Имам Ағзам хазреттерінің бір көршісі бар еді. Үйлері тиіп тұратын. Әр күні түнде үйіне ішіп келіп, таңға дейін ән айтып, саз шалып, шулап, Имам Ағзам хазреттің мазасын қашыратын. Имам Ағзам оған ештеңе деместен сабыр ететін. Бір күні түнде әлгі жігіттің дауысын естімеген соң, көршісінің есігін қағады. Есікті ашқан көршісінің әйеліне:
- Күйеуіңіздің даусы шықпағаннан алаңдап едік, әйтеуір ештеме болып қалмады ма екен? – деп сұрайды. Әйел мұңайғанымен қоса ұялып:
- Оны түнде базардан мас күйінде келе жатқан жерінен сақшылар түрмеге қамап қойыпты, – дейді.
Мұны естіген Имам Ағзам дереу әкімнің үйіне барады. Әкім оны көрісімен орнынан тұрып, құрметпен сәлемдеседі де кейін:
- Уа, имам! Келген себебіңізді айтасыз ба, бір қалауыңыз бар ма? – деп сұрайды. Имам Ағзам:
- Әкім мырза біздің бір көршіміз бар еді, түнде мастығы үшін қамауға алынған екен. Соны босатуыңызды сұраймын, – дейді. Бұдан кейін әлгі жігітті босатып, Имам Ағзамға тапсырады. Жолда хазреті Әбу Ханифа:
- Ренжіме кеше бұл жағдайдан хабарымыз болмады және бала-шағаңа нәпақы бере алмадық. Мына ақшаларды ал да олардың нәпақысын қамтамасыз ет! –дейді.
Көрші жігіт қатты өкініп, ұялғаннан қызарып кетті. Шын көңілімен тәубә етті. Өлгенге дейін Имам Ағзамнан айырылмады. Оның садық шәкірттерінен болып, көптеген ихсанға қауышты.