Күйеуім мені ұрады...

Күйеуім мені ұрады...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса Қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Ислам діні – халқымыздың асыл қазынасы болып табылады. Дініміздің құндылықтары сана-сезіммен, салт-дәстүрімізбен астасып жатыр. Қазақ халқы ислам дінін берік ұстанған халық. Біздің халқымыз қыз баланы ерте бастан тәрбиелегенде ибалы болуға, үлкенді сыйлауға, әдептен аспауға, салт- дәстүрді сақтауға үйреткен. Қыз баласының тәрбиесіне аса зор көңіл бөлген.

Қыз баласы болашақ ана отбасы қамқоршысы болғандықтан оның орны бөлек тұрған. Ата-бабамыз қандай мәселе болмасын шариғат шеңберінен шықпаған. Пайғамбарда (с.а.с) барлық адамзат үшін көркем үлгі өнеге бар және қалдырған өсиеттері бар. Барлық жақсылық Алла сөзі Құранда және сүннетте. Алла Тағала «Сендерге Алла және Ақирет күніне үміт ететіндер әрі Алланы көп еске алатындарға Алланың елшісінде көркем үгі өнеге бар» - деген. Алла әйел мен ер кісінің қарым-қатынасын кемел дәрежеге жеткізген. Ер кісіге үстемдік берген Құранда «Ер адамдар әйелдерді Алла оларға бір-бірінен артықшылық бергені себепті басқарады» -деген. (Ән-Ниса сүресі 34- аят).

Ер кісіге шариғат шеңберінде әйелді дініңде берік болу, Пайғамбар (с.а.с)  өсиетін ұстана отырып тәрбиелеу құқығы берілген. Құранда Алла тағала «Ал, өздерін бағынбауынан қорыққан әйелдеріңе насихат айтыңдар, оларды төсектерінде /бір уақыт/ тастап қойындар және оларды /батырмай/ ұрыңдар, ал егер бағынса, оларға қарсы жол іздемеңдер. Ақиқатында, Алла аса Жоғары өте Үлкен» - деген. Пайғамбар (с.а.с)  хадисінде «Әйелдерің үшін Алладан қорқыңдар сендер оны Алла алдында аманатқа алдыңдар» - деген.

Жоғарыдағы аятқа қатысты толығырақ тоқталып өтетін болсақ, тәпсірде аятты былай түсіндіреді. «Егер әйелі күйеуін тыңдамай шектен шығатын болса, онда күйеуі тәрбиелік шараларды жүргізуі керек. Алдымен, оған аса ұлы Алланның бойұсынушы әйелдерге арнаған сыйы және бой ұсынбаушы әйелдерге арнаған жазасы жайлы насихат айтуы керек. Егер әйел оны қабылдамаса, онда төсек қатынасынан тыйылып, ол бет бұрғанша онымен бір төсекте болмауы керек. Бұл шарада өз әсерін бермесе, онда күйеуі әйелін жапа шектірмей жанына батпайтыңдай етіп, «құр сес көрсетіп» ұруына рұқсат етіледі. Әрі әйелі бетінен қайтып күйеуіне бағынған кезде, күйеуі өткен істері үшін әйелін жазғырмауы керек. Себебі, өткен теріс істерді еске алып, ойда сақтау қайғы мен жамандықтың туыңдауына себеп болады». Сондықтан ұру емес насихат айту жолымен тәрбиелеу керектігі айтылады. Себебі, күллі адамзат баласына көркем үлгі өнеге болған Алла елшісі (с.а.с) қолымен еш нәрсені ешқашан ұрмаған.

Айша анамыздан (р.а) жеткен хадисте: «Алла елшісі (с.а.с) қызметші болсын әйел болсын ешқашан ешнәрсені қолымен ұрмаған» - деген. Пайғамбар (с.а.с) «Сендердің ең жақсыларың әйелдеріңе жақсы қарағандарың» - деген. Ата-бабаларымыз осы жолды ұстанған. Қоғамымызда еш нәрсенің байбына бармай себепсізден әйелдерін ұрып соғатын еркектер кездеседі. Шариғатта жазықсыз ешкімді ұруға болмайды.

Алла елшісі (с.а.с) жазықсыз жануарларды да ұруға тыйым салған «Ахзап» сүресінде Алла Тағала: «Ал, иманды ерлерді және иманды әйелдерді жазықсыз түрде ренжіткендер жала мен анық қүнәні арқалайды» -деген жіне басқа сүреде «Сондай-ақ олар мен құпталғанға сай жақсы қарым-қатынас жасаңдар» -деген.           

Ата –бабамыздан келе жатқан айнымас қасиетіміз ең алдымен әйелдеріміздің ибалығы, обал –сауапты біліуі, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі. Алла тағаладан қорқу – асыл дініміздің негізі. Асыл дініміз нені үйретеді дегенде, ең алдымен жетім-жесірдің ақысын жемеу, аманатқа қиянат жасамау, ешкімге жәбір көрсетпеу. Ер кісінің әйелде хақысы бар сияқты әйелдің де ер кісіде хақысы бар.

Алла Тағала Құранда: «Ерлердің әйелдеріндегі хақылары сияқты, әйелдердің де ерлерінде белгілі хақылары бар» - деген. (Бақара сүресі, 228-аят). Хадистен келтіретін болсақ: Алла елшісі (с.а.с): «Шын мәнінде, әйелдеріңнің алдында тиісті міндеттерің бар» - деген. (Тирмизи, 1163). Мағауия ибн Хайда дан (р.а) жеткен хадисте: «Мен, «Я, Алла елшісі (с.а.с)! Әйелдерімізге қатысты бізге не нәрсе мідеттелінді?» - деп сұрағанымда, Ол (с.а.с): «Өзің жегеніңнен жегізу, өзің кигеніңді кигізу. Бетінен ұрма, балағаттап жаман сөз айтпа. Үйіңнен тыс орында даусыңды көтеріп ұрыспа!» - деген.

Міне, бұл хадисте әйеліне қол көтеріп ұрып-соғудан, ауыр сөздер айтып ренжітуден, дауыс көтеріп кіжінуден қайтарған. Өкінішке орай, қоғамымызда түрлі жағдайлар болып жатады. Кейбір «еркектер» бар от басына материялдық немесе рухани тұрғыдан тәрбиелеу былай тұрсын, үйінде отырып, әйеліне қол көтеріп, үй ішінің шырқын бұзады.

Сөз соңында Алланың сүйікті елшісі (с.а.с) әйелдерімен қандай қарым қатынас жасағанын келтірейік. Алла елшісі (с.а.с) әйелдеріне әділ болған, ешқашан қол көтермеген, бір нәрсені уәде етсе орындаған. Жақсы аттар мен атап, әйелінің алдында сөзімен де, ісімен де, жан дүниесімен де жан-жақты болған. Ұлттық тәрбие мен діни білімімізді дұрыс жолға қойсақ, қоғамымыздағы от басындағы көптеген келеңсіздіктер орын алмас еді.

Бауыржан НҮСИПБЕК

 «Үлкен Сұлутөр» мешітінің имамы 

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (3)

Оқи отырыңыз: