Ерлі-зайыптылар бірін-бірі жақсы көретінін біледі. Алайда «сүйемін» деп қайталаудан шаршамаса игі. Жақсы сөз құлақты ғана емес, жанды да қуантады. Әсіресе жарының мақтау, қолдау сөздеріне әйелдер зәру.
Мәселен, әйеліңіз сізге тамақ пісіріп берді. «Бәрекелді! Қандай дәмді!» деп жеңіз. Астың тұзы сәл аздау, не көптеу болса да сөйту керек. Өйткені әйеліңіз сізді тәтті тағаммен қуанту үшін қаншама уақыты мен көңілін жұмсайды. Ал сізді мазалайтын бірінші мәселе: тамақтың иісі. Дәмін көрген соң «Ап-ащы болып кетіпті!» немесе «Немене тұз салмағанбысың?» дейсіз. Мұндай дөрекеліктің керегі қанша? Бұл – кез келген әйелді ренжітерлік сөз. Жарыңыздың көңілі су сепкендей басылып: «3-4 сағатымды ас үйде өткізіп, оған ұнамды тамақ әзірлеуге тырыстым. Ол болса, тұзды сөз қылып отыр» дейді.
Егер әйеліңіз тақуалы болса: «Кешір, келесі жолы дәмдірек пісіремін» дейді.
Егер діндарлығы басым болмаса, «Енді бірдеңе пісіргенім құрсын! Жақсылықты түсінбейсің. Бұдан былай өзің істе» дейді.
Ал жарыңыздың қулығы асып түссе, «Келесі жолы тамақты тұздайтын кезде сені шақырармын» дер.
Сондықтан, әйелдеріңіз дайындаған дастарқанды мақтап отыруды ұмытпаңыз. Тіпті, асыра мақтаудың айыбы жоқ, дінімізде өтірікке саналмайды, керісінше айтушыға сауап болып жазылады. Осыған байланысты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): "Адамдар айтқан сөзде үш өтірік рұқсат. Соғыста айтылған өтірік, (өйткені соғыс айласыз болмайды), адамдардың арасын татуластыру үшін айтылған жалған сөз және ердің өз әйеліне татулықты, арадағы жылылықты сақтау, жарасымдылықты арттыру үшін айтқан сөз, сол секілді әйелдің де еріне тап сол мақсатта айтқан сөзі" (Әл-Бұхари, Мүслім).
Әсіресе, оның қаншалықты әдемі болып жүргенін айтып отырған жөн.
Онша киінбейтін әйелдер болады. Бұл жөнінде жеткізгіңіз келсе, екі тәсіл бар:
«Түу, не киіп алғансың? Түк те жараспайды! Үстіңдегіні енді ешқашан киме!».
Бірақ сүйіктіңізді кеңесіңізбен ренжіткіңіз келмесе:
«Қымбаттым, өткендегі жасыл көйлекте сен бұдан да көрікті көрінесің» деп астарлап жеткізіңіз. Біріншіден, сіз оған комплимент жасадыңыз. Екіншіден, басқа киімде ол тартымдырақ көрінетінін білдірдіңіз.
Ең бастысы, әйеліңізді мақтауда жомарттық танытыңыз. Ұялмаңыз, қысылмаңыз. Қалай дегенмен ол сіздің некелі жарыңыз. Егер тамағы сәл ащылау болса да, мақтау сөздерде сараңдық етпеңіз. Оның ыждаһатын бағалаңыз. Нәтижесін әлбетте көресіз!
Осы жерде бір оқиғаны айта кетейік:
Бірде мешіттегі уағызда имам жамағатты әйелдерін жиі мақтауға шақырады. Бұл насихаттан үйіне әсерленіп келген күйеуі әйелінің тамағын сүйсініп жей бастайды. Әйеліне қарап күлімсірейді, түр-әлпетімен дәмді екенін сездіреді. Әйелі де жадырап отыр. Тамақты жеп болған соң күйеуі әйеліне:
«О, тамаша! Керемет дәмді болды!» дейді.
Осы кезде әйелі орнынан атып тұрып: «Не? Мен саған 21 жыл бойы тамақ әзірлеп келемін. Бір де бір рет маған осы сөздерді айтпадың! Енді келіп көрші әкелген тамақты «Керемет» деп мақтап отырсың ба?!» деп ашуланыпты.
Осындай жағдайға қалмас үшін әйеліңізді жылы сөздермен көтермелеп жүріңіз. Күнделікті үй шаруасындағы істерін құптап, мақтау айтуларыңыз оның мерейін өсіріп, одан да жақсы болуға ынтасын туғызады. Бір дана кісі: «Әйеліңді оның әдемі жақтарын айтып мақта, сонда ол өз бойындағы кемшіліктерін түзеуге тырысады. Өйткені ол өзіндегі бүкіл нәрсесі үшін сенің мақтау айтуыңды, оның бойынан еш кемшілік көрмеуіңді қалайды» депті.
Мәдина ЖАҚЫП,
ummet.kz