Бақытты отбасын құрудың жолдары

Бақытты отбасын құрудың жолдары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жалғыздық Алла Тағалаға ғана жарасады. Дүниеге келген жұмыр басты пенде өмірдің рахатын, көңілдің тыныштығын тауып өмір сүрсем екен дейді. Алланың көрсеткен ақ жолын тапқан адам ғана дүниенің бақытын, ақыреттің рахатын табады. Алла Тағала Құранда: «Әрі сендердің тыныштық, тыным тауып орнығуларың үшін өздеріңнен жұбайлар жаратуы және араларыңда сүйішпеншілік пен мейірім-жанашырлық пайда етуі де - Оның белгілерінен. Аиқатында мұнда ойланып, ақылға салатын адамдар үшін дәлел-ғибраттар бар» Әр-Рум сүресі 21 аят.

Отбасын құрудағы басты міндет – жар таңдауда қателеспеу. Пайғабарымыз (с.ғ.с.) : «Бұл дүние пайдаланатын нәрсе ғана. Дүниенің ең хайырлысы қарағанда сүйсінетін жақсы әйел» - деген екен.

Әбу Бакрдың қызы Асма: «Неке құлдықтың бір түрі.  Әркім өзінің кімге құл болайын деп жатқанын қарасын»- десе, Кемеңгер Абай Өзінің өлеңінде:

Жасаулы деп, малды деп байдан алма,

Кедей қызы арзан деп құмарланба.

Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,

Ата-ананың қызынан ғапыл қалма. -деп, үйленетін жастар, некеден алдын бір-бірін көру керектігін айтып жатыр.

Ибн Абидиин «Роддул Мұхтар» деген кітабында: «Адам атадан осы заманға дейін шариғат етіп қойылған, кейін жанатта да жалғасын табатын неке мен иманнан өзге құлшылық жоқ»-деген екен. Ата-ананың ақылын тыңдап, бірін-бірі көріп отбасын құрған адам жанұядағы өзара ерлі-зайыптылық міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды. Бірін бірі толықтыратын болады. Ерінде жоқ қасиет әйелінде болады, әйелінде кездеспейтін қасиет ерінен табылады. Бақытты отбасын құрудың жолдарын табады.

Үйлендім, енді өз алдына есейдім емес. Ер азаматқа отағасы болуды нәсіп еткеннен кейін, жанұяны бақытты ету міндеті оған жүктеледі. Ерлі-зайыпты өмірдің алғашқы күнінен-ақ өз ара ер мен әйелдің міндеттерін жақсы біліп, бірін-бірі сыйлай білуі керек. Қыз бен жігіт үйленгенде, пәленшеге үйленсем, тұрмысқа шықсам бақытты болар едім емес, адал жарымды бақытты ете аламынба деп өмір сүруі керек.

Өз әке-шешесі мен ата-енесінің алдындағы міндеттерін де ұмытпау керек. Ерлі-зайыптылар балаларының алдында бірін-бірі сыйлап, ата-анаға құрмет көрсетіп отырсын. Осыны көріп өскен бала сол жақсылықты өздеріне қайтарады. Әке-шеше, ата-енеге не көрсетсең, балаларың мен келініңнен соны көресің. Бұл өмірдің заңдылығы. Әйелдер үшін ерінің разылығы, Алланың разылығы. Ерлер үшін Алланың разылығы ата-анасының разылығында. Алдымен ата-анаңды өзің сыйлай білсең, жаныңдағы жарыңда сенің ата-анаңды  құрметтейтін болады.

Адамдар бақытты болу жолдарын байлықтан, абыройдан, дипломнан іздейді. Алайда Алла Тағала хадис құдсиде былай дейді:

-Мен ілімімді аштықта жасырдым, адамдар оны тоқтықтан іздейді, оны қадан тапсын.

-Абройды бағыну мен тақуалықта жасырдым, адамдар оны басшылықтың табалдырығынан іздейді, оны қайдан тапсын.

- Байлықты қанағатқа жасырдым, адамдар малдың көптігінен  іздейді, оны қайдан тапсын.

-Рахатты жұмаққа жасырдым, адамдар оны дүниеден іздейді, оны қайдан тапсын.

Бақытты болу әрбіріміздің өз қолымызда. Баршамызға бақытты жанұя болуды нәсіп етсін.

Жапек Ғалымбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

«Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: