Қазақ келіндері сәлем беріп иілгені Алла Тағалаға серік қосқанға жата ма?

Қазақ келіндері сәлем беріп иілгені Алла Тағалаға серік қосқанға жата ма?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Әңгіменің кіріспесі ретінде айта кетейік – бұл айтылған бірінші мәселеде «бүйректен сирақ шығарғыш» мазһабты ұстанбайтын бауырларымызға арналады. «Қазақ келіндерінің сәлем бергені – Алла Тағала серік қосқаны» деген әңгіменің басталғанына біршама уақыт болды. Бұл әңгіменің шығу төркіні – «біз саләфтарға еру керекпіз.

Ол кезде мазһаб болмаған, Құран мен хадисте айтылмағанның бәрі - адасушылық» деген мазһабсыздық идеологиясынан туындаған. Құран және хадиспен жүруге келісеміз. Алайда, «Құран және хадиспен жүру» дегеніміз не, мәселе осында! Осы мәселені түсінбеу нәтижесінде мазһаб ұстанбайтындар мұсылман қауымын «жәннаты мен тозақыларға» бөліп қойды.

Негізі «тек біздікі дұрыс» деген мазһаб ұстанбағандардың қателіктері баршылық. Дәл сол мұсылмандарды «жәннаты мен тозақыларға» бөлүді алайық! Құран қай аятында, Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) қай хадисінде: «Мұсылмандарды жәннаты мен тозақыларға бөл!»,-делінген?! Құран мен хадисте ондай талап жоқ! Онда неге мазһаб ұстанбайтындар адамдардың қайсысы жәннаты, қайсысы тозақы болатынын анықтап жүр?! Кімінің жәннатты, ал кімнің тозақы екені ұйғару – Хақ Тағаланың үлесіндегі нәрсе. Ондай болса, мазһаб ұстанбағандар өздерін Алла Тағалаға теңеп: «Мен – жәннатымын, ал сен - тозақысың»,-деген ширктің нағыз өзі емес пе?! Айта берсең әңгіме көп! Сондықтан әңгімеміздің өзегіне өтсек!

Сонымен, қазақ келіндері иіліп сәлем беруі неге жатады? Мазһаб ұстанбағандар бұны ширкке жатқызып, дәлел ретінде өздері «саләф» деген ғалымдардың сөздерін келтіреді. Сондай ғалымның бірі – Ибн Таймия. Одан қалса қазіргі уақытта Саудияда мәшһүр болған Ибн Баз, Усаймин, Әлбани т.б. сөзін келтіреді. Осы жерден бір аялдасақ! Һижри 7-8 ғасырларда өмір сүрген Ибн Таймия саләфтар қатарына жата ма?

«Саләф» сөзінің негізгі мағынасына сүйенер болсақ жатады. Өйткені, «саләф» деп ілгеріде өмір сүргендерді айтады. Алайда, Ибн Таймия хадисте аталып көрсетілген әрі ғалымдар «саләфтар» қатарына жатқызған сахаба, табиғин және атбағут-табиғиндер (табиғиндерден кейінгі буын) қатарына жата ма? Жоқ! Одан гөрі табиғиндерден болған имам Хасан Басри, Саури, одан кейінгі буын төрт мазһаб ғалымдарын айтса, әлде қайда «саләф» деген ұғымға жақын болмай ма?! Ал екі сөзінің бірінде: «Ибн Баз айтты. Усаймин айтты»,-деген Ибн Баз бен Усаймин «саләф» деген ұғымның маңына да жоламайды. Ибн Таймия, Ибн Баз және Усаймин ғалым бослса ғалым шығар. Бірақ олардың «саләфтар» қатарына жатқызу қаншалықты қисынды?! Енді иіліп сәлем беру мәселесіне талқылайық!

Басты мәселеде «сәжде» сөзіне түсініктеме берген жөн. Араб тілінде «сәжде» деп иілүді, еңкеюді айтады. Бұған дәлел Алла Тағала Адамға (ғаләйһис-саләм) періштелерді иілдіріп сәлем бергізгенін келтірсе болады. Сонымен қатар намазда маңдайды жерге қою да «сәжде» деп аталады. Сәжде (еңкею) екі түрлі болады:

1. Құлшылық сәждесі. Мәселен, намазда. Бұл сәжде тек Алла Тағалаға жасалады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф (келіспеушілік) жоқ!

2. Сәлем сәждесі. Мысал ретінде иіліп сәлем беру, құрмет көрсетуді айтса болады. Бұл мәселеде де ғалымдардың арасында ихтиләф жоқ. Дегенмен, осы орында мазһаб ұстанбайтындардың назарына Ибн Таймияның мына сөзін келтіруды жөн көріп тұрмын: السُّجُودُ عَلَى ضَرْبَيْنِ : سُجُودُ عِبَادَةٍ مَحْضَةٍ ، وَسُجُودُ تَشْرِيفٍ ، فَأَمَّا الْأَوَّلُ فَلَا يَكُونُ إلَّا لِلَّهِ «Сәжде екі түрлі болады. құлшылық сәждесі және құрмет сәждесі. Осының біріншісі тек Алла Тағалаға жасалады». ((مجموع الفتاوى، (4/361)

«Жәмиғүл-Баян» тафсирінде имам Табари (рохматуллаһи ғаләйһи) періштелердің Адамға (ғаләйһис-саләм) сәжде етуі жайында былай деген: «فَقَعُوا لَهُ سَاجِدِينَ – олар оған сәжде еткен халде құлады: бұл құлшылық сәждесі емес, бәлкім сәлем және құрмет сәждесі болды». ((جامع البيان، (14/65) Осыған қатысты ғалымдардың айтқаны: «Сондағы сәжде құлшылық сәждесі болса, Алла Тағала періштелерге оны бұйырмас еді». Ибн Әл-Араби (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Періштелердің Адамға (ғаләйһис-саләм) еткен сәждесі құлшылық сәждесі болмағанында бүкіл үммет келісті». (أحكام القرآن، 1/27)

Келесі мәселе! «Юсуф» сүресінде Яғқұб пайғамбар (ғаләйһис-саләм) және оның ұлдары Мысырға келгенде Юсуфқа (ғаләйһис-саләм) сәжде еткені жайында айтылған. Адамға (ғаләйһис-саләм) періштелер сәжде етсе, Юсуфқа (ғаләйһис-саләм) пайғамбар болған әкесі Яғқұб (ғаләйһис-саләм) сәжде етті. Ғалымдар айтады: «Егер сол сәжде ширк болса, онда Алла Тағаланың пайғамбары болған Яғқұб (ғаләйһис-саләм) олай етпес еді».

Имам Табари (рохматуллаһи ғаләйһи) тафсирінде Ибн Зәйдтың (родиял-лаһу ғанһу) мына сөзін келтірген: وَخَرُّوا لَهُ سُجَّدًا: ذَلِكَ السُّجُودُ تَشْرِفَة، كَمَا سَجَدَتِ الْمَلَائِكَةُ لِآدَمَ تَشْرِفَةً، لَيْسَ بِسُجُودِ عِبَادَةٍ «Яғқұб (ғаләйһис-саләм) пен Юсуфтың (ғаләйһис-саләм) бауырлары оған сәжде етіп жығылды: бұл періштелер Адамға (ғаләйһис-саләм) құрмет көрсетіп сәлем бергеніндей құрмет сәждесі болды.

Құлшылық сәждесі емес». (جامع البيان، 13/356) Сонымен қатар мына мәселе назардан тыс қалмағаны жөн! Алла Тағаладан өзгеге құлшылық ету ниетімен сәжде ету – бабамыз Адам (ғаләйһис-саләм) заманынан харам етілген амал. Таухид (Алла Тағаланы жалғыз тәңір деп білу) өзгермейді. Егер құрмет ниетімен сәжде ету (иіліп сәлем беру) харам болса, онда періштелер Адамға (ғаләйһис-саләм) және Яғқұб пайғамбар (ғаләйһис-саләм) ұлы Юсуфке (ғаләйһис-саләм) иіліп сәлем бермес еді! Сонымен қатар ғалымдар Яғқұб (ғаләйһис-саләм) Юсуфке (ғаләйһис-саләм) сәжде етуін (сәлем беруін) қауымның әдет-ғұрпына жатқызған әрі бұл Құранда харам деп айтылмаған. Бұл жайында имам Ибн Кәсир (рохматуллаһи ғаләйһи) тафсирінде айтқан. (تفسير القرآن العظيم، 4/412)

Болмаса, Алла Тағаладан өзгеге сәжде ету ауыр күнә. Егер құрмет белгісі ретінде иіліп сәлем беру Алла Тағаладан өзгеге сәжде ету болса, пенделерін бірінші мәселеде жәннаты болуын қалаған, ешбір жаратылысқа зұлымдық етпейтін Хақ Тағала одан тыймас па еді?! Демек, бір қаумның әдет-ғұрпындағы иіліп сәлем беруі Алла Тағалаға серік қосқанға жатпайды! Енді Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) тарихынан бір мысал! Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Муғаз ибн Жәбәлды (родиял-лаһу ғанһу) Шамға жібереді. Сонда Муғаз (ғаләйһис-саләм) Шамға келгенде, Шам жұрты оған сәжде етеді. Алайда, Муғаз (ғаләйһис-саләм) оларды одан тыяды. Ал, енді Муғаз (ғаләйһис-саләм) Шамнан келгенде ол өзі Пайғабарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) алдына сәждеге құлайды. Сонда Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Муғазға (родиял-лаһу ғанһу) үндемейді. Неге?! Себебі, Шамның халқы әлі дін талаптарын толық білмеді, осы себептен олардың сәждесі (иіліп сәлем беруі) құлшылық болып кетуы ықтимал болатын. Ал, Муғаз (родиял-лаһу ғанһу) Пайғабарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сәжде еткені құрмет белгісі болды. Пайғамбарымыз (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Муғаздың (родиял-лаһу ғанһу) ширкке бармайтынын біліп үндемеді.

Ескерту! Екі сөздің бірінде «дәлел, дәлел керек» дейтін бауырларымыздың құлағына алтын сырға! Имам Ибн Мажә (рохматуллаһи ғаләйһи) Абдуллаһ ибн Әби Ауфадан (родиял-лаһу ғанһу) риуаят еткен бұл хадисті Әлбани «хасан», яғни «жақсы» деген! Енді мына кереметке қараңыз!

Тарихтан түрлі жануар Пайғабарымызға (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) иіліп сәлем бергені мәлім. бұл мәселеге қатысты ғалымдар былай деген: «Егер сол ширк болса, Алла Тағала сол жануарларды Өз елшісіне сиындырып қояр ма еді?!» Ол ол ма?! Мазһаб ұстанбайтындардың назарында ерекше мәртебе ие болған имам Ибн Таймия осы мәселеге қатысты былай деген: وَقَدْ كَانَتْ الْبَهَائِمُ تَسْجُدُ لِلنَّبِيِّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ، وَالْبَهَائِمُ لَا تَعْبُدُ إلا اللَّهَ ، فَكَيْفَ يُقَالُ : يَلْزَمُ مِنْ السُّجُودِ لِشَيْءِ عِبَادَتُهُ؟!

«Жануарлар Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сәжде етер еді. Ал, жануарлар Алла Тағаладан өзгеге сәжде етпейді. Олай болса қалайша: «Біреуге сәжде ету – оған құлшылық еткенге жатады»,-деп айтуға болады?» Дәл осы пәтуасында Ибн Таймия иілү сәжде болу үшін жүректе құлшылық ниеті болу керектігі жайында айтқан! (مجموع الفتاوى، 4/360) Имам Шаукани (рохматуллаһи ғаләйһи) айтады: «Біреу біреуге құлшылық ниетімен сәжде етсе – бұл анық ширк!..

Ал, егер құрмет ниетімен иілсе бұл күпірлік болмайды». (السيل الجرار، 4/580) Демек, қазақ келіндерінің құрмет көрсету ниетімен иіліп сәлем беруі – ширк амалына жатпайды!  Алла Тағала баршамызға һидаят беріп, ақиқат түсінігін нәсіп етсін! Әмин!      

ummet.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: