Алла Құранда мұсылмандарды Елшісінің сүннетіне ынталандырып былай дейді: «Расында сендерге, Алладан және ақырет күнінен үміт еткендер мен Алланы көп зікір еткендерге Алланың Елшісінде көркем өнегелер бар».
Басқа бір аятта: «(Елшім!) Оларға былай айт! Егер Аллаһты сүйсеңдер, онда маған ілесіңдер. Сонда Алла та сендерді сүйіп, күнәларыңды кешіреді. Алла аса кешірімшіл және рақымды», – деп айтылады. Демек, Алла Тағаланы сүюдің белгісі мен өзін Ұлы Жаратушыға жақсы көргізудің жолы – Оның Елшісінің ізімен жүру арқылы іске асады. Өйткені, Алланы шын жақсы көрген адам, әлбетте, Оның жақсы көрген және разы болған адамына ұқсауға тырысып, барлық іс-әрекетін үлгі тұтады.
Сүннетпен жүруде мол ақыреттік сауап пен нұр бар. Сүннеттің ең кішкене әдеп-ғұрыптарының өзі бейне бір жал-жал толқындары таумен таласқан аласапыран мына өмір-теңізде кеменің компасындай мұсылманға бейбіт жол көрсетіп, діттеген жағалауына сау-саламат шығуына арқау.
Пайғамбарымыз бір хадисінде былай дейді: «Үмбетім бұзылған заманда кімде-кім сүннетімді ұстанса, оған жүз шейіттің сауабы бар». Яғни, бидғат пен қараңғылық вирустай шартарапқа жайылып, ақырет ұмытылып, адамдар дүниеге ұмтылғанда, кіші үлкенді, бала ата-анасын тыңдаудан қалып, әлемде атеистік қара дауыл ұйтқып, аждаһадай алдына келгеннің бәрін жалмап-жұтқан заманда, құндылықтар құнсызданып, құнсыздар асылданып, адамдық қасиет аяққа тапталып, күллі дүние шыр көбелек айналып, астаң-кестеңі шығады.
Құран бейне бір мұражайларға қойылғандай үйдің қабырғалары мен керегелеріне ілініп, мұражайларға қойылған заттың сыртына «қол тигізуге болмайды» – деп жазылғандай, ешкімге, әсіресе, бүлдіршіндерге қолы тисе тоқ ұратындай ұстауға қатаң тыйым салынып, өлінің басында ғана тілі күрмелген қарияның үнінде түсініксіз шала шығады.
Адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы атанған Пайғамбардың (с.а.у.) есімі көптеген жүректерден өшіп, сүннеттері жарыққа шықпай, екінің бірі оқи алмайтын көне қолжазба кітаптарда қалады. Ораза мен намаз секілді Ұлы Жаратушыға деген шүкір етудің нышаны болған ғибадаттар алыстағы ауылдың кейбір сексенге келген қаһарман қариялары ғана оқып, бейне бір Ұлы Құдайға шүкір ету, қарттарға ғана тән іс-әрекет көрінеді.
Ілуде жас жігіт намаз оқи қалса, қаңыраған қара шаңырақта «атынан айрылып, қанатынан қайрылып», тұяқсыз атанып, жақында кемпірі де өліп, жалғыз қалып жабығып, бір аяғы жерде, бір аяғы көрде қалған қара шалдың қылығын жасап жатқандай оқыс көріп, үрке қарап, заманауи талапқа теріс келді деп, бір түнде жын жабысып, есі ауысқан адамдай төмен, кертартпа деп елге жат санап, шеттелген бір заманда15 бір мұсылманның: Басқа бір хадисте те дәл осы мәселені толықтырады: «(Селдей асып тасыған) бүліктер болады. Сол күні адам намазы үшін айыпталады. Бүгінгінің әйелі зина жасағаны үшін айыпталғаны тәрізді».
«Атыңнан айналайын, Пайғамбарым,
Мен сенсіз қалай ғана жай табармын?
Тыным таппай салауат айтсам-дағы,
Есіміңді келеді қайталағым.
Сүннетің ажыратып ақ-қараны,
Саған ерген ғұмырдан бақ табады.
Күллі әлем теріс қарап кетсе-дағы,
Мәңгі есімің жүректе сақталады» – деп жырлағанындай, сол заманда Алла Елшісінің сүннетін жандандыруға ат салысқан кісі жүз шейіттің сауабын алады. Иә, сол бір сұрапыл заман зулап өтіп артта қалды ма, әлде болашақта бола ма? Бізге белгісіз. Бірақ Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) үмбеті тоқырау кезеңін бастан өзкізетіні айдан анық. Пайғамбарымыз бір күні сахабаларына сол сұрапыл дәуір жайлы былай дейді:
«Әйелдерің сөз тыңдаудан қалып, тәні ашылып, көшеде жүрген, жамандықтары жер-жаһанға жайылып, ақиқат айтылудан қалған заман туғанда халдерің не болады?».
Сол сәтте сахабалар не дерін біле алмай қатты дағдарды. Өйткені, олар мұсылманның басына мұндай жамандық келеді деп ешқашан ойламаған. Қатты уайымдап, таңырқап:
– Осы айтылғандар бола ма, Пайғамбарым? – деді.
Сонда Алла Елшісі:
– «Нәпсімді құдіретті қолына ұстаған Аллаға ант етейін, бұдан да жаманы болады», – деп жауап қатқанда, айналасында отырғандар одан бетер дағдарып, сең соққандай теңселіп кетті. Тұла бойларын қорқыныш билеген олар аздан кейін: «Бұдан жаманы не, Пайғамбарым?», – деуге ғана шамалары келді. Сол кезде адамзаттың ардақ тұтар тұлғасы атанған Алла Елшісі:
– «Жамандық атаулы - ізгілікке, күллі жақсылық
- жамандыққа саналған күні халдерің қандай болмақ?»,
– деді.
Сонда сахабалар:
– Жақсылықтар жоғалып, жамандықтар жасала
ма? – деп сұрады.
– Бұдан да жаманы болады!
– Бұдан жаманы қандай болмақ, Пайғамбарым?
– Теріс қылықтарды көре тұра үнсіз қалып, беттен алып, жамандықтың селіне көміліп кете барғанда, тіпті оларға жамандықтың түр-түрін өздерің үйретіп ынталандырған кезде, бұдан жаманы Алла пен Оның Елшісі жүректерден өшіп, бастарыңа қара күн туған замандағы халдерің неткен аянышты?! Адамзаттың дара тұлғасы Пайғамбарымыз жоғарыдағы сөздерді айтқанда сахабалардың тыныстары әбден тарылып, дауыстары дірілдеп:
– Бұл да бола ма, Пайғамбарым? – деді.
– Иә, бұдан сорақысы болады», – деп жауап қатты.
Осы кезде Алла Елшісі Алла Тағалаға ант ете отырып, Оның мына бір сөздерін жеткізді: «Ұлылығыма ант етейін. Мұндай күйге түскен қоғамға сарқырамадай бүлікті салып жіберемін»...
Осындай қара түнек заманда бір мұсылманның Пайғамбардың сүннетін жандандыруы – шексіз шөлейтке сепкен дақылдай, жасаған ісі шейіттің ерлігіндей бағаланбақ...