Тыныс алудың хикметі

Тыныс алудың хикметі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ағзамызға тыныстап тұру тетігі орнатылған. Күнделікті өмірде «мен қазір автобусқа отыратын кезде тыныс алуды ұмытып кетпейінші», немесе «Жүрегім тоқтап қалмасыншы» деп әр кезде жанымыз мұрынымыздың ұшына келіп, үрейлі оймен жүреміз бе? Әсте, олай емес. Бұл Алланың адам баласын сүйіп жаратқанына айқын дәйек болса керек.

Адамның тыныс алуы – Алланың шеберлігімен жаратылған жүйе. Алланың құлы екенімізді осы тыныс алу жүйесіне қарап та білуге болады. Тыныс алу автоматты түрде іске асатын өте күрделі жүйе, егер адам өз қалауымен тыныс алатын болса, онда барлық ойымыз үнемі өкпемізде болар еді.

Біздің әрқайсысымыз күніне 20 мың, ал жылына орта есеппен 8 млн. рет тыныс алады екенбіз. Ал, минутына 15-20 рет үздіксіз демаламыз. Өмір мен өлім әр секунд сайын бетпе-бет келіп отыратын мұндай күрделі процесс біздің еркімізден тыс жүріп жататын әрекет. Әйтпесе, әрбір тынысыңды сәт сайын бақылап отыру, әсте, мүмкін емес. Сол себепті тыныc алу жүйесі ерекше Мейірім иесі Алла Тағаланың  бізге берген өтелмес нығметі екенін сезінеміз.

Адам биікке көтерілген сайын өте жиі, әрі тереңірек тыныстайды. Ең қызығы түнгі ұйқы кезінде қалай тыныстайсыз? Өйткені, ұйқы – өлім хәліндегі процесс. Одан  қорықпасақ та болады. Алла Тағала өмірімізге керектінің бәрін алдын ала белгілі бір ретпен, өлшеммен жасап қойған. Ұйқы кезінде ми адам бойындағы оттегі мен көмірқышқыл газдарын артериялық рецептор арқылы үнемі бақылауда ұстайды. Егер денеде оттегі азайып, көмір қышқыл газы көбейе бастаса, ми дереу дабыл қағып, өкпенің жылдам әрі күшті жұмыс істеуіне жұмылдырады. (Ағза ұйқы кезінде өзінің көптеген әрекеттерін өзгертеді. Мәселен, адамның ағзасы тынығуы үшін тыныс алу, жүректің соғу жиілігі азаяды, артерия қысымы төмендейді, зат алмасуы мен жүйкенің қозғыштық қарқыны бәсеңдейді. Есесіне ұйқы кезінде кейбір процестердің белсенділігі күшейіп,  гипоталамус пен ми бағанында қан айналымы артады. Соның нәтижесінде мидың температурасы көтеріліп, оттегін қабылдау ұлғайып, ағзаның амандығын қамтамасыз етеді).

Тыныс алу жүйесі мұрыннан басталатыны бәрімізге белгілі. Бір жағынан бұл қалыпты  болып көрінгенімен, тыныс алу жүйесін зерттей келе Жаратушының шеберлігіне таң қалмасқа шарамыз жоқ. Мұрын кондиционер сияқты ауаны тазартып, күніне кем дегенде 50 м3 ауаны өкпеге жіберіп отырады. Бұл орташа бөлменің көлеміне тең. Ол ауаны тазартып, әрі ылғандандырып мұрынның ішіндегі  кілегейлі торға өткізеді. Адам ағзасы таза ауамен тыныстауы үшін күн сайын кілегейлі тор 1 литрге жуық сұйықтық бөліп шығарады. Кілегейлі тордың негізгі қызметі ауамен келетін зиянды заттарды, бактерияларды өкпеге жібермей, қайтадан сыртқа шығарып тастайды. Әрбір 20 минут сайын мұрын ішкі кілегейлі сұйықтықты жаңартып отырады. Ол үшін мыңдаған микроскопиялық түктер жұмыс істеп, ескірген сұйықтықты ұртқа жіберіп, оны адам өздігінше жұтынады. Осы түтіктер секундына 10 рет қимыл жасап, ағзаның тіршілігі үшін үздіксіз өз еркімен қызмет етеді. Бұл Алланың таң қаларлықтай шеберлігі емес пе?! Ал, бізге мұндай қым-қуыт жұмыстар атқарылып жатқан (мұрынымызда болып жатқан) бұл процестер туралы ой санамызға да кіріп шықпайды.

Адам өкпесіне жылы ауа қажет болғандықтан, мұрын ауаны жылытушы қызметін де атқарады. Әрине, бойды қан жылытады. Қазіргі заманның озық технологиясы саналатын көліктердің радиаторы адам қолынан шыққан тамаша жылыту жүйесі. Бірақ, дәл адам өкпесіндей жылыту жүйесін ешкім ойлап тапқан емес. Сонымен қатар, өкпеде тек жылы ауа ғана айналатын болса, онда ол микроптардың жиналатын орталығына айналар еді. Міне, сол себептен өкпе ауаны да жылытады әрі тазартады. Онсыз адамның кеудесіне шаң-тозаң толып, бірнеше күнге жетпей, өкпе қабынуынан көз жұмар еді.

Біз не үшін тыныстаймыз? Көпшілігіміз өкпені ауа жұтушы дене мүшесі ретінде ғана білеміз. Өкпе ауа жұтып қана қоймай, асқорыту процесінде оттегі арқылы қажетті заттарды бойға сіңіруге атсалысады.

Адам өкпесінде орташа есеппен 700 млн альвеолалар бар. Альвеола көлемі 0,25 мм тұратын қан мен ауаны араластыратын шарлар. Ол ауа кіріп шығатын кішкене бөлме сияқты. Оның қабырғалары ұсақ қантамырларынан тұрады.

Кейде біз жақсылық жасаған адамға, ауруымыздан сауықтыруға себеп болған дәрігерге рахметімізді жаудырып, өмір бойы жақсылығын ұмытпауға уәде етіп жататын жағдайлар кездеседі. Енді бізді жоқтан бар етіп, бойымызға берген сансыз нығметтері үшін рақымды Аллаға шүкіршілік етіп, «бисмиллә» деп неге амал етпеске?! Рақымды Алла Тағала әрбір тынысымызды «Алла» деп жұтып, «Алла» деп шығаратын иманды, тақуа құлдарынан болуды нәсіп етсін!

Әсет Бектұр
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: