Үй болған соң ұрыс-керісті мүлде болдырмау мүмкін емес. Ал келеңсіздік орын алған жағдайда ерлі-зайыптылардың өз қателіктерін мойындай салуына болады. Сонда ғана қателіктерін дер кезінде түзетіп, кикілжіңнің үлкейіп кетпеуін қамтамасыз етеді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) мұсылмандық ахлақтың бір ұстанымын хадисінде: «Мұсылманның мұсылманға үш күннен артық ренжуіне болмайды», – деп мəлімдеген.
Мұсылман ерлі-зайыптылардың құлағына алтын сырға. Ерлі-зайыптылар ашуланған кезде «Сабыр түбі сары алтын» деп ашуы тарқаған соң бір-бірінің сөзіне құлақ асқаны жөн. Бірі «ə» дегенде екіншісі «мə» деп отырғанша, «кешірші, əдейі істеген жоқпын, ашуымды жеңе алмай, не айтып не қойғанымды өзім де білмеймін» деп басын ие салса, жібімейтін жүрек бар ма?!
Өкінішке орай, кейде туындаған кикілжіңді салқынқандылықпен талқыға салудың орнына, «Неге кешірім сұрауым керек екен? Өзінікі жөн емес қой. Кешірім сұрай берсем, ол дандайсып, желкеме мініп алады» деп, ақылға сала қоймаймыз. Қателікті мойындай білу жетістіктің кілті екенін есте ұстаған жөн.
Алла елшісі (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) кешірімді кісіні Ұлы Жаратушының да кешіретінін айтқан. Демек, айыбымызды мойындай білумен қатар, кез-келген адамдарға кешіріммен қарауымыз қажет. Өзі үшін тергеуші, жұрт үшін қорғаушы болу кəмілдіктің бір сипаты. Мұны түсінген ерлі-зайыптылар өздерінікі дұрыс болса да, бұрыс болса да бірінші болып кешірім сұрауға талпынады.
Алғаш болып, кешірім өтінген адам бұл тұрғыдан өзінің мұсылмандық борышын атқарған боп саналады. Ал, тəкаппарлыққа басып қырсыға түсу Исламның татуласуға шақырған өсиетіне құлақ аспағандық. Сонымен қатар, ұнамсыз іс екенін біле тұра қасақана қателік жасап, артынан жаздым, жаңылдым деп кешірім сұрай салуды да əдетке айналдырмаған жөн.
«Кешірім сұрап құтыла салармын» деп, ойына келгенін істеу жұбайының ақысына қол сұғумен тең. Ал бұл кездегі кешірім сұрау – Алланың разылығы үшін татуласуға ұмтылу емес, арамзалықтың нақ өзі болмақ.