Қай пайғамбардың саусағынан май, бал мен сүт ағып тұрған?

Қай пайғамбардың саусағынан май, бал мен сүт ағып тұрған?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ибраһим пайғамбар (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) кезінде күллі дүниені билеп тұрған төрт билеушінің бірі - Намрудтың заманында дүниеге келген. Сол төрт билеушінің екеуі – Сүлеймен пайғамбар мен Ескендір Зұлқарнайын - тақуа, діндар адамдар болған.  

Ал қалған екеуі – Намруд пен Бухтун Наср  - иман келтірмегендерден болған. Өзінің патшалық құрған уақытының бірінші жылдары Намруд елді әділетті әрі ар-ұжданға сай басқарады. Алайда ол шайтанның азғыруына еріп, өзін құдай деп тани бастайды. Ол адамдарды өзіне құлшылық етуге мәжбүрлеген. Әлемнің түкпір-түкпіріне өзінің мүсінін жібертеді. Осылайша, бәрі шынайы дінді ұмытып, Аллаға құлшылық етпей, Намрудқа табына бастайды.  

Күндердің күнінде Намруд барлық көріпкелдерді, жұлдызшылар мен сәуегейлерді бір аса маңызды іс үшін жинап алады. Әртүрлі риуаятта осы жиынның үш түрлі себептері келтірілген.

Бірінші нұсқа бойынша, Намруд түсінде аспандағы бір жарық нұрды көреді, күн, ай мен жұлдыздар сол нұрдың сәулесінен көрінбей қалады. Екінші нұсқа бойынша, Намруд түсінде біреу оны тағынан жұлып алып, жерге бір ұрғанын көреді. Түсінен қорыққан Намруд жұлдызшыларды жиып алады. Ал үшінші риуаятқа сай, Намруд бәрін бір маңызды мемлекеттік іс үшін жинаған екен. Бәрі жиналған кезде, ол өзінің түсін айтып береді. Жұлдызшылар: «Жақын уақытта адамдарды пұтқа табынудан бас тартқызатын бір адам дүниеге келеді.  Қысқа уақытта оның беделі артып, ол сенің сұлтандығыңды күйретеді». Осы көріпкелдердің басшысы Халид бин Ас есімді адам болған. Ол болатын оқиғалар жөнінде ұзақ айтып, оларды болдырмау үшін алдын-ала шаралар жасау керек екендігін ескертеді.

Намруд болса былай деп жария етеді: «Осы күннен бастап ешбір ер өз әйеліне жақындаушы болмасын. Осы күннен бастап, жаңа туылған ұлдардың бәрін өлтіріп, тек қыздарды ғана қалдыру керек». Ол он отбасына бір бақылаушыдан тағайындайды. Олар күндіз-түні адамдарды бақылап, олардың бір-біріне жақындауына мұрша бермей, жаңа туылған ұлдардың бәрін өлтіріп отырған.

Жүз мыңдаған күнәсіз сәбилердің өмірі қыршыннан қиылғандығы келтірілген. Жұлдызшылардың айтуынша, қауіпті сәбидің ұрықталуы бір нақты түні орын алатын болған. Намрудтың бұйрығы бойынша, сол  түні  барлық ер адамдарды қаладан шығарып, қала қабырғасына сақшыларды қойып қояды. Осы сақшылар еркектердің қалаға кіруіне, ал әйелдердің қаладан шығуына рұқсат бермеген. Ал Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) анасы Тарух есімді шынайы мүміннен аяғы ауыр болатын.  

Тарух өлген соң, оның жесірі күйеуінің ағасы Азардың үйінде қала береді, ал Азар оны әйелдікке алған. Азар иман келтірмеген әрі оны Намруд өте қатты жақсы көрген. Барлық ер адамдарды қаладан шығарғанда, ол Азардың қалада қалуына рұқсат береді. Алғашында  Азар әйелінің аяғы ауыр екендігін жасырып жүрген, бірақ артынша айтуға мәжбүр болған. Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) анасы иман келтірген болатын. Азардың зұлымдығынан сақтанып, ол күйеуіне былай айтады: «Егер ұл туса, оны Намрудке апарып бер, ол сені одан ары сүйіп, бағалайтын болады». Азар қуанып қалады. Босанатын уақыт таяғанда, ол Азарға: «Босану кезінде әйелдің өліп кету қаупі бар. Мен содан қатты қорқамын. Сен мен үшін пұттарға табын», - дейді. Осылайша, ол күйеуінен құтылады. Азар болса қырық күн бойы пұттарға табынуда болады. Ал оның әйелі жасырын түрде бір үңгірге барады. Босануға қажетті дүниелердің бәрін дайындап алып, айы-күні жеткенде сол үңгірде Ибраһимді (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) дүниеге әкеледі. Содан кейін үңгірден шығып, оның аузын жауып, қалаға келеді. Азар келіп оның жай-күйін сұрағанда, ол былай деп жауап береді: «Қайғылы жағдай орын алды. Сәби әлсіз болып туды да көп ұзамай дүние салды». Азар үйден кете салып, оның әйелі нәрестесін тамақтандыру үшін үңгірге қарай жүгіріп отырған. Кейде ол ұлының қасиетті саусақтарын сорып жатқан үстінен түсетін. Әрбір саусағынан май, бал, сүт пен құрма пайда болып тұрған екен. Ал нәресте жалғыз қалған уақытта, Алла Тағала оған Жәбірейілді (оған Алланың сәлемі болсын) жіберіп отырған, ал ол сәбидің саусақтарына осы азықтарды салып отырған. Ибн Аббас (ол кісіге Алла разы болсын) келтіргендей, Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын)  өте жылдам өскен екен.  Бір күнде бір апталық баладай, бір аптада бір айлық баладай, ал бір айда бір жастағы баладай болған. Сол үңгірде ол он бес-он жеті жасына дейін болған. Күндердің күнінде оның анасы Азарға: «Менің сенен жасырып жүрген ұлымыз бар», - деп айтып оны әлгі үңгірге алып келеді. Олар сөйлесе бастайды.  

Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) былай сұрайды:

- Менің құдайым кім?

- Сенің анаң.

- Ал менің анамның құдайы ше?

- Мен.

- Ал сенің құдайың кім?

- Намруд.

- Жақсы. Сонда Намрудтың құдайы кім?

- Жап аузыңды. Оның құдайы жоқ. Ол өзі құдай.  Ол бәрін жаратқан.  Сұрақтарына осындай жауап алған Ибраһим (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) сұрақ қоюын әрі жалғастыра береді:

- Кім сұлуырақ: мен бе әлде анам ба?

- Сен сұлуырақсың.

- Кім сұлуырақ: сен бе әлде анам ба?

- Сенің анаң.

- Намрудсұлуырақ па әлде сен бе?

- Мен.

- Жақсы. Ал егер менің анам менің құдайым болып табылса, неге ол мені өзінен сұлуырақ етіп жаратқан? Егер сен менің анамның құдайы болсаң, неге оны өзіңнен сұлу еттің? Ал егер Намруд — сенің құдайың екен, онда неге ол сенен ұсқынсыз болған? Әлде Жаратушы жаратылғанынан төмен бе еді?

Аузына сөз түспей қалған Азар Ибраһимнің (ол кісіге Алланың сәлемі болсын) бетінен шапалақпен тартып жібереді.  

"Пайғамбарлар тарихы" кітабынан

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: