Жат ағым жарылқамайды

Жат ағым жарылқамайды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қазіргі қоғамды жауар күндей күркіреткен, тонаға тұйық тон терісін жамылған қазақ елін ғана емес, бүкіл әлемді дүркіреткен пиғылы жат теріс ағымдар дүниежүзілік проблемаға айналып отыр. Асыл дініміз исламға күйе жағып дін атын жамылғандар ислам десе зәресі зәр түбіне жетіп, шошынып қарайтын күйге түсткені жасырын емес.

Алла тағала Құран Кәрімде «Аллаға бағыныңыздар,оның пайғамбарына бағыныңыздар және өз араларыңыздан болған басшыға бағыныңыздар», - деген. Құран Кәрімде ел арасында ірткі салудың күнәсі адам өлтіргеннің күнәсінен де ауыр, ал бір адам өлтірудің күнәсі жер бетіндегі бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей дейді.

Бүлік шығарып, ақиқатты бұрмалаңдар демейді, әлбетте. Тазалық пен бейбітшілікті ту еткен дініміз адамзат баласына имандылықты, парасат пен пайымды, кешірім мен келісімді, шапағат пен мейірімді, қанағат пен рахымды, білім мен еңбекті насихаттайтындықтан мұсылман адамға көптеген жауапкершіліктердің жүктелетейді. Солардың ішінде шынайы дінімізді насихаттау, қоғамды ізгілікке шақыру – басты мақсаттардың бірі.

Арғы-бергі, тоқсан толғаулы тарихымызды парақтар болсақ, халқымыздың қандай да бір діни алауыздықтарға жол бермегенін байқаймыз.

Бүгін де өкінішке орай, дінімізді сан тарауға бөліп алған діни ағымдардың қатары артып барады. Бұған интернет жүйелерінде жарияланып жатқан бей-берекетсіз материалдар мен телеарналардан көрсетіліп жүрген атыс-шабысқа, зорлық-зомбылыққа толы фильмдердің әсері, көшелерде бей-берекетсіз сатылып жатқан түрлі бейнетаспалар мен қалай болса солай шығарылып жүрген діни кітаптар мен кітапшалардың, шет елдердегі діни оқу орындарынан білім алушылардың кереғар уағыздарының ерекше ықпалы болып отырғанын айтуға тиіспіз. Сондықтан оларға нақты тосқауыл қоятын кез әлдеқашан жетті десек артық айтқандық емес.

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп бірлікке ерекше мән берген бабаларымыздың аманатына сызат түсіп келеді. Теңіздің арғы бетінде соққан дауыл бергі бетіне жетпей қоймайды. Ел ішіне іріткі салып жүрген ағымдар көптеген отбасының берекесін қашырып, қаракөздеріміздің тағдырын талқандауда. Өз мүддесін көздеген ағымдар бұқара халықта сонау ата-бабасынан жалғасып келе жатқан дінінен үркітіп-шошыту үшін түрлі айла-шараларын жасап әлек. Мәселен, уаһабилер, құраниттер, ахмадияшылар, хизбутшылар, тәкфіршілер сынды ағымдар қой терісін жамылған қасқырдай ашық та, жасырын да ел ішінде өз жұмыстарын жүргізуде. Жасыратыны жоқ соңғы уақыттарда ел ішін ала тайдай бүлдіріп, жаңашылдық әкелмек болған «сәләфи» ағымы қанатын кең жайды. Осы бағыттың шырмауына түскен қандастарымыз сергендеңге түсіп дал болуда. «Іштен шыққан жау жаман» демекшіғ «анау болмайды», «мынау харам», «бұл шірк» деп Алла жолына енді қадам басып жатқандардың санасын улауда. Баршаға бергілі ИГИЛ- де әлемді дүр сілкіндірді.

Құранда Алла Тағала: «Түп-түгел Алланың жібене (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер, – деп бұйырады. («Әли-Имран» сүресі 103 аят). Сондай-ақ, ардақты сахаба Абу Зарр жеткізген бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім көпшіліктен жамағаттан сүйемдей жер алыстаса, ол өз мойнындағы Исламның арқанын алып тастағандай болады,» деген.

 «Ынтымақ болмай, тірлік болмас» дегендей айтылған мәселелердің алдын алу үшін жұдырықтай жұмылып, ілім мен білімді жеткізіп, жастардың көкірек көзін ашу керек. Ал бұл жағдайда тек дін мамандары ғана емес әрбір ата дінін бойына сіңдірген азамат үлес қосуға міндетті.

Білімсіз жаңалық ашпай, алдымен ілімге жүгінсек қайтеді?

Данияр ЖҰМАБАЕВ

ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: