Сахабалардан Әнас (р.а.) әңгімелеуде: Пайғамбарымыз Мұхаммедпен (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бірге отырғанбыз. Әлден уақытта тісі көрінетіндей ғана сәл жымиды. Себебін сұрағанымызда былай түсіндірді:
– О дүниеге барғанда үмметімнен екі кісі Алла тағаланың құзырына әкелінеді. Біреуі екіншісін көрсетіп:
– Уа, Раббым, менің мына пәленшеде кезінде ақым кеткен, сол ақымды алып бер, – деп өтінеді. Алла тағала: – Ей, пәленше, ақысын өзіне қайтар, – дейді. Жеген ақысы үшін өз сауаптарынан бөліп берген екіншісі:
– Я, Алла тағала! Менің сауаптарымнан ештеңе қалмады ғой? – дегенде, Алла тағала бірінші адамға: – Қарашы, мынаның сауабынан дым қалмады, бұған не дейсің? – деп сұрайды. Сонда бірінші адам:
– Олай болса менің күнәларымнан өзіне алсын, – дейді. Дәл осы тұсқа келгенде Пайғамбарымыздың көзі жасаурады. Сөйтті де: «Ол күн – аса бір зор күн болмақ. Адам өз күнәсінің алынғанын қалайды» деді де сөзін ары қарай жалғастырды: Сол кезде Алла тағала ақысы кеткен адамға:
– Басыңды көтер де Жұмаққа қара! – деп дауыстай- ды. Сонда бірінші кісі:
– Я, Алла тағала! Алтынмен апталған, күміспен күптелген, жібекпен тоқылған небір сән-салтанаттарды көріп тұрмын. Бұған қай пайғамбарлар мен әулие-шейіттер ие? – деп сұрайды. Алла тағала:
– Бұлар маған өтемін төлегендер үшін, – деп жауап береді.
– Бұлардың өтеуін қайтіп төлейді? – деп сұрайды адам.
– Қаласаң бұған сен де ие бола аласың, – деп жау- ап береді Алла тағала.
– Қалайша? – деп таңырқағанда, Алла тағала:
– Сен егер ақың кеткен қасыңдағы мына жолдасыңды кешірер болсаң, – деп жауап береді.
– Олай болса мен оны кешірдім, – деп жауап береді әуелгісі.
– Ендеше жолдасыңды ал да, екеуің де Жұмаққа барыңдар! – деп бұйырады Алла тағала. Сөйтті де Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) : «Алладан қорқыңдар! Алладан қорқыңдар да араларыңды түзеңдер! Қараңдаршы, Алла тағаланың өзі мүміндердің арасын жарастырып тұрған жоқ па?!», – деді.