ӘЙЕЛ СҰЛУ ӘДЕБІМЕН...

ӘЙЕЛ СҰЛУ ӘДЕБІМЕН...

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бисмилләһир рахмәнир рахим

Қыз әкесін тозақтан қорғаушы, әйел күйеуінің иманының жартысы, ал жәннат ананың табанының астында дейді нәзік жанды жаратылысты ерекше құрметтеген ислам дінінде. Тіпті қызы бар үйге Алла Тағала күнделікті береке түсіреді екен.

Бұл жайлы Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімнің үйінде қыз бар болса, ол үйге күн сайын көктен он екі береке түседі. Ол үйге періштелер тынбай (үздіксіз) келіп тұрады. Әрбір күн, әрбір түн сайын олар (сол қыздың) ата-анасына бір жылдық құлшылықпен тең сауап жазып отырады» [1], – деген.

Қоғамның бет алысы да әйел затының тәрбиесі мен әдебіне байланысты. Өйткені, баланы дүниеге алып келетін, жатырдан бастап негізгі тәрбиені сіңдіртетін осы әйел заты. Бұл жаратылыс – нәзік әрі сұлу, іштей күшті, қылықты, сезімтал, айналасын ақылымен және айласымен гүлдендіріп, болмаса, түнертіп отыратын күшке ие. Әйел туралы қанша тілге тиек етсең де ашылмаған сыры мен жұмбағы көп дүниелер ақтарыла береді. Ал ислам әдебінде әйел атаулысы қандай болуы керек? Оның киім киісі, жүріс тұрысы, сөйлеу әдебі мен құқықтары қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.

Әйел – қыз бала шағынан бойына тәрбие жинап, әдебі мен ибасын қалыптастыра бастайды. Кейбір қоғамда қыз бала туылса, ренжіп, көңіл бөлмей жататын жағдайлар кездесіп жатады. Алайда қыз бала туылғанда ренжу, әсіресе анасын айыптау – үлкен қателік.

Құран кәрімде: «Алла қалағанына қыз, қалағанына ұл бала береді. Біреулерге әрі ұл, әрі қыз бала береді, ал қалағанын тумайтын қылады. Барлық нәрсені хаққымен білетін және бүкіл нәрсеге күші жететін тек қана Алла» делінген. [2] «Қыз баланы жақсылап тәрбиелеп, Алла Тағала берген нығметтермен молшылықта жегізіп, киіндірсе, бұл қыз ол үшін берекет болады, тозақтан құтылып жәннатқа оңай кіруіне себеп болады» [3] дейді Алла Елшісі (ﷺ).

Қыз баласын жат жұрттық санаған қазақ халқы қызды төрге шығарып, аялап, барын алдына қойған. Әжесі, анасы, жеңгелері бірлесіп тәрбие берген. Бұл дәстүр әлбетте еліміздің ата діні исламның өнегесі, ғұрып болып қалыптасқан әдебі. Екі дүние сардары болған Мұхаммед (ﷺ) өз сөзінде:  «Базардан жеміс-жидек алып үйіне әкелген адам садақа сауабын алады. Әкелген жемісті ұл балаларынан бұрын қыз балаларына берсін! Әйелдерді, қыздарды қуантқан адам Алладан қорқып жылағандардың сауабын алады. Ал Алладан қорқып жылағандардың денесі тозаққа харам болады» [4]деп қызды қадірлеуді өсиет етсе, тағы бір хадисінде: «Үш қызына қажеттіліктен құтылғанға дейін жақсы қараған, ішіп-жегізіп, киіндірген адам әлбетте жәннатқа қол жеткізеді» [5]деген.

Қыз – жайқалған гүл. Қалай баптасаң, сондай болып өседі. Қыздың бойында ұят, намыс, инабат, адамгершілік, ұяңдық болуы тиіс. Қазақ ықылым заманнан қыз баласын намысым, арым, ұятым деп қадірлеген. Қызды қырық үйден тиым жасап, әр әрекетін қадағалаған. Әлбетте, он екі де бір гүлі ашылмаған бойжеткен кім-кімнің болсын назарынан тыс қалмайды. Сондықтан да оның бүкіл бойға біткен әдебі, тәртібі өте маңызды дүние. Дана халқымыз: «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп, бекер айтпаған. Қызды тәрбиелеу – ұлтты тәрбиелеу деген сөз.

Осы тұрғыда бүгінгі замандағы қыздардың мінез-құлқына соқпай кете алмаймыз. Итің ұры десе, намыстанатын қазақ қыз тәрбиесіне келгенде босаңсып қалған секілді. Олай деуге себеп, әлемді айтпағанда қарапайым тон терісін жамылған қазақтың кейбір қара көздері түскен жағдай ұлтымызды масқара етіп жатқан жайы бар. Ұяттан аттап, иманды ұмытып, көргенсіз деген атты жамылған қазақ қыздарын еске алғанда жүрегің қан жылайды. Мұның барлығы иманның әлсіздігінен туындап отырғаны күлліге айқын жағдай. Бірақ әуелден мұсылмандықты ұстанып, осы имани тәрбиені бойына сіңдірген ибалы қыздар ұлттың ары болып, жүзін жарық етіп тұрғаны шүкірлік етерлік дүние. Аллаға шүкір егемендік туы желбірегелі бұқара халық өз ата діні исламмен қауышты. Ел ертеңі болар жастар да иманға бет бұрып, қазақы тәрбие қайта жандана бастады. Дегенмен бүгінгі таңда нәзік жандылар әдеп, иба тұрғысында қақ ортадан екіге бөлініп кеткені де рас. Сонымен, мұсылман қызы қандай болуы керек?

Мұсылман қыз ең алдымен өз ары мен намысын биік ұстауы тиіс. Құлшылықтарына аса мән беруі керек. Өйткені, ғибадат бар жерде әдеп ретке келеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (ﷺ): «Ұяттылық пен әдептілік әрқашан қайырлы істерге бастайды», - деген. Ұят-әдепті белден басып өте беретін, отырғанда, тұрғанда өзінің жаратылысын ескермейтін, қызға өте жарасатын қымсыну, тартыну, қызару, имену деген ойына кіріп-шықпайтын қыз өзіне ғана емес, ата-ана, бауыр-туғандарына сөз келтіріп, жерге қаратады. Сондықтан қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарауға мүлде болмайды. «Ұят боладыны» құлағына құйып өскен қыз әрқашан өзін-өзі сабырлы, әдепті ұстайды. Міне, қыздың келесі бір ахлағы – ұят. Пайғамбарымыз (ﷺ): «Ұят – иманнан» дейді. Жүрегінде иманы бар, Алладан қорқатын адам әдепсіздік жасаудан қашанда тартынады. Сондықтан қыз баласы иманын қуаттап, ұятты, инабатты, сыпайы, сыйлы болуы тиіс. Яғни барлық рухани жақсылықтар қыз бойынан табыла кетсе, ол болашақта салихалы әйелдерден болары сөзсіз.

Қыз баласының мінез-құлқына әсер ететін үлкен бір дүние – киім кию үлгісі. Қасиетті Құранда: «Мүмін әйелдерге де айт! Бөтен еркектерден көздерін төмен түсірсін! Әрі ұятты жерлерін харамнан сақтасын! Олар тек өздігінен көрініп тұрғаннан басқа әшекейлерін көрсетпесін! Және орамалдарын басына салып, онымен омырауларын жапсын! Әрі олар әшекейлерін көрсетпесін! Тек күйеулеріне, немесе әкелеріне, немесе күйеулерінің әкелеріне (яғни қайын аталарына), немесе ұлдарына, немесе күйеулерінің (басқа әйелдерден туған) ұлдарына, немесе аға-інілеріне, немесе аға-інілерінің ұлдарына, немесе әпке-сіңлілерінің ұлдарына, немесе мұсылман әйелдерге, немесе құлдарына, немесе әйел керек қылмайтын еркектерге, немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін жас балаларға көрсетсе онда оған рұқсат. Өздерінің жасырған әшекейлері біліну үшін аяқтарымен жерді тепсініп жүрмесін! Әй, мүміндер! Табыста болуларың үшін барлығың Аллаға тәуба етіңдер!» – делінген [6].

Әуретті жабу – жалпы әйел заты үшін Алланың бұйрығы әрі ең маңызды мәселенің бірі. Барлығын білуші, көруші Жаратқан Раббымыз мұндай бұйрықты бекерге бермейтіні хақ. «Алла ешбір кісіге оның шамасынан тыс нәрсені жүктемейді...» [7]. Бүгінгі қоғамның бұзылуы да қыздардың тым ашық киінуінен. Ұзын жең, ұзын етек көйлек пен жаулық – қазақ халқының дәстүрлі киім үлгісі. Оны ешқашан бізден емес деп айта алмаймыз. Классик жазушы М.Әуезовше айтсақ, «Орамал – дәстүр, орамал – шариғат шәлісі».

Орамал қай заманда да, қай уақытта да, қай елде де өте үлкен құрмет пен қасиетке ие болған. Және ол кез келген қыз-келіншектің көрігіне көрік, әдемілігіне сән қосатын ерекше әшекей. Біз әдетте адамгершілік пен ұяттан асқан әдемілік жоқ деп жатамыз. Ал, әйел заты үшін ең әдемі әшекей ұятын жабатын – орамал. Нәп-нәзік. Салмағы бар болғаны құстың қауырсынындай ғана. Бірақ, барлық аруды қорғап жүруге күші жететiн үлкен қасиетке ие. Кейбір ер азаматтар қорғай алмай жүрген әйел затын жамандықтан қорғайтын мықты қорғаушы! Орамалды құрметтегендер мойнына салады, қадіріне жеткендер оны басына шығарады. «Бiрiншi байлық – денсаулық, екiншi байлық – ақ жаулық,» - дейді халық даналығында.

Имам Абу Дауд Айшадан (р.а.) риуаят еткен хадисте: «Пайғамбарымыздың () қасына анамыз Әсма бинти Әбу Бәкір жұқа киіммен кіріп келді. Расулулла () оған қарап: «Әй, Әсма! Әйел балиғат жасына жеткен күннен бастап мынау және мынадан басқа жерлері көрінбеуі керек», - деп беті мен екі қолын (білезігіне дейін) және екі аяғын (тобығына дейін) нұсқады» [8] - деп айтылған.

Қыз бала көп адам жиналған орындарда көзге түседі, сыналады. Әйелдің өзіне харам болған адамдардың алдында әуретін жаппауы – күнә. Ал бір күнә он күнәны арқалайды. Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді демей ме, ата-әжелер?! Сән әлемі ғалам тұтқасын ұстаған бүгінгі таңда нәзік жандылар шариғат талабына сай киініп жүр ме? Әуретті қалай жапқан дұрыс?

Мұндағыбасты шарттардың бірі – киім дене бітімді білдірмейтіндей кең болуы және жұқа болмауы  керек. Бұған жоғарыда айтып өткен хадис дәлел бола алады. Кейінгісі, орамал омырауды жапқаны абзал, сондай-ақ, киім назар аудартатындай болмауы тиіс. Орамал астында түйілген шаш түйенің өркешіндей я гүл тәріздес етіп көрсетпегені жөн. Себебі, Әбу Һурайрадан жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (ﷺ) былай деген: «Бұрын-соңды көрмеген, дозақтық екі топ бар. Бірі – сиырдың құйрығына ұқсаған қамшымен адамдарды сабайтын топ. Екіншісі – үстерінде киімдері бар, бірақ жалаңаш, күнәға бейім әрі өзгелерді де күнәға шақыратын, бастары түйенің салбыраңқы өркешіне ұқсаған әйелдер. Міне, осы әйелдер жәннатқа кірмейді. Тіпті, мынанша ұзақтықтан сезілетін жәннәттің иісін де иіскемейді».[9] Қазір сәнге айналғандай құлақ, мойын, сырға көрсету де қателік. Қыз баласының яғни әйел затының сыртқа бөтен ерлердің алдына шығарында бояу мен иіссуын өшіруі абзал. Байқағанымыздай, әйел заты «әурет» болып есептелгендіктен оның киім киісі мен мінез-құлқы ортаға, қоғамға, ұлтқа, мұсылмандарға үлкен жауапкершілікті жүктейді. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) риуаят етеді: «Алланың елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) әйелдерге ұқсаған еркектерді, еркектерге ұқсаған әйелдерді лағынет етті» [10].Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) осы бір өсиеті де 21 ғасырдың әйелдері үшін айтарлық ескерту сынды. «Әйел – ер кісінің екінші жартысы» [11] дейді ардақты Алла Елшісі (ﷺ). Иманды әйелдің өзі де, сөзі де сұлу, өйткені, ол ылғи да ақылына жүгінеді. Ал, әйелдерді қорғайтын ең мықты қалқан, ол – оның иманы. Нағыз сұлулық жан сұлулығы, жүрек тазалығы десек, соның негізі – иман. Әйел баласын Алла Тағала өте нәзік әрі әлсіз етіп жаратты. Оған табиғи рең беріп, көркемдеді. Толағай-тағдырдың салмағын нәп-нәзік жүрегімен көтере білсін деп оның әлсіз иығынан бастап, тұла бойын төзімді етіп жаратты. Және дүниеге адам әкелуді, әр ауыртпалықты жеңсін деп Алла Тағала оған мықты қажыр берді. Ерінің иманының толығуына, нағыз ер болып қалыптасуына әсер ететін де осы әйел. Омар ибн Хаттабтың (р.а.) риуаятында Алла елшісі (ﷺ): «Иманды әйел – қайырлы іс жасамайтын 1000 еркектен де қайырлы» [12] деген.

Ер адамның жәннатқа кіруіне де әйелі мен отбасының жағдайлары себеп болмақ. Алла Тағала: «Сондай-ақ, олармен (әйелдермен) жақсы шығысыңдар. Егер оларды жек көрсеңдер, сендердің жақтырмаған нәрселеріңде Алланың көптеген жақсылығы болуы мүмкін» [13] деп, ер азаматтарға ескерту жасаған.

Исламда әйел адамға үлкен құрмет көрсетілген. Құран Кәрімде «Ниса» («Әйелдер»), «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Сондай-ақ, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де дініміздегі әйел адамның орны туралы кеңінен айтылған. Бұл – Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлгеніне дәлел. Күйеуге ұзатыларда да қыздың разылығы міндетті түрде ескерілді. Құранда: «Әйелдер сендердің киімдерің, сендер әйелдеріңнің киімдерісіңдер» [14] - деп жұбайларды бір-бірінің денесін суықтан, ыстықтан қорғайтын, рухты түрлі зиянды нәрселерден қорғайтын киімге теңеген. Пайғамбарымыздың (ﷺ)  әйел затына ерекше көңіл бөлу керектігі туралы  хадистері өте көп. Солардың кейбіріне тоқталар болсақ: «Мұсылмандардың ең жақсысы, әйеліне дұрыс қарағаны», «Әйелдерге жақсы мінезде болыңыздар».

Әйелдің қыз бала шағынан қалыптасып дамитын мінез-құлқы, әдебі, киім киісі мен оның мәртебесіне тоқталып өттік. Ал енді әйел заты қандай жар болуы керек?

Бұл жөнінде ғалымдарымыз әйелдің күйеуі алдындағы міндеттері деп тізіп, көрсетіп берген. Ең алдымен әйел кісі еріне бағынуы тиіс. Бұл турасында қасиетті Құранда: «Қиямет күні әйелден ең бірінші сұралатын нәрсе, намазы және күйеуіне мойынсұнғандығы». [15] Сондай-ақ, әйел адам күйеуіне қиындық тудырмауы тиіс. Пайғамбарымыз (ﷺ)  бір хадисінде осы жайлы былай дейді: «Егер осы дүниеде əйелі күйеуін орынды-орынсыз айыптай берсе, жəннатта күйеуінің жұбайы болатын Хор қыздарының бірі: Алла жазаңды берсін! Күйеуіңді қинама! Ол жақындасенімен қош айтысып, бізбен қауышады. Қазір сенің жаныңда уақытша ғана жүрген қонағың,– деп айтады». Əйелдің күйеуі алдындағы міндеттерінің бірі – ар-намысына кір келтірмей, еріне адал болуы. Əрбір мұсылман отбасының тəлімгеріне айналған Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір хадисінде былай дейді: «Əйелдердің ішінде ең жақсысы – намысы мен ар-ұятын сақтай білген, басқаға көз салмай, тек қана күйеуін жақсы көріп, соған қанағат еткен əйел». Әйелдің күйеуі алдындағы тағы бір басты міндеттерінің бірі – жыныстық міндеті. Хадисте «Ер кісі жұбайын төсегіне шақырғанда жұбайы барғысы келмей бас тартса, періштелер ол әйелге таң атқанға дейін лағынет айтады» деп ескерту айтылған. 

Әйел адам күйеуінің рұқсатынсыз сыртқа шықпауы және басқа адамдарды кіргізбеуі тиіс. Сондай-ақ, күйеуі ұнатпаған адамдарды қонаққа шақырмауы керек. Бұған байланысты пайғамбарымыздың (ﷺ) мынадай өсиеті бар: «Аллаға иман келтірген әйелге, күйеуі ұнатпайтын адамды үйіне кіргізуіне тыйым салынады. Күйеуі ұнатпаған уақытта үйінен шығуға тыйым салынады. Әйелге күйеуінен басқа адамды тыңдауына болмайды. Егер күйеуі жәбір көрсетсе де оған өзі келіп ризашылығын алуға тырысқаны жөн. Егер күйеуі риза болса, бұл әйелі үшін жақсы бір игілік болады. Дегенмен әйел қанша тырысса да күйеуі риза болмаса, онда ол әйелдің ары Алланың алдында таза болады». [16] «Әйел — әлсіз, қорғансыз адам. Ол көшеге шыққан уақытта шайтан оны шалуға тырысады». [17] Әйел күйеуі тапқан мал-мүлкіне ұқыптылықпен қарап, үнемдеп, ие болуы керек.

Ерінің разылығын тапқан әйелдерге жәннат сүйіншіленген. Ерінің разылығын алу арқылы, Алланың рақымына бөленбек. Умм Салам (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізді: «Кез келген әйел, күйеуі риза болып өлген болса, ол жәннәтқа кіреді» [18]. Пайғамбарымыз (ﷺ)  «Əйел бес уақыт намазын оқып, (Рамазанда) оразасын ұстаса, ар-намысын сақтаса жəне күйеуіне бағынса, оған жəннаттың қалаған есігінен кірсін делінеді».

Әйел заты ерінің көмекшісі, қолдаушысы, ол басшылық етіп отырған отбасының ұйытқысы. Хадисте: «Мына дүниенің жалғандығы — ол өткінші бір өмір ғана. Өткінші өмірдегі қолдануға берілген жақсылық – ол салиқалы, жақсы әйел» [19]десе, екінші бірінде, «Менің үмметімнің ең жақсы әйелдері, күйеулеріне сәлемі түзу (яғни, бойсұнушы) және қанағатшылдары» [20] деген.

«Мына дүниенің салиқалы әйелдері, хор қыздарынан жетпіс мың есе артық болады». [21] Осындай салихалы әйел-аналар тарихымызда естелік, бүгінімізге үлгі болып қалғаны баршаға белгілі. Айта кетсек, пайғамбарымыздың (ﷺ) сүйікті жары исламды ең бірінші болып қабылдаған Хадиша (р.а.), жастайынан исламды сусындап өскен, бар ғалымның білімінен асқан ілімі бар Айша (р.а.), қазақтың Зересі мен Ұлжаны, бодандық дәуірде жүрсе де басынан шәлісін тастамаған Сара ақын. Әлбетте, осындай басқа да тұлғалар мұсылман халқының тарихында өшпес алтын әріптермен жазылып қалды. Әйел болудың сырын осы тұлғалар жайлы естеліктерден біліп, үлгі тұтсақ, үлкен пайдасы болары сөзсіз.

Исламда «Жәннат – аналардың басқан ізінің астында» (Әнәс) деп әйел-ананың тұлғасы ерекше ұлықталған. «Пайғамбарымызға (ﷺ) келген бір адам: «Алланың елшісі, кімге жақсылық жасайын?», – деп сұрайды. Бұған Пайғамбарымыз (ﷺ)  оған: «Анаңа», – деп жауап береді. Әлгі адам екінші рет: «Одан кейін кімге жасайын?», - дегенде, - «Анаңа» деген жауап алады. Әлгі адам тағы: «Одан кейін кімге жақсылық жасайын?»,– дегенде Пайғамбарымыз (ﷺ) оған үшінші ретте де «Анаңа», – деп жауап береді. Тек төртінші рет сұрағын «Одан кейін кімге?», – деп қайталағанда, Пайғамбарымыз (ﷺ) оған: «Әкеңе», – дейді. Бұл хадис Исламда ананың (әйелдің) деңгейі үш есеге жоғары екенін көркем жеткізген. 

Ана болу – әйел адамның бақыты. Ананың жауапкершілігі де қиындығы да көп. Сондықтан, Алла Тағала анаға сондай мол сауап жазған. Мәселен, бұл жайлы Алла елшісі (ﷺ)  «Әйел жүкті болған кезде оған күнін оразамен, түнін құлшылықпен өткізгеннің сауабы жазылады. Толғағы басталған кезде, ешбір жаратылыс Алланың оған қандай сый беретінін білмейді. Ол сәбиін дүниеге әкеліп емізе бастағанда, сәбидің әрбір жұтымы үшін, әрбір емізгені үшін оған өліні тірілткендей сауап жазылады» (Абдуррахман ибн Ауф). Келесі бір хадисте «Әйел жүктілік уақытында, сәбиді туып асыраған уақытында Алла жолында жүрген жауынгер сияқты. Егер бұл уақытта қайтыс болса, оған шәһидтің сыйы беріледі» депген [22].

Алла тағала әйел затын қыз бала, жар, ана ретінде мол сауаптарға кенелтіп, мәртебесін көтергенін білеміз. Біздің басты мақсатымыз Аллаға мойынұсынған, салихалы, күйеуіне бағынатын, ардақты ана, аяулы жар, тәрбиелі қыз болу. Осындай жағдайда әйел заты өзі ғана емес жақындарын да берекеге кенелте алады. Ал олай болмаған жайдайда, «Әйел тозаққа түсетін болса, төрт еркекті өзімен бірге алып кетеді. Ол кім десеңіз, әкесі, ағасы, інісі, күйеуі. Бұл осы төрт кісі әйелдің түзу жүруіне жауапты деген сөз» дейді ғалымдар.

Жақсы әйелдің сөзінде даналық, рухында нәзіктік пен кіршіксіз тазалық, адамдармен қарым-қатынасында әрдайым өзін еріксіз сыйлататын және құрмет тудыратын қасиет болады. Парасатты жандар оның әлгіндей асыл қасиеттерін сезіп, пенделік сезімдерін ғибрат пен терең ойға еріксіз бұрады. Арлы, тәрбиелі және өз ошағына берік әйелдің үйі – Жәннаттың бір бұрышы. Ислам әйел адамның мәртебесін көтерді, әдебі мен тәртібін үйретті. Сол заңдылықтарды ұстана отырып амал жасап, салихалы әйел болып, Алланың разылығы мен жәннатына қол жеткізу әйел атаулысының өз қолында.

 Ақерке БЕКҚҰЛОВА


 

[1] Әбу Һурайра

[2] «Шура» сүресі, 49, 50 аяттар

[3] Табарани

[4] Ибн Адий

[5] Әбу Дауд

[6] «Нұр» сүресі, 30-31 аяттар

[7] «Бақара» сүресінің 286 аяты

[8] Абу Дауд

[9] Муслим

[10]Бухари

[11] Айша р.а. анамыздан Ахмад риуаят еткен

[12] Омар ибн Хаттаб

[13] «Ниса» сүресі, 19-аят

[14] «Бақара»  сүресі 187-аят

[15] Абу Шейх риуаят еткен)

[16] Муъаз ибн Жабалдан әл-Хаким және Байхақи риуаят еткен

[17] Ибн Масъудтан Тирмизи риуаят еткен

[18] ат-Тирмизи

[19] Абдуллаһ ибн Амр әл-Ъастан Муслим риуаят еткен

[20] Айша р.а. анамыздан ибн Ғади риуаят еткен

[21] Хаббан ибн Абу Хабладан Ибн Мубарак риуаят еткен

[22] ат-Табарани

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: