«Жағдайымды жасап алайын, содан кейін үйленермін...»

«Жағдайымды жасап алайын, содан кейін үйленермін...»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазақта «Жалғыз ағаш үй болмас, жалғыз адам би болмас» деген әдемі сөз бар. Иә, саяқ жүргеннің жанында үнемі таяқ жүретінін бүгінгі жас толқын білмейді емес, біледі. Алайда, соңғы кезде тұрмысқа шықпай не үйлене алмай жүргендердің қарасының көбейіп кеткені де жасырын емес. Неге? 

Жасыратыны жоқ, жастардың үй болып, шаңырақ көтеруіне кедергі келтіретін негізгі себептердің бірі – баспана мен көлік мәселесі. Былайша айтқанда, жағдайымды реттеп, бизнесімді жүргізіп алайын деген ниет. Оның үстіне, соңғы кездегі той шығынының шектен тыс көбейіп кетуі де отау құрып, үйлі болуға кедергі келтіретін негізгі себептердің біріне айналып отыр. Қалың малдың ақшасы, кит, қыздың жасауы, киімінің ақшасы, той жасау, той жасағанда да, елдің тойынан ерекше, есте қалатындай етіп өткізу. Міне, осы сынды мәселелер, кедейліктен қорқу, отбасын асырай алмай қалам ба деген үрей – осының бәрі жинала келе үйлену деген маңызды істі кейінге қалдыруға себеп болады. Бірақ бұл дұрыс па? 
Материалдық жағдайды үйленудің негізгі нысанына айналдыру қаншалықты орынды? 

Белгілі сахаба Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын): 
«Мені некенің жеткіліктілігіне үміттенбейтін адам таңғалдырады. Алла Тағала: «Әрі араларыңдағы некеге тұрмағандарды және құлдарың мен күндеріңнің түзулерін үйлендіріңдер. Егер олар кедей болса, Алла оларды Өз кеңшілігімен байытады. Алла – мейірімді Кең, бәрін Білуші» деп айтты емес пе?» («Нұр» сүресі, 32-аят) – деген екен. 
Иә, негізі некеге тұру арқылы адамның тұрмысына береке кіріп, өмірінде үйлесімділік орнайды. 
Сондықтан да Пайғамбарымыз  (ﷺ): «Әйелдерге үйленіңдер, ақиқатында, олар сендерге мүліктерімен келеді», - деген. (Баззар, Хаким)

Имам Қуртуби (оған Алланың рақымы болсын): «Әйелдің немесе еркектің кедейлігіне байланысты үйленуді кейінге қалдырмаңыздар, егер олар кедей болса Алла өз ризығымен байытады. Бұл уәде – Алла разылығы үшін үйленгісі келетіндер мен оның тыйымдарынан бас тартатындар үшін», - деген. 

Келесі бір ислам ғұламалары: «Құдіретті Алла некенің кедейліктен арылтатын жол екендігін хабарлады» немесе «Алла Тағала некеге отырғандарды Өз рақымымен асырайтындығына уәде береді. Мұсылман үйлену немесе отбасын кеңейту материалдық жағдайды нашарлатады деп жансақ ойламауы тиіс. Өйткені, Алла Тағала шаңырақ көтеруге шақырып, қажеттіліктер мен кедейліктен арылтатындығына уәде берді. Оның көркем есімдерінің бірі – Кең және Білуші. Оның рақымы мен ізгілігінде шек жоқ. Ол кімге рухани және материалдық байлық керек екенін жақсы біледі. Және әрбірін Өзінің білімімен және даналығымен қамтамасыз етеді», - деген. 

Сөзсіз, Алла разылығы үшін үйленген жігітке әйелінің және бала-шағасының ризығы жетеді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Орталарындағы әлсіздердің арқасында сендерге көмек көрсетіліп, қажеттіліктерің берілмей ме?» деген екен (Бұхари). 
Демек, үйлену – мал-дүниеге береке әкеледі. Еркек жанұямды бағамын деп әрекет жасап, жұмыс істеп, Аллаға тәуекел ете білсе, оның ісін Алла Өзі реттеп, мал-дүниесін молайтады. Тапқаны аз болса да, мәні мен сәнін арттырады, рақатын көруді нәсіп етеді!

asylarna

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: