы білім ізденуден тыймайды. Бірақ, «Кім өзіне кітапты ұстаз тұтса, адасты» деген дана сөз бар емес пе? Сізге кітапты түсіндіретін білім иесі міндетті түрде керек. Адам құлшылықта өзінен жоғарыларға қарап өседі.

10.  Білімге амал жасау. Имам Шафиғи: «Білім – жатталған нәрсе емес, білім – пайдасын әкелген нәрсе» дейді. Яғни, бұл – бізді өзгертпеген, харамнан тыймаған білімнен пайда жоқ деген сөз. Сондықтан, аз білімге көп амал жасауды әдетке айналдыр дегіміз келеді. Мәселен, бір ғана дүйсенбі және бейсенбі күндері ұсталатын нәпіл оразаларды алайықшы. Иә, аптасына екі күн оразаны әркім-ақ ұстай алады, бірақ, оны кемелдендіріп, яғни, жүрекпен, оймен ораза ұстау, тілді, көзді тыю – әркімнің қолынан келмейді. Білесіз бе, Алла қаласа, сізді таудай амал емес, дұрыс әрі ықыласпен жасалған амал, жарты құрма садақа Жәннатқа кіргізуі мүмкін ғой...

11.  Дұға. Шынында, кез келген адамды біліммен сусындандырушы – бір Алла. «Ал, олар Оның  білімінен, Ол Өзі қалағанынан басқа ешнәрсені біле алмайды» («Бақара» сүресі, 255-аят). Раббымыз бізге: «Раббым! Менің білімімді арттыр!» деп дұға жасауды да үйретті. («Та һа» сүресі, 114-аят). Ал Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайдасыз білімнен Алладан пана сұрайтын. Яғни, біз әрбір намазда, әрбір дұға қабыл болатын сәтте Алла Тағаладан бұл дүние мен Ақыретке пайдалы білімді сұрауымыз қажет екен.

Алла Тағала біз бен сізге пайдалы білім мен сол білімге дұрыс амал жасауды нәсіп етсін!

 

asylarna.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: