Бисмилләһир-рахмарин рахим. Баршамызды қасиетті рамазан айына аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак рамазан айының келуімен құттықтаймын!
Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдарды атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Құдай Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы. Рамазан – жай уақытта жасаған жақсылықтар мен салиқалы амалдар сауабының еселеніп жазылатын құтты айы. Сондықтан, бұл айда бар игілік иелері жақсылық жасауда өзара аламан бәйгеге түседі. Мұсылман үмбеті бұл айды сарыла күтіп, сағына қарсы алады. «Ендігі жылы бұл қасиетті аймен қайта қауышуға ғұмырым жете ме, жоқ па?» деген қимас сезімдермен шығарып салады. Сондықтан, Хақ Елшісінің тілінде мына бір дұға «Уа, ұлы Құдірет! Бізді қасиетті Рамазан айына жеткізе гөр!» әрдайым қайталанатын да тұратын:
Иә, Рамазанда Жаратқанның құлдары жаппай ораза ұстайды. Ораза – тек ішім-жемге ауыз бекіту емес, Ұлы Құдірет разы болмайтын барша істерден тыйылып, күллі жаман ойлардан арылу. Сондықтан, бұл айда мұсылман баласы жүрек түкпіріне түрлі арам ойлардың уақытша ұялауына да жол бермей, нәпсімен айқаста күндей күркіреп, найзағайдай жарқылдайды. Барша дене-мүшелеріндегі жағымсыз қылықтар мен әрекеттерге кісен салып бағады. Бұл айда оның көзі тек ақиқатқа ғана ашылып, құлағы тек жақсы насихатты ғана тыңдайды. Тілі бос сөздерге күрмеледі де, небір жақұт-маржан жақсы сөздерге ағытылады. Қолы тек адал ұстап, аяғы тек сауап іздеп, жақсылыққа жүгіреді. Мұндай жандардың жадында әрдайым Хақ Елшісінің (с.а.у.): «Кімде-кім жалған сөйлеуін қоймаса, жағымсыз қылықтарынан тыйылмаса, Алла Тағала ондай адамның тек ауыз бекіткеніне мұқтаж емес» деген салмақты ескертулері жаңғырып тұрады.
Ораза – мұсылман үшін үлкен сабыр мектебі. Сондықтан, Жаратқанның құлдары бұл айда әдеп білмес пенделердің өзіне жасаған небір сорақы іс әрекеттерін көріп, ашу шақырар сөздерін естісе де, жарылуға шақ қалған нәпсісіне «Мен оразамын» деген жалғыз ауыз сөзбен тоқтау салып, сабырға шақырады. Мұндай күтпеген сөзбен соққы алған сол әдеп білместердің өзі де терең ойға шомып, тәубасына келеді.
Күні бойы аштық пен шөлдің қиындықтарына төзе білген, тіпті, жаздың небір ми қайнатар аптап ыстықтарында да ауыз бекітуге шыдаған жандар ендігі жерде өмірде кездесетін небір қиындықтарға мойымай, сабырлылық танытады.
Басқа айда өз қалауынша бей-берекет ішіп-жеп үйренген құл ендігі жерде судың бір тамшысын, тамақтың бір түйірін аузына салу үшін Ұлы Иесінің «азан» атты бұйрығын күтеді. Сөйтіп, он бір ай бойы өзін ие санап келген тәкаппар нәпсіге барша ырыс-берекенің, рызық-нәпақаның шынайы Иесі Алла Тағала екенін ұқтырады.
Бұл айда мұсылмандар бір-бірін қонаққа шақырып, ауызашар берудің, сауапқа кенелудің қызығына түседі. Дастарқанда небір ғибратты әңгімелер айтылып, сиқырлы уағыздар төгіледі. Рамазан берекелі дастарқан боп жайылып, отыз күндік иләһи мейрамға айналады.
Ауызашарды қуалап, «тарауих» намазының уақыты кіреді. Мешіттің іші маңдайын сәждеге қойған жандар мен көктен түскен періштелерге лық толады. Сөйтіп, ол жер періштелер әлемінің қызыға назар салар бірден-бір рухани мекеніне айналады. Онда ерекше мақаммен оқылған Құран сүрелері мен шынайы ықыласпен жасалған истиғфар (кешірім тілеу), зікірлер жүректердің дағын шайып, көңілдің түкпір-түкпірін аралап, жандүниеге ғажайып әсерін қалдырады.
Аталған айға дайындық шаралары еліміздің барлық мешіттерінде жүргізіліп жатыр. ИншаАлла аталған ұлық айда ең алдымен халықты, зиялы қауымды құттықтап баннер, бильборд, құттықтау қағаздардын шығарамыз. Рухани кештер ұйымдастырылып, күнделікті белгіленген мешіттерде ауызашарлар өткізілмек. Сонымен қатар ауызашар кештерінде белгілі бір маман өкілдері мен қоғам мүшелеріне де арналып дастархан жайылмақ. Қадір түнінде арнайы бағдарламалар жасалып, ораза айт мерекесі ұлттық нақышта аталып өтпек. «Рамазанда тегін такси». « Ораза айтта тегін жүріңіз» науқандары да жоспарлануда. Көпбалалы, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалып, халықтың ынтымағын арттыру мақсатында уағыз-насихаттар жүргізіледі.
Айта кетер болсақ, биылғы Рамазан айында пітір садақа құны 300 теңге болып бекітілді.
Биылғы оразада Алла тағала отбасыларыңызға береке берсін, мол сауаптан жазсын, қызметтеріңіз жемісті болсын!
Данияр ЖҰМАБАЕВ,
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысы бойынша өкіл имамы, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы