Жүректі қалай тазартамыз?

Жүректі қалай тазартамыз?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құранда айтылған «Сәлим, мүниб және мұтмайн» сынды жүректердің қасиеттерін сақтап, науқас жүректерді емдеп, мәңгілік мөрі басылған жүректердің кебінін кимес бұрын орындалуды қажет ететін мынадай шарттар бар. Олар:

1. Адал тамақ.

2. Истиғфар және дұға.

3. Құран оқу және оның үкімдеріне мойынсұну.

4. Құлшылықты ынтамен орындау.

5. Түнді құлшылықпен өткізу.

6. Алланы зікір ету және өзін-өзі бақылау.

7. Расулуллаһқа сүйіспеншілік таныту.

8. Өлімді ойлау.

9. Салих және шыншылдармен бірге болу.

10. Көркем мінез-құлық иесі болу.

Дегенмен жоғарыдағы аталмыш шарттарды ынтамен орындау қажет болғанымен, алдымен бұлардың не екенін дұрыс түсініп, мәнін жете ұғыну керек.

1. Адал тамақ

Құлшылық-мінәжаттар рухты қоректендіретін рухани азық. Әрине, ол тәнге қажетті материалдық күш-қуатпен орындалады. Адал тамақтан бойға руханият дарыса, харам тамақтан керісінше қатыгездік пен ғапылдық ұялайды.

Адал тамақ пен салих амалдар арасында тығыз байланыс бар. Дұғаның қабыл болуы үшін де адал тамақтың мәнісі зор. Расулуллаһ (с.а.у.) бұл жәйтті былайша баяндайды: «Уа, адамдар! Шүбәсіз Аллаһ барлық нәрседен пәк. Сол себепті адал және тазадан басқаны қабылдамайды. Аллаһ Тағала пайғамбарларға бұйырғандарын мүминдерге де бұйырған». Бұл жайлы мына аятта баяндалады: «Ей, пайғамбарлар! Адал нәрселерден жеңдер. Салих (игі) амал істеңдер. Өйткені, мен сендердің істегендеріңді жақсы білемін» (Мүминун сүресі, 51-аят).

«Ей, иман келтіргендер! Сендерге берген ризықтардың адалдарын жеңдер» (Бақара сүресі, 172-аят).

Осы аяттарды оқығаннан кейін Расулуллаһ (с.а.у.) ұзақ сапарға шыққандықтан шашы ұйпа-тұйпа, үсті шаң-тозаң солай бола тұра қолдарын көкке көтеріп: «Уа, Раббым! Уа, Раббым!» - деп дұға еткен бір адам туралы айтады да:

«Бұл адамның ішкен-жегені харам, кигені харам, хараммен қоректенсе, дұғасы қалай қабыл болмақ?» (Мүслим, Зекет 65) - дейді.

Көреген, салиқалы Алла Тағаланың дос құлдары жүрек әлемінің ашылуы үшін мынадай екі мәселеге көңіл бөлу керектігін айтады:

«Жегенде аузыңа кіргенге, сөйлегенде аузыңнан шыққанға абай бол!».

2. Истиғфар және дұға

Пайғамбарлардан бастап барлық әулиелер, салих құлдар және тура жолдағылар молшылықта да таршылықта да қуанышта да қайғыда да Алла Тағалаға жалбарынып мінәжат еткен. Истиғфар мен дұға – шын мәнінде іштей өкініш пен жалбарынышты білдіретіндіктен Аллаға жетудің ең әсерлі жолы.

«Пенде бір қателік істеген кезде жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер құл күнәні қайталап істемей, кешірім тілеп тәубе етсе, жүрек нұрланып шығады. Ал қателік (күнә) істегенді доғармай жалғастырса, қара дақтар көбейе түседі де, ақырында жүректі түгелдей қаптайды. Міне Алла Тағаланың: «Жоқ, негізі олар өздері істеген жамандықтары салдарынан жүректерін тот басқан» - (Мұтаффифин сүресі, 14-аят) деп баяндауы осы» (Тирмизи, Тәфсир 88).

Аллаға бет бұрып, жүректің ұлық дәрежеге жетуінде – дұға мен истиғфардың мәні зор. Әр түрлі әсерлерден өзгеріп, әр сәт Хақтан тайып кету ықтималы бар жүректің тура жолдан айрылмауы үшін пендеге дұға етуден басқа шара жоқ. Бұл турасында ұлы Раббымыз құлдарына былайша дұға ету керектігін үйретеді: «Раббымыз! Бізді тура жолға салғаннан кейін жүрегімізді жамандыққа тайдырма және бізді рақымыңа бөле. Ең мейірімді Өзің ғанасың» (Әли Имран сүресі, 8-аят).

3. Құран оқу және оның үкімдеріне мойынсыну

Алла Тағаланың ең үлкен сыйының бірі – адамзатқа жіберген Құраны. Рух пен тәннің шынайы бақыты Құран Кәрімнің арнасынан табылады. Құранның руханиятын паналамай, одан теріс айналып, тепе-теңдігінен айрылған адам адамдық қасиетінің обалына қалып, осы берілген нығметке көз жұмып, өзін құмарлық пен әуесқойлықтың толқынына батырады.

Құран – қайғылы рухтарға дауа, шаршаған көңілдерге шипа және құлды Раббысына қауыштыратын һәм ерекше қағидалар ұсынатын иләһи сыйлық іспеттес.

Ұлы Раббымыз өз кәламын барлық адамзатқа қарата былай танытады: «Ей, адамдар! Сендерге Раббыларыңнан үгіт, көңілге шипа, мүминдерге һидаят (тура жол) және рақым келді» (Юнус сүресі, 57-аят).

Ал, Хазірет Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадис шарифінде:

«Құран оқыңдар! Өйткені, Құраны бар жүректі Алла азаптамайды» деген (Дәрими, Фәзайлул-Құран 1).

Құран адамзатқа түскен. Ол «түсінігі бар» адам үшін таусылмас пікір қазынасы. Құранның руханиятынан аулақ туру үлкен қасірет.

4. Құлшылықты ынтамен орындау

Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде: «Алланы көріп тұрғандай ғибадат жаса! Сен оны көре алмасаң да, Ол сені көріп тұр» деп ескертеді (Бұхари, Иман 37).

Құлшылықтар – құлдың Раббысымен о баста жасаған келісімі іспеттес. Құлшылықтағы сәт – Алла Тағалаға жақындаудың белгісі. Сондықтан, ол адамның дүние тіршілігіне байланысты барлық мәселелерден көңілін бұрып, тек қана иесінің ризашылығы үшін бар ынтасымен ден қою керектігін және өз рухын дем алдырып, ерекше күш жинайтын әлемі. Өйткені, намазда қолды құлаққа дейін көтеріп, айтқан тәкбірі барлық нәрсені артқа тастап, тек Аллаға бет бұруды білдіреді.

Құлшылықтардың талап етілген нәтижеге жетуі үшін ең әуелі ықыласпен орындау шарт. Ықыласпен орындау – жүрек тыныштығы мен сүйіспеншілікке және қорқыныш сезімдеріне бөлене отырып, Тәңірдің құзырында тұру деген сөз. Құзырында тұрған ұлы Сұлтанынан қорқып, өзгелерден гөрі Иесімен болуды және тек Оған ғана құлшылық ету үшін жаратылғандығын сезіну, сондай күйде болу дегенге саяды.

Құлшылықтардың ең жоғарғысы һәм ең ауқымдысы – намаз. Намаз Алланың құлдарына деген ең үлкен сыйларының бірі. Хадис шәрифте былайша баяндалады: «Егер мүмин кісі алдымен жақсылап дәрет алып, сосын тұрып жүрегімен және жүзімен, яғни жан-тәнімен беріліп, ынта-жігерімен екі рәкағат намаз оқыса, оған жәннат уәжіп болады (яғни ол жәннатқа барады)» (Мүслим, Тахарат 17).

Намазға тұрған адам намаздан басқа ешбір нәрсемен айналыса алмайды. Намаз оны әр түрлі күнәлі ойлардан тыяды. Шынайы намазда жүректегі перде ашылып, ақиқат нұры төгіледі. Алла Тағаламен сөзбен айтып жеткізгісіз қауышу күйінде болады. Басқа құлшылықтарда мұндай емес. Мысалы, ораза ұстаған адам базарда тұтынушы да, сатушы да бола алады. Қажылық жасаған да дәл осылай. Бірақ, намаз оқыған адам тұтынушы да бола алмайды, сатушы да. Ол тек намазын ғана оқиды. Яғни өзі де рухы да Алланың құзырында тұруға мәжбүр.

Қасиетті аяттарда: «…Намазды дұп-дұрыс оқы! Расында, кәміл түрде оқылған намаз адамды жамандықтардан және дінге қайшы келетін әрекеттерден тыяды» - (Анкәбут сүресі, 45-аят) делінеді.

Намаздың жамандықтан сақтауы намаздағы көңіл-күйдің намаздан кейін де жалғасуына байланысты. Егер намаз оқыған адамда мұндай хал байқалмаса, ол шынайы түрде намаз оқымайды деген сөз. Сонымен қатар, намазды өз дәрежесінде оқи алмағандар үмітсіздікке салынып, оны тәркі етуден аулақ болғаны жөн.

5. Түнді құлшылықпен өткізу

Жүрек иелері үшін түннің тыныштығынан артық уақыт жоқ. Түнді белгілі мөлшерде ояу өткізіп, оның берекетін пайдалану қажет. Бұл турасында аятта былайша баяндалады: «Тақуалар түнде намаз оқып, истиғфар ету үшін жамбастарын қозғап жылы төсектерінен тұрады. Раббысына, азабынан қорқып, мейірімін күтіп дұға етеді, мархаматын сұрап, жалбарынады. Өздеріне берілген ризықтарды қайыр жолында жұмсайды» (Сәжде сүресі, 16-аят).

«Түннің бір бөлігінде Оған сәжде ет! Түннің ұзын бір бөлігінде оны тәсбих ет!» (Инсан сүресі, 25-26 аяттар).

Алла Тағала таң сәріде айтылған зікірге, басқа уақыттағыдан артығырақ мән береді. Өйткені, таң сәріде ғибадатпен айналысу басқа кездердегіден қиын. Сондықтан, таң сәрідегі құлшылық құлдың Раббысына деген шынайы сүйіспеншілігі мен тағзымының нышаны болып табылады. Абдұллаһ бин Амр бин Ас (р.а.), Расулуллаһтың (с.а.у.) былай ескерту жасағанын айтады:

«Ей, Абдұллаһ! Пәленше адам сияқты болма! Өйткені ол, түнгі ғибадаттарын тастамаушы еді, енді тұрмайтын болды» (Бұхари, Тәһәжжүд 19; Мүслим, Сиям 185).

Пайғамбарымыз (с.а.у.) сахабаларына:

«Түнгі құлшылыққа мұқият болыңдар! Өйткені, ол сендерден бұрынғы салих адамдардың әдеті. Түнде құлшылыққа тұру шүбәсіз Аллаға жақындауға себеп. Бұл ғибадат күнәларды тыяды, қателіктерге кәффәрат болады және денедегі дертті жояды» (Тирмизи, Дағуат 101) - деген.

Түнді түгелімен ұйқымен өткізбей, арасында ұйқыны бөліп тұру, адамның денсаулығы үшін де пайдалы екендігі медицинада дәлелденген. Расында көп ұйықтағандардың басы ауырады. Бұл ұйқы барысында дем алудың баяулауына байланысты мидың жеткілікті оттегін ала алмауының салдары. Ұйқысын бөлгендер осы әрекеттерімен дем алуды қалыпқа қойғандықтан, аз ұйықтаса да төсектен сергек тұрады. Екінші жағынан қарттардың өлуі көбінесе таңға жақын болады. Сол себепті дәрігерлер «таңғы уақытты» «өлім сағаты» деп атайды. Мұның себебі, ұйқының ең терең сағатында жүрек соғуы бәсеңдейді. Бұл сағатта ұйқыдан оянғандар, сонымен қатар суық сумен дәрет алса, барлық дененің қызметін қалыпқа келтіреді. Діннің әмірлері Аллаһқа құлдықты орындау мақсатында берілсе де, олардың әрбірінде осындай дүниелік пайдалар да бар.

6. Алланы зікір ету және өзін-өзі бақылау

«Жүректер тек Алланы зікір етумен ғана тыныштыққа қауышады» (Рағд сүресі, 28-аят).

Алла Тағала құлдың түріне емес, жүрегіне қарайды. Сондықтан, әрбір мүмин иләһи назар көрінісі түсетін жүрегін надандықтан қорғап, зікірмен шұғылдануды міндет санауы керек.

Құлшылық міндеттерінің ішіндегі ерекше мәні зор осы зікір сөзі Құран Кәрімде екі жүз елуден астам жерде айтылған. Алла Тағалаға шынайы мағынада құлшылық ету, зікірдің жүректегі дәрежесінің сезілу тереңдігіне қарай іске асады. Сол себепті Алла Тағаланың ақиқатын жүрекпен түсіну, білімнің ең абзалы және ең керегі де осы.

Алла Тағала зікірдің руханиятынан қапыда қалмау үшін бірнеше аятта былайша ескертеді: «Иман келтіргендердің Алланы зікір етумен және Хақтан түскен Құран арқылы жүректері беріліп, қорқатын уақыты әлі жеткен жоқ па?» (Хадид сүресі, 16-аят).

«Алланы зікір ету – әлбетте, ең үлкен ғибадат» (Анкәбут сүресі, 45-аят).

«Сендер мені зікір етіңдер, мен де сендерді зікір етейін (еске алайын). Маған шүкіршілік етіңдер, опасыздық (күпірлік) жасамаңдар!» (Бақара сүресі, 152-аят).

Алланы зікір ету «Алла» сөзін тек қана сөз жүзінде қайталау емес, оны жүрекке орнықтыру деген сөз.

Алла Расулі (с.а.у.) былай дейді: «Алланы зікір еткен адам мен зікір етпегеннің айырмашылығы, тірі мен өлінің айырмашылығындай» (Бұхари, Дағуат 66).

«Алланы сүюдің белгісі, Алланы зікір етуді ұнату» (Суюти, Жамиус-Сағир ІІ, 52).

Расулуллаһ (с.а.у.) жүрек тәрбиесі турасында сахабалардың қабілеттеріне қарай зікір етуді үйрететін. Үмму Ханимен болған мына әңгіме осының айғағы:

Әбу Тәлібтің қызы Үмму Хани (радиаллаһу анһа) Алла Расуліне (с.а.у.) келіп:

«Уа, Расулаллаһ! Мен қартайдым. Әрі шама-шарқым азайды. Маған отырған орнымда істей алатын бір құлшылық үйретесіз бе?» - деп сұрайды.

Сонда Расулуллаһ (с.а.у.):

«Жүз рет «субханаллаһ», жүз рет «әлхамдулиллаһ» және жүз рет «Лә иләһә иллаллаһ» деп айт» - деді (Ибн Мәжә, Әдеп 56; Ахмед б. Ханбәл, Мүснәд VІ, 344).

7. Расулуллаһқа сүйіспеншілік таныту

«Шүбәсіз, Алла және оның періштелері Пайғамбарға салауат айтады. Ей, мүминдер! Сендер де оған салауат айтып, толық мойынсұнушылықпен сәлем беріңдер» (Ахзаб сүресі, 56-аят).

Аяттағы иләһи пәрменнің шарты бойынша, Пайғамбарға салауат айту әрбір мұсылманға міндет. Бұл Алла Тағаланың әмірі. Алла Тағаланың сансыз періштелерімен бірге салауат айтқан ұлық Пайғамбардың парасаты мен кемелдігіне жақындау иманға ауадай қажет. Өйткені, Раббымыз аятта былайша бұйырады: «Ей, Расулім, оларға айт: Егер Алланы сүйетіндіктерің шын болса, маған бағыныңдар, сонда Алла да сендерді сүйіп, күнәларыңды кешіреді» (Әли Имран, сүресі 31-аят).

Алланы және Расулін шексіз сүюге жеткендер қияметке дейін Мұхаммедтің үмбеті және досы болып өмір сүреді, пәни өмірден соң үнемі жақсылыққа бөленіп, дұғалармен еске алынады. Осы халге жеткен көптеген Пайғамбар ғашықтарының арасынан мына екі мысалға назар аударсақ:

Абдұллаһ бин Зәйд әл-Ансари (р.а.) Расулуллаһқа (с.а.у.) келіп:

«Уа, Расулаллаһ! Сен мен үшін нәпсімнен, малымнан, бала-шағамнан және әулетімнен де сүйіктісің. Егер сені келіп көру нығмет болмағанда өлуді қалайтын едім» - деп жылайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.):

– Неге жылайсың, - деп сұрайды. Зәйд әл-Ансари:

– Уа, Расулаллаһ! Бір күні сіз де біз де өлетінімізді, сіздің пайғамбарлармен бірге жоғары мәртебеде болатыныңызды, біз болсақ жәннатқа кіргеннің өзінде төменгі дәрежелерде болатынымызды ойлап, сізді көре алмайтындығымнан қорқып жыладым, - деп жауап берді.

Бұған мейірімділікке толы Пайғамбарымыз (с.а.у.) ешқандай жауап қайырған жоқ. Осы кезде мына аят түсті: «Кім Аллаға және Пайғамбарына мойынсұнса, олар Алла нығмет берген пайғамбарлар, турашылдар, шейіттер және салихтармен бірге болады. Олар қандай жақсы достар!» (Ниса сүресі, 69-аят).

Абдұллаһ бин Зәйд әл-Ансари (р.а.) бақшада жұмыс істеп жүрген кезінде ұлы ентіге келіп, қайғыра Расулуллаһтың (с.а.у.) қайтыс болғанын хабарлайды. Осы ауыр хабарға теңселген әл-Ансари былай дұға етті:

«Аллам! Көзімді ал, осыдан кейін тек сүйіктім Хазірет Мұхаммедтен (с.а.у.) басқа ешкімді көрмейін».

Абдұллаһ бин Зәйд әл-Ансаридің дұғасы қабыл болып, сол жерде көзі көрмей қалды (Құртуби «әл-Жәмили Ахкамил Құран» V, 271 б.).

Мінеки, ғашықтық пен сүйіспеншілік, екі жүректің арасындағы шынайы байланыс. Сүйгендер еш уақыт сүйіктісін көңілінен және аузынан тастамайды. Сүйіктілеріне малы мен жанын аямай, жанқиярлықпен өмір сүріп өледі.

8. Өлімді ойлау

Өлімді ойлау – өлім келмей тұрып, өлімді еске алу деген сөз. Осылайша нәпсіқұмарлықтан арылып, ерікті түрде Раббыңның құзырына әзірлену. Бұл – иманға сүйенетін түсінік.

Адамның бітіп-таусылмайтын дүниеқоңыздығы, пәни үміт пен жұбаныштары қабірдің топырағының үйіндісіне айналмақ.

Қабірстандар пәни өмірін тамамдаған әке-шеше, бала-шаға, туған-туыстар мен дос-жарандардың мүрдесіне толы. Бұл дүниеде адам пешенесіне жазылғанына қарай сарайда немесе қамыс лашықта өмір сүрсе де бәрібір барар жері қабір. Одан қашып құтылатын уақыт та, мекен де жоқ.

Аятта былай баяндалады: «Негізі қашқан өлімдерің сендерді қалай да ұстайды. Сосын көместі де, көрнеуді де білетін Аллаға қайтарыласыңдар. Ол сендерге не істегендеріңді бір-бірлеп айтып береді» (Жұма сүресі, 8-аят).

Хадисте де: «Барлық ләззаттарды түп тамырымен жоятын өлімді көп еске алыңдар!» - (Тирмизи, Қиямет 26) деп бұйырады.

Өлім – адамның жеке басының қияметі. Қияметімізден бұрын оянсақ, өкінішке тап болмаймыз. Өйткені, әрбір пәни тіршілік иесі қай жерде және қашан болмасын қалайда Әзірейілмен кездеседі. Өлімнен қашатын жер жоқ. Олай болса, адам баласы уақыт өткізбей «Аллаға бет бұрыңдар» (Зарият сүресі, 50-аят) деген аятқа құлақ асып, Алланың рақымын пана деп қабылдау керек.

Адам бес күндік қонаққа келген. Сонда да осы дүниеде оған алданғаны қандай оғаш! Күн сайын жаназаларды көрсе де, өлімді өзіне келтіргісі келмейді. Өзін кез келген сәтте айрылып қалуы ықтимал жалған аманаттардың мәңгілік иесімін деп санайды. Алайда адам рухына тәнді киім сияқты кидіріп, есіктен дүниеге кіргеннен-ақ өлімге жол тартады. Адам сол жолдың әзірлік мекеніне кіргенін білмей, көбінесе ақиқаттан бейхабар өмір кешеді. Бір күні рух тәнін шешеді. Ақыреттің есігі болған қабірден бастап тағы да басқа бір ұлы сапарға аттандырылады.

Жүректің тазаруында «өлімді ойлау» ешбір нәрсеге салыстыруға келмейтін әсер береді. Бұл жайында Рәби бин Хусайн былай дейді: «Жүрегім өлімді ойлаудан алыстаса, бұзылып кете ме деп қорқамын. Егер өзімнен бұрынғыларға қайшы келмейтін болғанда, өлгенге дейін қабірстанда отырар едім» (Бәйхақи, Китабуз-Зүһд 212 б).

9. Салих және шыншылдармен бірге болу

Жүректі күнәлардан қорғап, оны жақсылыққа бейім ұстау үшін төңірегіндегілерге рухани нәр беретін көкірек көзі ояу салих, турашыл жандарға жақын болу шарт. Өйткені, әрбір мүшеде ерік болғанымен, жүректе ерік жоқ. Жүрек айналасынан келген әсерлердің ықпалымен бағыт-бағдарын өзгертіп тұрады.

Жүрек өзін қоршаған ортаның түр-түсіне және үйлесіміне бейімделеді. Бірақ, бұл жағдай жүректе белгілі бір әсердің тамыр жайып орнығуындағы бастапқы хал. Кейіннен болған жағымды немесе жағымсыз әсерлер алдыңғыларға ұқсастығы немесе қарама-қайшылығы себепті жағымды да, жағымсыз да болуы мүмкін. Бірақ, жүрек бастапқыда жақсы әсерге бөленіп, белгілі бір икемге келмесе үлкен қауіпке тап болады. Өйткені, сыртқы әсерлерден құбылып тұратын жүрек сүйіспеншілігіне қарай олардан әсер алады да, жиіркенішіне қарай оларды қабылдамай, қарсы тұрады. Міне осы себептен адамның рухани өрлеп, не төмендеуінде сүйіспеншілік пен жек көрушілікті орынды қолданудың мәні өте зор. Демек, сүйіспеншілік пен дұшпандықты шын мәнінде дұрыс бағыттай білу адамды бақытты етеді. Керісінше сүйіспеншілікпен дұшпандықты дұрыс бағыттай алмаса адамды бақытсыз етеді.

Жүрек қасиеттерінің дамып, жетілуі үшін салих және турашыл адамдардың тамаша халдерінен рухани күш алуға тырысқан жөн. Мұндай жағымды әсердің ең жақсы түрі рухани сұқбаттарда болады. Сондай-ақ, Лұқпанның (аләйһиссәләм) ұлына айтқан мына өсиеттері де осыны меңзейді:

«Балам! Ғалым адамдармен бірге бол және олардың сұқбатынан қалмауға тырыс! Өйткені, Алла Тағала жаңбырмен топыраққа нәр бергені сияқты, хикмет нұрымен жүрекке нәр береді» (Ахмед б. Ханбәл, Китабуз-Зүһд, 551 хадис).

Алла Тағала аятта былай бұйырады: «Ей, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар және шыншылдармен бірге болыңдар!» (Тәубе сүресі, 119-аят).

Расулуллаһ (с.а.у.) ізгі жақсылармен бірге болудың мәнін мына мысалмен түсіндіреді: «Жақсы дос пен жаман дос әтір тасушы мен көрік басушы сияқты. Әтір иесі саған жұпарынан сыйлайды. Не сен одан сатып аласың. Ал, көрік басушыға келер болсақ, ол сенің киіміңді өртейді немесе оның жағымсыз иісі саған сіңеді» (Бұхари, Буюғ 38).

10. Көркем мінез-құлық иесі болу 

Алла Тағала адамды нәзіктік, биязылық, сыпайылық т.б. сынды жоғары қасиеттермен безендірген. Адамның мәні жан дүниесіндегі осы қасиеттерді жетілдіруімен артады. Адамның тек сырттай ғана емес, іштей де адам болуы, көркем мінездермен жақсарып, жаман әдеттерді жоюы арқылы мүмкін болады.

Шынайы түрде адам болып өмір сүрудің бірден-бір шарты дін мен ахлақтың жоғары дәрежелеріне жетуінде. Адамзаттың кемелі және көркем ахлақтың ең жоғарғы шыңының үлгісі – Хазірет Пайғамбар (с.а.у.). Алла Тағала ондағы осы сипатты қуаттау негізінде: «Шүбәсіз, сен жоғары мінез-құлыққа иесің» - (Қалам сүресі, 41-аят) дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) өз хадисінде былай деген:

«Мені Раббым тәрбиеледі, қандай керемет тәрбиеледі» (Суюти, Жамиус-Сағир І, 12).

«Қиямет күні мүмин құлдың таразысында көркем мінезден ауыр ештеңе болмайды. Алла Тағала жаман іс істеп, жаман сөз сөйлеген адамды жек көреді» (Тирмизи, Бирр 62).

«Мен көркем мінезді кемелдендіру үшін жіберілдім» (Имам Мәлик, Муатта, Хуснул-Хулқ 8).

Хазірет Пайғамбардың «усуәтун-хәсәнәтун», яғни, өнегелі тұлғалығы барлық адамзатқа үлгі. Алла Тағала аятта мұны былай жеткізеді: «Ант етеміз! Аллаға және ақырет күніне жетуге үміттенетіндерге және де Алланы көп зікір етушілер үшін Расулуллаһтың бойында тамаша үлгі-өнеге бар» (Ахзаб сүресі, 21-аят).

Ардақты Пайғамбардың (с.а.у.) рухани өмірінен және көркем ахлағынан үлгі алу шарт. Тарихта Хазірет Пайғамбардың (с.а.у.) өнегелі тұлғасынан нәр алған мүминдер иманға байланысты кемелдіктің шыңына жетіп, жаратылысындағы иләһи қасиеттерді кемелдендіріп, адамзатқа шырақ болған. Ауру және надан жүректердің ең мықты дауасы – оған деген сүйіспеншілік.

Бұл қысқа тұжырыммен топшылау бізге Алла Расулінің (с.а.у.) пәк жаратылысындағы қасиеттерді білдіреді. Аллаға қауыша білудің сыры – Алланың кітабына және Жаратылыс Нұрының тамаша сүннетіне, яғни көркем мінезі мен іс-әрекеттеріне шын жүрекпен жақындауда. Алла Расулінің (с.а.у.) қасиеттерінен пайдаланудың негізгі көзі – оған сүйіспеншілікпен қарау, дұшпандарына да жиіркеніштік таныту.

Уа, Раббым! Біздің көңіл айнамызға ақиқат жарығын беріп, екі дүниенің сырлары мен хикметтерін тамашалатып, көздеріміз бен көңілдерімізді ақыретте дидарыңды тамашалайтындай етіп нұрландыр!

Әмин!

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: