Құрбандық шалған мұқтаж

Құрбандық шалған мұқтаж

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Құрбан айт мерекесінің қарсаңында мешітте абыр-сабыр қызу жұмыс жүріп жатыр. Әсіресе, мешіттің есеп бөлімі мәре-сәре. Құрбандыққа шалынған мал мұқтаж отбасыларға таратылатынын жұрттың бәрі біледі. Сөйтіп, 2-3 ай бұрын өтініш тастап, онда өз жағдайы жайлы тізіп жазады. Ұлық мерекеге жұмсалатын шығындарды есептеп отырғанда бөлмеге мешіттің ең жас қызметкері кіріп келді. Ол – осы мешіттің тілшісі. Есепші апайға: «Әпке бір кісі көмек сұрап еді. Өзі қарт кісі, бір қыз бір ұлы болған екен, қайтыс болыпты,» - деп біраз әңгімесін баяндап, көмек берілгенде осы кісіні де ескерейік деп ұсыныс айтты.

Әрине, Алланың үйіне көмек сұрап келгеннің барлығына мешіт қызметкерлері қолдан келгенше көмек қарастырып, ешқайсысын ренжітпейді. Алайда қазіргі ит ғұмыр, түлкі тірлік, қасқыр аран уақытта кімнің шын мұқтаж екенін ажырату қиын болды. Мұңын шағып, тағдырын айтып келген адамдармен бірге сырласып, қолдау көрсетіп, ұзын сонар хикаясын  тыңдап отыруға қызметкерлердің зауқы соға бермейді. Оларды мешітті өз асыраушысына айналдырып алған, ай сайын көмек сұрап келетін, одан қала берді дәл сол мезетте көмек бере қоймадыңдар деп айғай-шу шығаратын кей әйелдер мезі еткен. Ай сайын жасын сығып, жиі көмек алса да мен мүлдем алмадым деп байбалам шығаратындар да жатталып қалған. Не шүкірі не қанағаты жоқ тұрғындар ұрыс шығарып қана қоймай қарғап-сілеп кететіне  не дейсіз? Осыған қарамастан мешіт қызметкерлері сабыр сақтап, жамағат өздері қалдырған садақаны жинақтап, қаражаттың көлеміне қарай қайырымдылық шараларын жасап тұрады.

Бірде есепші апайға бір кісі келіп көмекке мұқтаж адам болса, телефоны мен мекенжайын айтсаңыз барып көмек көрсетсем деп едім деген ниетін білдірді. Апай тілші ұсынған жалғыз тұратын әжейдің мәліметін берді.

...Құрбан айт өтіп, у-шу саябырсып, әдеткі жұмысына келіп, есепші Құранын қолға алды. Көңілі жайланып, төмендегі қыздар бөлмесіне соға кетейін деп кіргені сол еді, тілші қыз қуана қарсы алды. Көздері үлкен қуанышқа толы, мөлтеңдеп әсте бірдемеге жүрегі елжіреп тұрғаны білінеді.   

– Білесіз бе, әпке! Өткенде мен айтқан апаға көмек көрсетпек болған кісі қой апарып беріпті. Әжей келіп алғысын айтып, қуанышын жеткізді.

– Жақсы болған екен. Баласынан айырылу анаға оңай ма? Асыраушысы да жоқ...

– Содан, әжей малды маған Алла берді ғой. Құрбан айтта бір садақа қылайын деп құрбандық шалыпты. Өзіне жетерлік бір бөлігін алып қалыпты да, қалғанын көршілеріне таратып беріпті.

– МашаАлла, мұндай шүкіршіл адамдардың болғанына шүкір, - деп тілші мен есепші апай бір-біріне қарап үлкен әсермен көздеріне жас алысты.

Айтқандай, әлгі әжей екі бірдей баласынан айырылып, жатақханада тұрып жатқан болатын. Зейнетақысы бір басына жетер еді ғой дерсіз, алайда апаның көзі көрмей қалып, көр болсам кімге керекпін, көзім көрсе әйтеуір тіршілік қылармын деп жарты жыл бойы зейнетақысын көзін емдетуге арналған отаға жинапты. Содан жағдайы болмай, я көмек көрсетер туысы да көрінбепті. Ота жасатқан соң көзіне орнатқан пердесі ағып, еріп кетес үшін газға шақындауға болмайды деп еркерткен екен. Ал оған ас-аухатты қайтып дайындамақ? Алла  дегенде көршілері жақсы екен. Келіп үйін жинасып, шайын береді. Кешкі асқа кезектесіп шақырып тұрады. Бұл қартайғанда қолтығынан сурейтін ешкімі жоқ қарт үшін үлкен көмек. Мұндай көршілер де бүгінгі заманда аз. Үйінде жер тағамы қалмай шарасы болмаған әже мешіттен көмек сұрап еді, қоңыр күздің күні тағам қылсаң жақсы әл бертін еттің келе қалғаны, апаның туысы болмаса да жалғыз емес екенін сездірді. Қуаныштан Аллаға шүкірін  жаудырған апа құрбан шалып, туысынан жақын болып кеткен өзі сында жатақханада тұратын тұрғындарға таратыпты.

Бұл жағдайды естіген есепші апай біраз үнсіз жылап алды. Екеуі әжейдің әрекетінен үлкен ғибрат алып, көңілдері толықсып, бір-біріне қарап ұзақ отырды. Шын мұқтаж адамдар шүкір етуді жақсы біледі. Әжейге жиі барып, қал-жағдайын сұрап тұрайық десті екеуі.

Айналаға қарағанда бәрі көркем, тамаша болып көрінуі мүмкін, алайда мұң арқалап жүрген қаншама ана бар. Бірін естісек, екіншісін байқамаспыз. Мешітке де күн сайын мұңын шағып келетін қаншама жандар бар... Сіз айфон алмадым, жаңа киім кимедім, көлігім нашар деп жүргенде бір уыс садақаның өзін басқаларға садақа қылып беретін жандар арамызда ада емес.  Кім білсін, зәулім үйде тұрып, қымбат көлік мініп жүрген сізден, жатақханада тұратын осындай әже сынды адамдар Алланың сүйген пендесі болар...

«Шүкір етсеңдер, арттырамын» (Құран Кәрім).

Ақерке БЕКҚҰЛОВА

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: