ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі мен «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қоры бірлесе отырып жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектеп сөмкесі» қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қуаныш сыйлап, білім іздеген бүлдіршіндерге көмек көрсетті.
Қайырымдылық шараларының қара шаңырағына айналған Тараз қаласындағы «Кеңесхан қажы» мешітінде өткен іс-шара аясында облысқа қарасты аудандардан 470 оқушыға, Тараз қаласынан 110 оқушыға оқуға қажетті құрал-жабдықтар салынған сөмке мен киім-кешектер таратылды.
Іс-шараға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі Данияр Әлимұхамедұлы, Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы, Дін істері басқармасының бөлім басшысы Еркебұлан Есмахан қатысып, оқушылар мен ата-аналардың қуанышына куә болды.
Игі шараның шымылдығын ашқан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің Бас имамы Данияр қажы Әлимұхамедұлы асыл дініміздегі оқу-білімнің орны жайлы айта келе, жас бүлдіршіндерді оқуда озат болуға шақырды.
Көмек алған барлық оқушылардың ата-аналары шараны ұйымдастырушыларға шексіз алғыстарын жеткізді.
«Һибатулла Тарази» мешітінің Баспасөз қызметі