«Жаралы жүректің» дауасы...

«Жаралы жүректің» дауасы...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала жаратқан пенденің еншісіне берілген кейбір сынақтар кезінде оның мал-мүлкі, байлығы қуанта алмайтын, адамдар көмек көрсете алмайтын кездер болып тұрады. Сондай кезде адамға оны Жаратушымен байланыстыратын бір жоғары, рухани дүние қажет болады. Бұл байланыс өмір ауыртпалықтарында құтқарушы шеңбер болса, ал қуанышты күндерде береке көзіне айналады. Осы байланысты қалай нығайтуға болады? Жаратушымыздың бізге арнаған қолдау сөздерін қалайша «естуімізге» болады? Бұл Алла Тағаланың «Сендерге Раббыларың тарапынан бір үгіт, жүректегілерге бір шипа, сенушілер үшін тура жол және рахмет (түрінде Құран) келді» (10:57) деп айтылған аяты бар Кітабы  арқылы жүзеге асады. Қасиетті Құранда бұл жөнінде айтылған бірнеше аяттар бар:

«...Сондай-ақ Пайғамбар және онымен бірге иман келтіргендер: «Бізге Алланың жәрдемі қашан болар екен?»,- дегенге дейін (қиыншылықта) тербетілді. Естеріңде болсын. Негізінен Алланың жәрдемі жақын» (2:214).

Бұл өткен ұрпақтарға берілген сынақтар – қайыршылық, аурулар, шығындар, азаптар және т.б. жайында. Қиыншылықтардың қиын болғандығы сондай олар Алла Тағала тарапынан келетін көмектен үміттерін үзе бастағанда оларға Алланың көмегі расында жақын деген аят түседі:

«Негізінде ауырлықпен бірге бір жеңілдік бар. Шын мәнінде қиыншылықпен бірге бір оңайлық бар» (94:5-6).

Осы аятқа қатысты хадисте былай айтылған: «Асылында, бір ауыртпалық екі жеңілдікті баса алмайды (ибн Жарир). Тәпсір берушілердің айтуынша, әрбір ауыртпалықтың орнына екі жеңілдік келеді, сол себепті ауыртпашылықтар екі жеңілдікті еңсере алмайды. Бұл «әрбір ауыртпалық пен қиыншылық жеңілдікке ұласады деген қайырлы уахи».

* «...Бір жек көрген нәрселеріңнің сендер үшін қайырлы болуы мүмкін. Және жақсы көрген нәрселеріңнің сендерге жаман болуы да мүмкін. Алла (Т.) біледі, сендер білмейсіңдер» (2:216).

Кез-келген сынақ пенде тарапынан жағымсыз қарсы алынғанына қарамастан, ол ақыр соңында құндылығы жағынан шығынға төтеп берер сабақ бола алады. Біреу үшін бұл жүректің жұмсарып, мейірімді болуы, ал енді біреу үшін шығыннан да пайдалы болып келетін даналық сабағы болып табылады.

Бұл дегеніміз сынаққа ұшырамайтын пенде болмайды дегенді білдіреді, бірақ кез-келген сынақтың түбінде пенде біліп болмайтын қазына жатуы мүмкін. Ал енді кейбір сынақтарды бастан өткеру арқылы біз әлдебір жақсы қасиеттерге ие болып жататынымыз рас. 

 "(Мұхаммед Ғ.С.) егер құлдарым, Мен туралы сенен сұраса: «Өте жақынмын, қашан Менен тілесе, тілеушінің тілегін қабыл етемін. Ендеше олар да әмірімді қабыл етсін. Және Маған сенсін. Әрине тура жол тапқан болар еді" (2:186).

Алла Тағалаға жақын болу – бұл мүмін үшін қайғыны басып, жүректі жұмсартып, ашуды ауыздықтайтын ең қуанышты хабар. Бұл мейірімділік, жылулық пен қамқорлықты көзбен көрмей, жүрекпен сезіну, Алла Тағала жүректі қамқорлықпен баурап қана қоймайды, сонымен қатар, Одан жалбарынып сұрайтындарға жауап та береді. Тез арада болмасын, адам ойлағандай қалыпта болмаса да – ең жақсыларға жауап береді. Тек уақыт пен сабырлық қажет... Осы қасиеттерге ие жандар туралы Қасиетті Құранда былай айтылған:

 «Сабыр еткендіктерің үшін, Алланың есендігі сендерге болсын! Соңғы жұрт нендей жақсы” (дейді)» (13:24).

Бұл сөздер Жұмақ мекендеушілерінің бұл дүние сынақтарына сабырмен, шыдамдылықпен төзе білгендері үшін айтылады. Сабырлық сөзінің терең мағынасында қажет кезде өзін-өзі ұстап сабырлық таныту ғана емес, сондай-ақ, қажет кезде табандылық танытып, шешім қабылдауға әрекет ету жатыр.

Бойұсыну мен батылдық – нәтижесінде фәни дүние жеңісі мен мәңгілік бақытқа жеткізетін «сабырдың» екі қанаты болып табылады. Құранда сабыр, сабырлық танытушылар және олардың мәңгілік дүниеде қол жеткізетін сыйлары жөнінде аз айтылмаған.

 

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: