Балаға кішкентай кезінен-ақ өз табиғатына, жынысына сай тәрбие беру керек.
Мәселен, қыз бала үйде үй құрастырып, тамақ істеп, қуыршақпен ойнағаны жақсы. Қыз баланы тамақ пісіру, киім тігу, тоқыма өнері секілді үйірмелерге қатыстыру керек. Оны күрес, таэквандо секілді курстарға беру, ұлға ұқсатып киіндіру, төбелестіру - қызға тән қылықтарына кері әсер етіп, нәзіктік қасиетін жоғалтады.
Ал ұл атқа мініп, суда жүзу, далада секіріп, доп тебу, анда-санда үйдегі қоқысты шығарып, су тасу деген секілді істерді атқарғаны дұрыс.
Ұлдың шашын қыздың шашына ұқсатып өсірмеу керек. Оны өз ойын еркін айта білетін, көпшілік алдында сөзін қысылмай жеткізе алатын сенімді, батыл етіп өсірудің маңызы зор. Ұл баланы кішкентай кезінен-ақ өзгелердің ойыншығына таласқыш, біреу ұрса үйіне айтып келетін жылауық, жасқаншақ етіп өсірмеу керек. Оған жауапкершілік жүктеп, үйдің кейбір жұмыстарын сеніп тапсыру керек. Мектепте қарындасына, әпкесіне қарайлап жүруін, қарындасының сөмкесін көтерісуін жүктеу керек.
Ал қыз бала ағасының не бауырының іздеген заттарын тауып беріп, шашылып жатқан киімдерін бүктеп, жинап жүруді әдетіне айналдырғаны абзал.
Міне, осы арқылы олар болашақтағы өз орнын айқындап, өз табиғатына сай үйлесімділікпен ер жетіп, бой түзейтін болады.
asylarna