«Мәуліт» сөзі араб тілінде «туған күн» мағынасын білдіреді. Дереккөздерге назар салатын болсақ, Хақ Елшісі (с.а.у) тарихта «Піл» оқиғасы деп аталатын Хабашстанның Иемендегі билеушісі Әбраханың Меккеге шабуыл жасаған жылы дүниеге келген.
«Піл» оқиғасын базбір тарихшылар 569-шы, кейбір тарихшылар 570-шы, келесі біреулері 571 жылы болған дейді. Алла Елшісі (с.а.у) осы «Піл» оқиғасы орын алған жылдың көктемінде, Рабиу-л-аууал айының 12 жұлдызында, дүйсенбі күні Меккедегі Құрайыш тайпасы, Хашым руына қарасты Әбдумуталіпұлы Абдолланың шаңырағында дүние есігін ашқан. Ол күні Мұхаммедтің (с.а.у) туылғанын білдіретін аспанда нәби жұлдызы туған. Қағбадаға пұттар шайқалып жерге құлаған.
Кисра мен Мәдияндағы бағаналар пен мұнаралар құлаған. Зәрдуштердің пұтханасындағы мың жылдан бері сөнбей тұрған алау от өшкен. Сәуа көлінің кенезесі кеуіп кетсе, керісінше Самауа шөлін тасқын су басқан. Ібіліс соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.а.у) дүние есігін ашқанда есінен адасып, қатты шыңғырған. Иә, таңғажайып оқыс оқиғалар орын алып, мұғжизалардың көрініс беруінің себебі бұл күні әлемді құтқарушы, пайғамбарлықты тәмамдаушы Алланың рахым нұры – Мұхаммед (с.а.у) дүниеге келген еді.
Хақ Елшісі Мұхаммедтің (с.а.у) осы туылған күні – «Мәуліт» мерекесін мұсылман қауымы жыл сайын дүбірлетіп, дүркіретіп атап өтеді. Ибнут-Туфайрдың жеткізуіне қарағанда алғаш рет Мысырдағы Фатими билеушісі Муиз Лидуниллаһ (972-975) дәуірінде «Мәуліт» мерекесі аталып өте бастаған. Бірақ, сунниттік шариғатқа сай мәулітті Ирбил қаласының атабегі, Бәйтік руының биі селжұқ Музаффаруддин Көкбөрі (1190-1233) тұңғыш рет атап өткен.
Ибнул-Жаузидің айтуына қарағанда Музаффаруддин Көкбөрі «Мәуліт» мерекесінде жарлы-жақыбайларға садақа ретінде 5000 қой, 10.000 тауық, 100 жылқы, 100 мың табақ ас-ауқат, 30 мың табақ халуа, науқастарға дәрі-дәрмек, қарт адамдарға киім-кешек, бүлдіршіндерге көген-түп таратып, жыл сайын «Мәуліт» мерекесі үшін 300 мың динар ақша жұмсап отырған. Мешіттерде құтпа оқылып, «Мәуліт» жыры айтылып, Алла Елшісіне (с.а.у) салауаттар арнап, жұрт арқа-жарқа болып бұл мерекені тойлаған.
Осылайша Музаффаруддин Көкбөрінің бастамасымен мұсылман қауымы жыл сайын мұсылманша Рабиу-л-аууал айында «Мәуліт» мерекесін атап өтуді дағдыға айналдырады. Әйюбилерден кейін әһлу сунна сенімін ұстанған Мәмлүк және Осман т.б мұсылман патшалықтары «Мәуліт» мерекесін ресми түрде атап өтуді жалғастырды. Ал, қазіргі күні неохарижиттік сенімді ұстанатын бір-екі елден өзге мұсылман мемлекеттерінің басым көпшілігі «Мәуліт» мерекесін ай бойы тойлайды.
Мұхан ИСАХАН