Намаздың сыртқы парыздары

Намаздың сыртқы парыздары

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

1. Хадасаттан тазалық (Рухани тазалық) 

Ғұсылы болмау, дәреті болмау, хайыз немесе нифас жағдайы – «хадас халі» деп аталады. Дәретсіздік – кіші хадас. Жүніп, хайыз, нифас – үлкен хадас. Кіші хадас немесе үлкен хадастан тазалану – жуыну, дәрет алу немесе тәйәммүм алу арқылы іске асады. Құранда Алла былай дейді: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді, қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартыңдар, және екі тобыққа дейін аяқтарыңды жуыңдар. Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар. Науқастанып қалсаңдар яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе яки әйелге жақындассаңдар, сонда су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғыңдар, онымен беті-қолдарыңды сипаңдар. Алла сендерге салмақ түсіруді қаламайды. Бірақ сендерді тазартуды, сондай-ақ, шүкіршілік етулерің үшін сендерге нығмет, ырыс-берекесін толықтыруды қалайды».

Хадисте: «Дәреттерің бұзылған кезде, қайта дәрет алмай, Алла намаздарыңды қабыл етпейді», – деп ескертеді. Басқа бір хадисте: «Алла тазаланбай оқыған ешқандай намазды қабыл етпейді» – делінеді.

2. Нәжістерден тазалану (Заттық тазалық)

Намаздан бұрын дене мен киімді немесе намаз оқылатын жерде болған ластықтың тазалануы қажет. Бұл намаздың іске асуы үшін шарт. Намазға кедергі жасайтын нәжістер: ауыр нәжіс және жеңіл нәжіс болып екіге бөлінеді. Ауыр саналғандар: егер қатты болса, төрт грамм салмағында, сұйық болса, алақан аясынан астам жерді қамтыған мөлшер киімде, денеде немесе намаз оқитын жерде болса, намазға кедергі жасайды. Жеңілге келсек, бұл дененің яки киімнің төрттен бірінен аз мөлшері намазға кедергі жасамайды.

3. Әуретін жабу

Әурет – шариғат терминінде қарауы харам, жабылуы парыз ұятты мүшелер. Бұл мүшелердің намазда немесе намаздан тыс жерлерде жабылуы – парыз. Ерлердің әурет жерлері: кіндігінен тізелерінің астына дейінгі жерлері. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.у.) мына хадисі дәлел: «Еркектің әурет жері – кіндігі мен тізесінің арасы», «Кіндіктің асты – тізеден түскенге дейінгі жерлер». Әйел үшін әурет – жүз, қол, аяқтан басқа барлық дене. Хазіреті Пайғамбар былай дейді: «Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен кезде оның мына мүшелерінен басқа жерлерінің көрінуі дұрыс болмайды. Алла Елшісі осы сөздерді айтқан кезде қолдары мен жүзіне ишарат еткен еді».

Хазіреті Айшадан бізге жеткен бір хадисте: «Алла балиғат жасына жеткен әйел затының намазын орамалсыз қабыл етпейді» – деп айтылып, шашты жабу керектігіне меңзейді. Намазда бір мүшенің төртен бірі еріксіз ашылып, «субханАллаһил-а'зим» дейтіндей уақыт тұрса, намаз бұзылады. Ал егер өз еркімен ашса, сол сәтте бұзылады.

4. Құбылаға бет бұру

Намазды құбылаға қарап оқу шарт. Мұсылмандардың құбыласы – Меккедегі Қағба. Тек қана салынған ғимарат емес, сонымен қатар, сол ғимараттың орналасқан жері де Қағба саналады. Мәдинаға көшпес бұрын мұсылмандар құбыласы Қудустағы Ақса Мешіті еді. Мәдинаға көшкен соң: «Жүзіңді Харам Мешіті жаққа бұр»153 аяты арқылы құбыла Меккедегі Қағбаға бұрылды.

Қағбаны көрген адам жүзін тура сол Қағбаға қаратып оқиды. Егер одан алыс болса, тікелей Қағбаға емес, соның бағытына қарай жүзін бұрады. Намаздың мақсаты – жүрекпен Алла Тағалаға берілу. Әлбетте, Алла өлшем, бағыттан пәк. Бірақ жүректің көңілі жай болып, намазда күллі мұсылманның жүзін бұратын бір жер қажет. Сырттай жүзімізді Алланың үйі – Қағбаға бұрғанымыздай, іштей де Алла назар салатын жүрегіміз бен көңілімізді барлық нәрселерден аластап, тазалап, тек Аллаға бет бұруымыз керек.

Қағбаның қай бағытта болғанын білмеген адам құбыланы білетін адамдардан сұрайды. Мүмкіндік болмаған жағдайда, құбыланы өз иштиһадымен (түйсігінің итермелеуімен) табуы ләзім. Яғни, осы тұста болуы тиіс деп, айға, жұлдызға, т.б. қарап, намазын жобалаған жағына қарай оқуы тиіс. Бірақ намазын бітірген соң оқыған жағы құбыла болмай шықса, намазын қайта оқудың қажеті жоқ. Құбыла жайлы күмән мейлі дала, мейлі қала, мейлі күндіз, мейлі түнде болсын бәрі-бір. Мұндай адамға біреудің есігін қағып, құбыланы сұрап жатудың қажеті жоқ.

Құбыла жайлы қүмәнданған кісі жанында адам бола тұрып, одан сұрамай өз қөзқарасымен бір тарапқа қарай оқыса, сол оқыған жағы құбыла болып шықса, намазын қайта оқу тиіс емес. Бұрыс шықса, қайта оқуына тура келеді. Көздері көрмейтін адам да осы секілді. Құбыла жайлы жөн білетін сенімді кісінің сөзіне қанағаттанбаса да, оған сену қажет. Себебі, хабар– зерттеуден әлдеқайда басым тұрады.

Құбыла жайлы әр түрлі пікірдегі адамдар әрқайсысы білетін жағына қарай оқиды. Олар бір-біріне имам бола
алмайды. Жабир ибн Абдуллаһ айтады: Бірде Алла Елшісі бір топ адамды бір жаққа жіберді. Түнде аспан бұлт болған соң ешкім құбыланы біле алмады. Осыдан барып әркім өз білген жағына қарай намаз оқыды. Біз мұны Алла Елшісіне жеткіздік. Ләм-мим демеді. Бірақ көп өтпей-ақ мына аят түсті: «Шығыс та, батыс та Алланікі. Сондықтан жүздеріңді қай жаққа қаратсаңдар, Алланың жүзі сол жақта». 

Кеме немесе пойыз, ұшақтағы адам шамасы келіп, мүмкіндігі болып тұрса, құбылаға қарап оқиды. Егер кеме бұрылса, ол да құбыла жаққа қарай бұрылуы қажет. Бұрылу мүмкіндігі болмаса, алғаш тұрған жағына қарай оқиды. Егер тікелей құбылаға қарай оқитын мүмкіндік тумаса, құбылаға ең жақын бағытқа қарай оқиды. 

Құбылаға бұрыла алмаған науқас адамның да жағдайы осындай. Өйткені, міндеттің орындалуы атқарушының мүмкіндігіне қарай шектеледі. Мініс атта, автомобиль мен автобуста нәпіл намазы оқылғанымен, парыз намаздарын уақыттары өтпей басқа жерде оқуға мүмкіндік бар жағдайда, аталмыш жерлерде оқуға болмайды. Өйткені, намаздың парыздарынан болған қиям мен құбыла орындалмайды. Бірақ жері лайсаң намаз оқуға лайықсыз жерлерде ат, көліктерін тоқтатып, соның үстінде құбылаға бет бұрып, оқи алады. 

Ханафи мәзһабында, екі намазды біріктіріп қосып оқу, тек қажылық мезгілінде Арафат пен Муздәлифәда ғана рұқсат етілген. Бұдан тыс жолаушылық секілді себептерге байланысты қосып оқи алмайды. Бірақ басқа мәзһабтарда жолаушылықта екі намазды қосып оқу бар. Сол себепті, жолаушылықта ханафи адам шафиғи мәзһабы бойынша, ниет етіп, зәру жағдайларда, екі намазды қосып оқуына болады. Құбыла жақтан 45 шамадан (градус) артық оңға немесе солға бұрылу – құбыланың шартын бұзады. Намазда себепсіз көкірегін құбыладан бұру намазды бұзады. Егер тек жүзін бұрса, дереу құбылаға бұру керек. Мұндай жағдайда, намазы бұзылмайды. Бірақ харамға жақын мәкрүһ болады.

5. Уақыт

Намаз – күннің арнайы белгілі уақыттарында іске асатын парыз. Парыз намаздарға уақыт шарт. Парыз сүннеттері, тарауих және айт намаздары үшін де уақыт шарт. Уақыты кірмейінше, парыз намазын оқу іске аспайтыны сияқты, уақыты шыққан соң оқылған намаз да қаза деп есептеледі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етілді», – дейді.

Бір намаздың ешқандай себепсіз белгіленген уақытынан кейін қаза етіп оқылуы – дұрыс емес және өте үлкен күнә. Бірақ бір адам ұмыту немесе ұйықтап қалу себептерімен намазын оқи алмаса, қазасын өтеуі қажет. Кейбір ғалымдар себепсіз намазын қаза еткендер кейіннен қазасын өтерде алдымен тәубе ету керектігін айтады. Қаза намазға бес уақыт парыз намаз бен үтір намазы кіреді. Жұма мен айт, сүннет намаздары үшін қаза қажет емес. Жұманы оқи алмаған кісі сол күннің бесін намазын оқиды.

6. Ниет

Ниет ету – намаздың шарттарының бірі. Ниет – намазға кіруді қалау. Адам қандай намазға кіргісі келсе, сол намазды жүрекпен білуі шарт. Адам намазға кірерде қай намаз екеніне күмәнданса, намазы дұрыс болмайды. Қайта ниет ету қажет. 

Ниет – жасалмақ іске жүрекпен иілу. Мұны тілмен айту шарт емес. Мүштәһид имамдардың бұл жайлы иттифақтары (ауызбірлігі) бар. Ниет – ғибадатты жай істерден бөлек етіп көрсету. Ниет өте маңызды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Іс-әрекеттер тек ниетке байланысты», – дейді. Сондықтан рияшылдықпен жасалған ғибадат – Алла үшін емес, адамдар үшін жасалған нәрсе. Оған сауап жазылмауы былай тұрсын, күнәсін алады. Демек, ниеттің орны – жүрек. Тілмен айту – көбірек айтылған көзқарас бойынша, мұстахап. Сол себепті, жүрекпен ниет етумен қоса, «Мына уақыттың намазына ниет еттім» – деп тілмен айту абзал. Айтылмаса оқасы жоқ. Парыз бен уәжіп намаздарға арнайы тағайындап білдіретін ниеттің болуы қажет. Парыздың қаза намаздары да солай. Бірақ нәпіл намаздарға жеке атын атап ниет етумен қатар, жалпы ниет те жетіп жатыр.

Бір адам жамағатпен намаз оқылып жатқан бір топқа үлгерсе, бірақ бұл намаздың парыз немесе тарауих екенін біле алмаса, парызға ниет етеді. Жамағат ниет еткеніндей парыз намазын оқыса, намазы дұрыс. Егер тарауих болып шықса, оқыған намазы «нәпіл намаз» деп саналады. Тарауих намазын құптан намазынан бұрын оқуға болмайтындықтан, оқығаны тарауих намазы болып есептелмей, тек қана нәпіл намаз түрінде қалады. Жамағатпен намаз оқылғанда имамға ұюға ниет ету қажет. Бірақ имамның имамдыққа ниет етуі шарт емес. Ал, жамағатқа әйелдер де қатысса, олардың намазы дұрыс болуы үшін, имам кісі оларға имам болуды ниет етуі керек.

Ниеттің ифтитах (бастау, ашу) тәкбіріне жақын болуы – абзал. Бірақ тәкбірден кейін ниет етсе дұрыс болмайды.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: