Құранды түсінуден туындаған айырмашылықтар.

Құранды түсінуден туындаған айырмашылықтар.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

а) Құран аяттарының астарлы мағынада яки сөздіктегі негізгі мағынасында қолданылуына байланысты.

Мәзһабтар арасында айырмашылық туындауындағы себептердің бірі – кейбір аяттардың астарлы мағынада яки тілдегі негізгі мағынасында қолданылғандығына байланысты әр түрлі көзқарастардың болуы. Мысалы, «Маида» сүресінің алтыншы аятында былай делінеді: «Егер науқастанып қалсаңдар, яки сапарда болсаңдар, не болмаса біреу түзге отырып келсе, яки әйелдеріңе тисеңдер (жақындассаңдар), су таба алмасаңдар, таза жерге тәйәммүм соғып, беттеріңді, қолдарыңды сипаңдар».

Ханафилер бұл аяттағы тию мағынасын білдіретін «ләмс» сөзі негізгі емес, астарлы мағынада қолданылған деп қабылдайды. Алла Тағала құлдарына әдептілікті үйрету мақсатында жыныстық қатынасты – жақындау, тию сөздерімен білдірген деген тұжырымға барған. Сондықтан ханафиларда ер кісінің денесі әйел адамға тисе дәреті бұзылмайды. Ер кісінің әйел адамға тию арқылы дәретінің бұзылмайтынына Айша анамыздың риуаят еткен бір хадисін дәлел ретінде алға тартады.

Бұл хадисте әйеліне қолы яки басқа бір денесі тие тұра Пайғамбарымыздың (с.а.у.) дәретін жаңаламастан намаз оқығаны айтылады. Ал Шафиғилар болса, аяттағы тию мағынасын білдіретін «ләмс» сөзінің астарлы мағынада емес, тілдегі негізгі мағынасында қолданылды деген көзқарасты таңдағандықтан, ер кісінің әйеліне яки басқа әйелдерге қолы немесе кез-келген денесі киімсіз жалаң күйде тиген жағдайда дәреті бұзылады (анасы, қызы сияқты үйленуіне болмайтын адамдарға тисе дәреті бұзылмайды).

Ханафилардың дәлел ретінде келтірген хадисіне былай деп жауап береді: «Пайғамбарымыз әйеліне қолын яки басқа денесін тигізгеннен кейін дәретін жаңаламаса, әйелінің денесіне емес, киіміне тигізген шығар». Екі мәзһабтың да көзқарастары дәлелдерге сүйенгендіктен екеуі де дұрыс.

ә) Бір сөздің астарлы мағынасынан тыс негізгі бірнеше мағынасының болуы: Аяттардағы бір сөздің бірнеше мағынаны білдіруі де бір мәселеде мәзһабтар арасында әр түрлі көзқарастардың туындауына себеп болған.

б) Аятта анық белгілеудің, шектеудің болмауы: Аятта істелінетін істің толық белгіленіп, шектеу қойылмауына байланысты бір мәселеде мәзһабтар арасында әр түрлі көзқарастар пайда болған. Мысалы, басқа мәсіх тартуды немесе шашты сулап сипауды әмір еткен «Маида» сүресінің 6-аяты: «Ей, иман еткендер! Намазға тұрарда жүздеріңді және қолдарыңды шынтаққа дейін жуыңдар. Бастарыңа мәсіх тартып, аяқтарыңды екі тобыққа дейін жуыңдар» – дейді.

Бұл аятта басқа мәсіх тартудың көлемі нақты белгіленгендіктен, Шафиғиларда бастың кішкентай бөлігіне мәсіх ету, тіпті, су себу жеткілікті. Ал Ханафиларда, кем дегенде, бастың төрттен біріне мәсіх ету парыз болса, Малики және Ханбалиларда басты түгел мәсіх ету парыз. Әр мәзһаб өзінің ұстанған көзқарасын қолдап, шариғи дәлел келтіргендіктен, бәрі дұрыс. Себебі, барлығы берген пәтуаларын аятта қолданылған «бастарыңды» деген мағынаны білдіретін «руусикум» сөзінің алдына қосылып жазылған « ب» яғни, «б» әрпінен шығаруда. Араб тілінде «б» әрпі әр түрлі мағынада келеді: 

1. Ешқандай мағынасы жоқ, тек өзінен кейінгі сөзді әдемілеу үшін келеді.

2. «Кейбір» мағынасын білдіреді.

3. «Тигізу, жанастыру, бітістіру» мағыналарында келеді. Міне, сондықтан Имам Ахмед пен Имам Малик: бастың барлық жерін мәсіх ету керек дейді. Себебі, бұл жердегі «б» әрпі тек қана сөзді әдемілеу үшін келген (зайд) яғни жеке тұрғанда мағынасы жоқ артық әріп дейді.

Ал Әбу Ханифа болса, бұл жердегі «б» әрпі «кейбір» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан, бастың кейбір жерін мәсх етсе жетіп жатыр дейді. Ал имам Шафиғи болса, бұл жерде «б» әрпі «тидіру, біріктіру, жабыстыру, жанастыру» мағынасында келгендіктен, тек қана қолдың басқа жанасуы, бірнеше шашқа тиюі мәсіх ету болып саналады деп пәтуа берген. Аяттардың кейбір мәселелерді анықтап, белгілі шектеу қоймауында көптеген хикметтер бар.

Негізгі хикметі мен себебі, – дініміздің ақыл-ойға берген еркіндігі мен бостандығында. Ұлы Жаратушымыз құлдарының ақыл-ойын қолдануын қалайды. Құранда көптеген аяттарда «Ақылға салмайсыңдар ма?» делініп, мұсылмандарды ойлануға, толғануға, ой еркіндігіне шақырады. Міне, сондықтан ғұламалар бір аяттан ақиқат шеңберінде көптеген үкімдер шығарып, үкімдерін хадистермен қуаттаған.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: