Парақорлықты тыюға не жетпейді?

Парақорлықты тыюға не жетпейді?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі таңда адамзат материалдық жағынан емес, рухани жағынан жүдеп кеткен сияқты. Бүкіл жиһанды үйдегі теледидар мен компьютерге сыйғызған адам баласы, жұдырықтай жүрегіне барлық адамзатты сүю, жақсы көру сезімін сыйғыза алмады. Демек, бүгінгі адамзат баласы бірінші кезекте, материалдық байлыққа емес, рухани байлыққа, ізгі білімді, иманды адамдарға зәру. Басқалардың діни сенімдеріне төзімділікпен қарап, жалпы адамзатты жақсы көріп, сыйлайтын, бар мәселені сабырлықпен, кешірімділікпен, татулықпен шешетін парасатты ұстанымдарға мұқтажбыз.

Жемқорлық жайы жылда жыр. Елбасының жыл сайынғы халқына Жолдауында да бұл мәселе айтылады.

Шариғат парақорлықты қатты айыптайды. Ол үлкен күнәлардың қатарына жатады. Әбу-Һүрайра (р.а) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Параны алған да, берген де адамға және оның заңдарына Алланың лағынеті болсын»,- деген. Ислам ғалымдары «оның заңдары» дегенде делдалдарды түсінуіміз керек деген тоқтамға келген. Абдолла ибн Омардан жеткен хадисте де дәл осындай ой айтылады. Ал имам Науауидің жинағында: «Параны алушы да, беруші де - тозақ қауымында» деп жазылған.

«Қай халықта талам-тараждық орын алса, олар құрғақшылық пен аштыққа ұшырайды, ал парақорлық жайлаған елді үнемі қорқыныш билейді» (хадисті имам Ахмад жеткізген),- дейді Пайғамбарымыз (с.ғ.с.).

Пара жүрген жерде әділетсіздік міндетті түрде болады. «Басшының елін бір сағат әділ басқаруы - бір жылдық нәпіл ғибадатқа тең» дейді бір хадисте. Демек, қарапайым адамның бір жыл жасаған нәпіл ғибадатына ол бір-ақ сағатта қол жеткізе алмақ. Тек әділетті ту етіп алса болғаны. Алайда, Жаратқанның бұл мүмкіндігін пайдалануды кейбір басшылар есіне де алғысы келмейді.

Қазақ елі басқа мемлекеттер сияқты жемқорлардың құлқынына жұтылмай, болып жатқан оқиғалардан үлгі алып, парақорлықты жою үшін нақты қадамдарға барса екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мынадай бір сөзі бар: «Егер адамдар қоғамда жамандықты көре тұра оның алдын алмаса, Алла тағала оларды күнәһарлармен бірге жазалайды» (хадисті Әбу Бәкірден (р.а) имам Ахмад жеткізген). Сондықтан, адамдарды жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақырмай жүре берсек, Жаратқанның жазасына тап болмаймыз ба?

Қазіргі біздің өмір сүріп отырған дәуірімізде рухани құндылықтар өте керек. Қоғамымыздағы кездесер келеңсіз жәйттер адамның рухани азғындауынан, иманының әлсіреуінен, жүрегінде мейірімнің болмауынан орын алады. Сондықтан, ел болашағы - жастарды имандылыққа тәрбиелеу мақсатымен олармен жиі-жиі кездесулер ұйымдастыру шараларын қолға алу керек. Мектептер мен жоғарғы оқу орындары елге қызмет ететін, ісіне мығым, рухани жаны таза, адамгершілігі мол мамандар дайындауы қажет.

Егер біз дамимыз, алға жылжимыз десек, онда Алланың заңдарын бұлжытпай орындағанымыз абзал. Баяғы ата-бабаларымыз Құранды басшылыққа алды, соның арқасында ұлан-ғайыр жерді ұрпағына аманат етіп кетті. Ел басқарған көптеген хандарымыз, билеріміз әділдікті ту етті. Қара қылды қақ жарды. Адалдық өзінен-өзі келмейді. Ол үшін Аллаға шексіз берілу керек. Біздің бабаларымыз осыны тек сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдей білген адамдар.

Өмірден түсінгенім - біздің халықтың мәдениеті мен өнері, әдеп-ғұрпы керемет екеніне көзім жетті. Бұл ұрпақ тәрбиесі үшін аса қажет құндылықтар. Өкінішке орай, осылардың қадіріне жете алмаудамыз.

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау әлі кемшін. Осыншама рухани байлығымыз бола тұра, жастарымыздың батысқа еліктеуін түсінбеймін. Алдағы уақытта дініміз бен ділімізді өз деңгейінде ұлықтай алатын болсақ, онда дамыған өркениетті елдердің қатарына тезірек қосыларымыз сөзсіз.

Жаратқанға сансыз шүкір, ұлт тағдырын, тіл мәселесін, дін тұрақтылығын сақтауға үлес қосып келе жатқан жаңа толқын өсіп келеді. Болашақ жастарды тәрбиелеп, олардың ертеңін ойлау - бүгінгінің борышы. Сонда ғана жүрегі туған жерім деп соқса, көңілі, діні, иманы мен салт-дәстүрге бұрып тұрса, бабалар аңсаған тәуелсіздік туы төмендемей, көк аспанда мәңгі желбіреп тұрар еді.

Мағзұм қажы БАЛТАБАЙҰЛЫ

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: