Әрбір мұсылманның Алланың махаббатына бөленуі пайғамбарымызға (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) еруімен жүзеге асады. Бұған Алла Тағаланың Құрандағы мына аяты дәлел болады: «(Мұхаммед с.ғ.с) оларға: «Егер Алланы сүйсеңдер, онда маған еріңдер. Алла сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді. Өйткені, Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді», де» («Әли Ғымран», 31). Бұл мәртебеге лайықты өмір сүруіміз үшін бізге өрнек бола білген Алла елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ылғи жасайтын құлшылықтарының бірі тәһәжжуд намазы (түнгі намаз) үлкен септігін тигізеді. Түнде тұрып, Алла үшін құлшылық етудің абзалдығы орасан зор.
Түннің бір бөлігін ғибадатпен өткізетін пендені Алла мен Оның Елшісі (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мақтаныш еткен. Тіпті, түннің бір бөлігінде ұйқысын қиып, жылы төсектен тұрып, Аллаға ғибадат етушілер үшін Құранда арнайы аят бар. Олар жайлы Алла Тағала Құранда былайша зікір етеді: «Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып), Раббыларынан қорыққан күйде, үміттене жалбарынады», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бұл амалды ұдайы жасаған әрі үмметін осыған қызықтырып: «Түнде тұрып құлшылық етіңдер. Өйткені, бұл сендерден бұрынғы ізгілердің әдеттегі амалы. Ол сендерді Раббыларыңа жақындатады. Сондай-ақ, жамандықтарға кәфәрат болады әрі күнәлардан қайтарады», – деген.
Тағы бір риуаятта: «Ол денеден дертті қуады», – делінген (Тирмизи, Ахмад және Хәкім риуаяты). Хасан Басрий: «Ғибадаттардың ішінде түнгі намаз секілді күштісін көрмедім», – дейді. Тәһәжжуд намазының абзалдығының бірден-бір сыры түнде оқылуында. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаят бойынша Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Алла (әмірі) әр кеште түннің әуелгі үштен бірі өткенде дүние аспанына түсіп: «Мен Патшамын, Мен Патшамын, Маған дұға етуші бар ма, оны қабыл етейін; Менен сұраушы бар ма, оған берейін; Менен кешірім сұраушы бар ма, оны кешірейін», – дейді. Бұл таң атқанша жалғасады», – деген.
Барша әлемдердің Патшасы Алла Тағала әр түннің бір бөлігінде осындай нығметтерді нәсіп ететін болса, Алламен жүздесетін күнге сенген әрбір мұсылман үшін түнде тұрып, кем дегенде, екі рәкәғат намаз оқып, Алладан қажетін сұрауы аса маңызды іс. Әйтпесе, бұл нығметтерден мақұрым қалуымыз бек мүмкін. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Түнде бір сағат бар. Мұсылман кісі Алладан дүние және ақырет істерінен жақсылық сұраған күйде сәйкес келсе, әлбетте, оған беріледі. Әр кеш осылай болады», – деген (Мүслім риуаяты). Әбу Һурайрадан жеткен хадисте Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ер кісі түнде өз отбасын оятып, екеулері бірге екі рәкәғат намаз оқыса, зікір етуші ерлер мен зікір етуші әйелдер қатарына жазылады», – деген. Және бір хадисте: «Түнгі намаз – мүміннің шарапаты», – делінген.
Түнгі намаздың шарапатынан мақұрым қалмайық, ағайын!
Сапархан АЙДАРХАНҰЛЫ,
Еңбекшіқазақ ауданының бас имамы