Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте Пайғамбар (с.а.с.): «Дүниеге құштарлықты жоюшыны (өлімді) жиі еске алыңдар!» – дейді.
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Пайғамбарға (с.а.с.) онның оныншысы болып келдім. Ансарлардан бір ер кісі: «Уа, Алланың елшісі! Ең ақылды және жомарт адам кім?» – деп сұрады. Сонда Пайғамбар (с.а.с.): «Өлімді көп еске алғандар және оған ең жақсы дайындалғандар. Міне, солар ақылдылар. Олар бұ дүниеде көп шүкірлік етіп, Ақыреттің кереметін жан-тәнімен сезетіндер», – деді», – деген.
Әл-Ғазәли «әл-Ихия» атты кітабында: «Біл, әлбетте өлім – қиын, қатері зор. Кімде-кім оны ойламаса жүрегінің бостығынан емес, бәлкім, дүниеге қызығушылықтан ойламаса жүрегіне өлімді еске алуды орнықтырсын! Мұны жүзеге асыру жолы – пенде өзінің жүрегін тек өлімді еске алумен орнықтырып, басқа барлық істен қағыс қалдыруы керек, құдды бір қауіп-қатерлі сахараға немесе теңізге сапар шегуді қалаған адам сияқты болсын, себебі ол одан басқа еш нәрсе ойламай, тек соны ғана ойлайды. Егер өлім қатерін жан-тәнімен сезінсе ол әсерлене бастайды, сол сәтте оның дүниеге құмарлануынан туған қуанышы, шаттығы азайып, жүрегі жұмсарады.
Өлімді еске алудың ең жақсы жолы – адамның өмірден өткен серіктерін жиі-жиі еске түсіруі. Сөйтіп олардың дүниеден қайтқанын және топырақ астындағы хал-ахуалын ойлайды, өлгенге дейінгі жақсы жағдайларын, атқарған қызметін есіне алады. Енді міне, топырақ олардың жақсы дәуренінен белгі де қалдырған жоқ. Қабірлеріндегі өмірі қалай өтіп жатқаны белгісіз. Әйелдері, балалары жетім-жесір атанды. Мал-мүліктерін өздерімен бірге алып кеткен жоқ, мешіттер мен мәжілістердегі орындарын басқа біреулер иемденді.
Олардың қалай қайтыс болғанын ой елегінен өткізсе өмір сүру, тірі қалу үшін жасаған әрекеттерін есіне алса, өлімді ұмытып, әр түрлі қызықтарды алданыш тұтып, жастықтың күш-қуатына сүйенгендерін, ойын-күлкіге берілгендерін, сөйтіп, ажалдың тез жетіп келетінінен бейхабар болғандарын түсінер еді. Сондай-ақ марқұм досы шешен тілімен, әсем үнімен қалай саңқылдап сөйлейтін еді, енді міне, оның тілі құрттардың жеміне айналды. Қалай жарқылдап күлетін еді, енді топырақ аппақ тістерін шірітті. Ажалына бір апта қалғанда ол өзін не күтіп тұрғанын сезген де жоқ.
Бар мақсаты баю болып, алдағы он жылға жоспар жасады. Егер күтпеген жерден өліп қалуы мүмкін екенін ойласа, көз алдына періштенің бейнесін елестетіп, жаннатқа не тозаққа шақырған үнді естігендей беймаза күй кешіп немесе өзінің құлшылықты ұмытып, қаннен қаперсіз дүние қызығына беріліп кеткен басқа да күнәкар пенделерге ұқсайтынын және солар сияқты жазаға ұшырайтынын түсінер еді», – деп жазады.
Абдуллаһ ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын): «Алла елшісі (с.а.с.) иығымнан ұстады да: «Дүниеде бөтен немесе жолаушы сияқты бол», – деп айтты», – деген.
Ибн Омар (Алла әкесі екеуіне разы болсын) Пайғамбарымыздың (с.а.с.) осы хадисін есіне алса: «Егер кеш батырсаң таңды күтпе, егер таң атырсаң кешті күтпе. Саулығыңнан науқасыңа ал (денсаулығыңды пайдалан) және өміріңнен өліміңе (ал)», – дейтін.