Бұл өмірде қуанышпен қиыншылықтардың қатар жүретіні белгілі. Ал қиыншылықтар сынақ үшін жіберіледі.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Алла қиыншылықты жақсылық жасағысы келген пендесіне жібереді» деген (Бұхари). Яғни, әрбір қиындық адамды күнәларынан арылтуымен қатар, ол үшін сый берілетіндігі меңзелген.
Имам Ғазали сынақтарды 3 топқа бөлген:
- Мұнафыққа жіберілген ауру-сырқау мен қиыншылықтар, яғни сынақ. Мұндай адам Алланың бұл сынағына шыдамай, өміріне ризашылық танытпайды, Сондықтан бұл сынақ оны жазалау үшін жіберіледі.
- Қарапайым мұсылманға жіберілген қиыншылықтар. Ол мұның барлығы бір Алланың қалауымен болып жатқанын біледі, түсінеді. Сондықтан сабырлылық танытады, шыдайды. Бұл ісі үшін оның күнәлары төгіледі.
- Иманы кемел мүмін үшін жіберілген ауру-сырқау мен қиыншылықтар. Ол Алланың бұл сынағына мойымайды, керісінше, қуанады. Себебі бұл сынақтан өтсе, Алланың алдына өзінің дәрежесі артып, сый берілетіндігін біледі.
Міне, сондықтан басымызға қандай да бір ауыртпалық келіп немесе ауырып қалсақ, қиындыққа тап болсақ, сабырлылық танытқанымыз жөн. Бұлайша біз мықтырақ бола түсеміз.