Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде таяуда Ақтөбе қаласында өтетін «Әдемі әуезді азаншы – III» атты республикалық азаншылар жарысына іріктеу сайысы өткізілді. Екі номинация бойынша өткен сайыста аймақтағы мешіттерден келген 15 азаншы бақ сынады. Жарыста азаншының дауысының әдемілігіне және азанға қатысты біліміне аса мән берілді. Әділқазылар алқасы аталмыш сайыста оқ бойы озық шыққан облыстық мешіт қызметкері Жалғас Жұбатқановты 1-орын алуымен марапаттап, республикалық жарысқа жолдама берді. II-ші орын Тараз қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің найб имамы Қасымхан Бектаевқа бұйырса, III-ші орынды Қордайдан келген азаншы Зейне Жұмабайұлы місе тұтты.