Жасаған күнәмізге өкініп, тәубе еткен кезде қандай жайттарға баса мән берген жөн?

Жасаған күнәмізге өкініп, тәубе еткен кезде қандай жайттарға баса мән берген жөн?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Күнәға бой алдырғанда одан арылудың бірден-бір жолы тәуба болғандықтан, мұндай жағдайда төмендегі мынандай мәселелерді қаперімізде ұстасақ, көңіліміз орнына түсіп, жанымыз тыныш табады.

1. Күнәға қарсы тұру

Күнәға қарсы тұру адамның сол сәттегі рухани жағдайымен тығыз байланысты. Кейде ұрлықы тірлікпен күнәлі іске ұрынсаңыз, сәждеге бас қойып, көз жасыңызды көл етіп, жалбарына кешірім тілейсіз. Ал кейде жылап кешірім сұрағаныңызға да көңіліңіз толмай, көкірегіңіз қарс айрылатын кездер де болады. Сөйтсе де ат тартқан терідей жырым-жырымы шыққан көңіліңізді зілмауыр мұң басып, жатса-тұрса май жегендей мазаңызды қашырған жабырқаңқы күйіңіз тәубенің қабыл болуы тұрғысынан аса маңызды.

Көшеде жыланға арбалған торғайдай байқаусызда көзіңіз харамға түсіп кеткенде, «Бұл не істеп қойғаным?! Үнемі көңілімде бір Алла ғана тұруы тиіс еді, харамды көріп көзім тұнып кеткенін қарашы. Қап, сол сәтте көзімді жұмып, ол құрғырға қарамағанымда ғой?!

Күнәнің ауылына балталасаң да аттап баспайтындай қам-қарекетке неге бармадым?» деп, өз-өзіңізді жұлып жеп, дереу күнәңізді жуып-шаюдың жолын іздеп оңашада маңдайыңызды сәждеге тигізіп, қатты егіліп, қабырғаңыз сөгіліп, омыртқаңыз бүгіліп, көз жасын төксеңіз немесе жаныңызды қоярға жер таппай кең дүниеге сыймай аласұрсаңыз, онда шынайы тәубе еткеніңіз.

Шындығында, тәуба – істеген қылығыңызға өзегіңіз өртене өкініп, оған енді қайтіп жоламау. Сондықтан, күнәның ми-батпағына малтыққанда дереу тал қармап, ес жиып, етек-жеңіңізді қымтау аса маңызды. Иә, жаны таза мүмин кісі күнә атаулыға тіксіне қарайды және алыстан қашады. Әйтпесе, күнәһардың кейін опық жеп, бармақ шайнайтыны екіталай. Өйткені ол өзінің күнәсін бара-бара ұмытып кетуі мүмкін. Тәубеге келгенде де күндіз күлкі, түнде ұйқыңыздан айырылып, ішкеніңіз ірің, жегеніңіз желім боп, күнәлі іске енді қайтып беттемейтіндей нық шешімге келіп, оны қайталамауға өз-өзіңізге іштей серт бергеніңіз абзал.

2. Күнәні дереу жуып-шаю

Байқамай күнәға бой алдырып алған сәттерде уақыт оздырмай дереу тәубеге келіп, кешірім тілеу арқылы күнәнің қағынан тазару қажет. Тәубеге келуді кешіктірмеген дұрыс. Өйткені, бірер сағаттан соң Раббымыздың алдына жол тартпайтыныңызға кепілдік жоқ. Тақуа кісілер ондайда табанына тас батқандай жайсызданып, ас-ауқатқа тәбеті тартпай, таңды көзбен атырады.

Кез-келген күнәның рухымызды жегі құрттай жалмап, жайлап алуына жол бермей неғұрлым тезірек тәубеге келгеніңіз өзіңіз үшін жақсы. Әйтпесе, күнәның зіл батпан ауырлығына шыдас беріп, қайта еңсе тіктеу қиын. Ең сорақысы, күнәні күнә деп танымау немесе күнәға жол беріп алып, оған өкініш білдірмеу – Алла алдындағы арсыздықтың белгісі. Оны тәубемен дереу тазартпаса, жүректі шағатын улы жыланға айналады.

Жүректі бір кір шалса, оны одан ары тоқтату қиын. Ал жүрек «кірлеген» сайын адам парықсыз пасықтыққа бой алдырады. Әрбір күнә күліп кіріп, күңірене шығатын келесі бір күнәға есік ашады. «Бәл рана ала құлубихим»72 (Жо-жоқ, расында олардың жүрегін тот басты) деген аяттың сыры осында жатса керек. Сондықтан, адамдарды желімдей жабысқан жылбысқы, жылымына тартқан жымысқы күнәға салғырт қарамай, сақ қарауға шақыру қажет. Тіпті, мүмкіндігіңіз жетіп жатса, күнәның лас та жиіркенішті екенін ұқтырып, күнә істеуден бас тартқызған жөн. Жүрегі таза, руханияты терең кісілер әр күнәның қолқаны атқан сасық исінен мұрнын басып, анадайдан қашады.

3. Күнәні жек көру

Тәубе еткен кезде аса маңызды мәселелердің бірі – күнәдан жирену, күнәні құптамау, одан бойды алыс ұстау. Ал, күнәдан аза бойың қаза болып безбейінше, оны қайталамайтыныңа сенім жоқ. Мәселен, аңдаусызда айнаны қолыңыздан түсіріп алсаңыз, қатты қынжыласыз. Дәл осы секілді күнә жасағанда, өмірлік айнаңыз да айғыздалады. Олай болса, қайдағы бір қайғыруға тұрмайтын айнаның сынғанына өкініп, ақыреттік азабы ауыр күнәларға өкінбеу – сау адамның ісі емес. Мұндай жан апандай аузын арандай ашып, төбесінен төнген аждаһаны елемеген есер іспетті.

4. Алмағына қарай салмағы

Күнәнің дініміздегі дәрежесіне қарай, яғни ауырлығына қарай тәубе етуіміз қажет. Неге десеңіз, күнәға бару – маймен сыланған құдыққа түсіп кеткенмен тең. Ондай құдыққа түсу оңай болғанымен, қайта шығу көп қажыр-қайратты қажет етеді.

5. Күнәні күнә деп білу

Күнәні күнә деп білмеу – сол күнәні жасағаннан да ауыр күнә. Айталық, зина жасаған біреу батпаққа батқанымен қоймай, кісәпірлікке барып: «Дін неге зинаға тыйым салды екен? Тыйым салынбағаны жақсы еді» десе, я болмаса тапқан табысының адал-арам екенін елеп-екшемейтін адамның «Кісі ақысы деген қайдан шыққан өзі» деген астам ойға баруы сол күнәні жасағаннан да ауыр күнәға жатады. Сол себепті, бойымызда күнәға деген жиренішті сезім болуы тиіс, әрі «Әй, күнә, менен бес метр аулақ жүр!» деуіміз керек. Бір мұсылман ғалымының мына сөзі еріксіз ойға қалдырады: «Жылан мен шаяннан қалай қашсаңыз, күнәдан да дәл солай безіңіз!». 

Бұл тұста жылан мен шаянның орнына айбарлы арыстан не жоталы жолбарысты атамауы тегін емес. Өйткені, арыстан мен жолбарыстың төбесі алыстан көрінеді. Олардың азу тісі мен алмастай тырнағы анадайдан көзге шалынады. Олардан келер қауіпті алдын ала сезе аласыз. Қатер төнген жағдайда қамданасыз. Алайда, жылан не шаянның қай уақытта, қай жағыңыздан келіп шаққанын аңдамай қаласыз. Осы себепті, күнә жылан мен шаянға теңелген.

Шынтуайтында, әрбір мұсылман күнәға екі шоқып, бір қараған сауысқандай сақ болғаны жөн. Адамның күнә десе күлкісі қашып, жыландай жиырылуы – Аллаға адалдығын аңғартады. Күнәнің күнә екенін мойындауы «Әзнәба абди зәнбан...» деп келетін хадис тұрғысынан пайымдайтын болсақ, адам жаза басып, күнә жасаған сайын Алланың да соншалықты кешіріммен қарайтындығы айтылады. Мәселен, араб тілінде «зәнб» және «зәнәб» сөзінің екеуі де бір түбірден тарайды. Зәнб – күнә, ал зәнәб болса – құйрық деген сөз. Яғни, «Раббым, мен жуып кетсең жұтып қоятын күнәнің өңешінде кеттім» деген кісі «Уа, Раббым, мен бұрынғы күнәм аздай өзіме сала құлаш құйрық жалғап алдым. Менің бұл күйіме қарап, мені құлқынына құйрық бойламайтын қу түлкіге не сеспей қатыратын улы жәндікке, я жыланға ұқсатарсың. Мен қарабет болдым» деп ұялатындай. Яғни күнәсін мойындаған адам өзінің ардан аттап, адамгершіліктен айнығанын, өз ықтиярымен айуан дәрежесіне дейін төмендегенін сезеді. Күнәні күліп жасап, оны қаперіне ілмегендерді Құранда «Кәл анами бәл хум адалл» (олар хайуан секілді, тіпті одан да төмен) делінгендей, хайуаннан да төмен дәрежеге құлдырағандар деуге болады.

Бұл осыдан біраз жыл бұрын кәрі құрлықта жастар арасында жүргізілген сауалнаманы еске түсіреді. Сауалнама нәтижесінде Еуропа жастарына тән қылықтар көше кезген қаңғыбас иттің қылығымен ұқсас шыққан болатын. Рас, ақиқаттан басқа жол ешқашан жақсылыққа бастамайды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: