Тілден болатын кесапат

Тілден болатын кесапат

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бір данышпан кісі Лұқманнан мал етінің ең дәмді жері не деп сұрағанда, тілін ұсынған екен. Ең нашар еті дегенде де тілін берген екен. Расымен-ақ, жақсы сөз де, жаман сөз де тілден шығатыны мәлім. Басқаша айтқанда, жәннатқа жетелейтін де тіл, тозаққа түсіретін де тіл. Өйткені, тіл – жүректің қызметкері. Тіл жүректің айтпағын жеткізуші ғана. Сахаба Сәһл бин Сағд (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Кімде-кім маған мұрты мен сақалы арасында және екі аяғы арасындағы мүшелеріне кепілдік берсе, мен оған жәннатты кепілдік етемін[1]», -   деп айтылған.

Иә, «Басқа бәле – тілден» деп бекер айтылмаса керек. Жалпылама алғанда, адам баласына ретсіз және аңдамай сөйлеп күнә атауын жинай беру ортақ дерт сияқты. Сахаба Әбу Һурайра (р.а.) былай әңгімелейді: «Бірде Алла елшісінен (с.ғ.с.) адамдарды жәннатқа ең көп кіргізетін қандай амал екені жайлы сұрады. Пайғамбар (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын): «Алладан қорқу және көркем мінез, - деді. Адамдарды ең көп тозаққа түсіретін амал не?, - деп сұрағанда, Пайғамбар (с.ғ.с.): «ауыз бен жыныс мүшесі», - деп жауап берген екен[2]. Шындығында, осылай. Хадисте Алладан қорқу дегені – тақуалық, ал ауыз дегені – тіл. Тілге ие бола білу аса маңызды. Жай ғана жұмсақ жерде, күннің көзінен көлеңкелі жерде отырып-ақ тіліңмен таудан ауыр күнәға тап болуға болады. Сондықтан, Әли бин Әбу Тәліп (р.а.):«Айтпаған сөздің иесі – сенсің, ал айтылған сөз – сенің иең», - деп тектен-тек айтпаса керек. Отыз тістен шыққан сөзді қайтарып алу мүмкін емес. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ақиқатында, пенде бір сөз айтады да, соның кесірінен шығыс пен батыстан да алыс тозаққа қарай құлдырай бастайды[3]», - делінген.

Жыртқыш аң жасай алмайтын жауыздықты кісі өз тілінен көреді. Тілдің залалын сахабалардан артық кім білер? Абдулла бин Масғұд (р.а.): «Түрмеде тілден ұзақ отыруға лайықты еш нәрсе жоқ», - деген екен. Суфиян бин Абдулла Сақафи (р.а.): «Мен Алла елшісіне (с.ғ.с.) мықтап ұстайтын бір істі айтыңызшы», - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Раббым – Алла деп айт та, түзу жүр», - деді. Мен: «Уа, Алла елшісі! Мен үшін не нәрседен қатты қауіптенесіз?», - деп сұрағанымда тілін ұстап тұрып: «Мынадан», - деген екен[4].

Мұғаз бин Жабал (р.а.) өзінің бір естелігінде былай дейді: «Бір сапарда Алла елшісімен (с.ғ.с.) бірге болдым. Бір күні оның жанына өте жақын жүріп келе жатып: «Уа, Алла елшісі! Мені жәннатқа кіргізіп, тозақтан алыстататын амал жайлы айтыңызшы?, - деп өтіндім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Негізі, сен өте үлкен мәселе жайлы сұрап тұрсың. Бірақ, Алла Тағала оңайлатқан адам үшін ол жеңіл іс: Аллаға құлшылық ет, Оған серік қоспа. Намаз оқы, зекет бер, рамазанда ораза ұста және қажылыққа бар», - деді. Сосын: «Жақсылық қақпалары жайлы айтайын ба? Ораза – қалқан, садақа су отты өшіргені сияқты қателіктерді өшіреді және кісінің түн ортасында оқыған намазы» деді де, «Олар жамбастары төсектерден ажыратылып, өздерінің Раббысынан қорқып және үміт етіп тілейді әрі Біз өздеріне ризық етіп бергеннен жұмсайды» аятын оқыды, сосын: «Істің басы – Ислам, оның тірегі – намаз, ұшар шыңы – күрес»,-деді. Мұнан кейін: «Осының барлығына ие болу жолын айтайын ба?»,-деді. Мен: «Иә, Уа Алла пайғамбары», - деп өтіндім. Ол тілін көрсетіп: «Мынаған ие бол», - деді. Мен: «Уа, Алла пайғамбары! Сонда бір айтқан сөзіміз үшін сұраламыз ба? - дедім. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Анаң сені жоғалтқыр, Мұғаз! Адамдар тозаққа бетімен құлап жатқаны сол тілдерімен тапқандарынан емес пе?[5]», - деді».

Міне, тілдің тасқын судан да, жалындаған өрттен де қауіпті екенін Пайғамбарымыздан (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) артық кім айта алады? Ал, тіл жүрек түбінде жатқан жақсыны да, жаманды да күндердің күні сыртқа шығаратыны анық.

Мұса ЕРБАТЫР

 

[1]Бұхари

[2]Ахмед, Ибн Мажа

[3]Бұхари, Муслим

[4]Ахмед, Тирмизи, Ибн Мажа

[5] Ахмед, Тирмизи

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: