Алла Тағаланың Өз пендесіне нәсіп еткен көптеген нығметтерінің бірі сөз, сөйлеу болып табылады. Сөйлеу арқылы адамдар бір-бірімен қарым-қатынас жасайды, өз пікірлері мен тілектерін білдіре алады, ең бастысы – құлшылық жасайды. Адам баласының тілі оның өзі үшін сынақ болып табылады, нәпсінің құлы немесе шайтанның айдауымен жүретін құрал болып кетуі де мүмкін. Сол себепті Алла Елшісі (ﷺ) әлдебір нәрсені айтардың алдында оның маңыздылығын бағалап алуға үндеп, былай айтқан: «Жақсы нәрсе айт немесе үндеме».
Сондай-ақ, Алла Елшісінің (ﷺ) басқа хадистерінде де адамның айтар сөзінің маңыздылығы туралы көптен келтірілген:
1. «Бауырыңмен сөз таластырма да, оған күлме және орындай алмайтын уәде берме».
2. «Көп сөйлейтін адам жиі қателеседі; кім жиі қателессе, соның күнәсі артады; ал кімнің күнәсі көп болса, сол Тозақ отына түседі».
3. «Аш адамды тамақтандыр, шөлін қандыр, зұлымдықтан қашып, жақсылыққа ұмтыл; ал егер бұлай жасай алмасаң, онда тек жақсы сөздерді ғана айт».
4. «Алла Тағала елді тура жолға салған соң олар тек араздасу арқылы ғана адасып, тура жолдан тайып кетеді».
5. «Алла Тағала өз тіліне ие болғанның кемшіліктерін жасырады, ашуын ауыздықтай алғандарды жазаламайды, Оған сиынып, дұға жасайтындардың дұғаларын қабыл алады».
6. «Кімде-кім Аллаға және Қиямет күніне иман келтірсе, тек жақсы нәрсе айтсын немесе үндемесін».
7. «Ақиқатында, мүміннің тілі оның жүрегінің артында; бір нәрсе айтардың алдында ол ойланып алады. Ал екіжүздінің тілі оның жүрегінің алдында; бір нәрсе айтар алдында ол жүрегімен ойланбайды».
8. «Кімде-кім өзінікі дұрыс бола тұра дауласудан бас тартса, оған Жұмақтың ең биік жерінен үй тұрғызылады; ал кімде-кім өзінікі дұрыс болмай тұрып, сөз таластырудан бас тартса, оған Жұмақтың маңайынан үй салынады».
9. «Қалжыңдап болсын өтірік айту мен дауласудан бас тартпайынша, қанша шындықты айтқанымен пенденің иманы толық болмайды».
10. «Адамның жүрегі кемелденбейінше, оның иманы кемелденбейді; оның тілі кемелденбейінше, жүрегі кемелденбейді; және көршісіне залалын тигізетін адам Жұмаққа кірмейді».
asyldin.kz