Шариғат бойынша қыз айттыру және құда түсу әдебі.

Шариғат бойынша қыз айттыру және құда түсу әдебі.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

ҚЫЗДЫ АЙТТЫРУ

Екі жас болашақ жар ретінде бір-бірін таңдағаннан кейін уақытты көп созбай отау көтеруге қам жасау қажет. Халқымыздың салт-дəстүрі бойынша, көбінесе үйленудің алдында екі жақтың келісімін алу үшін, əрі тойға дайындалу мақсатымен ең бірінші құда түсіп, қызды айттыру салты орындалады. Бұған дініміз бойынша да рұқсат етілген. Бірақ Ислам діні қыз айттыру кəдесінің шығынсыз іске асқанын құп көрген. Мұсылмандық салт-дəстүріне көз жүгірткенімізде қызды айттырудың бірнеше түрін кездестіреміз. Келесі тақырыпшалардан қыз айттыру ережелерінің өзі халқымыздың əдет-ғұрыптарына айналған мұсылмандық дəстүр екенін көреміз.

1. Қызды ата-анасынан сұрату

Жігіт жағы қалауы түскен бойжеткеннің ата-анасынан барып қызын сұрайды. Пайғамбарымыз да (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Айша анамызбен (р.а.) үйленерде хазірет Əбу Бəкірдің (р.а.) өзінен сұраған. Еліміздегі қыз айттыру дəстүрі де көбінесе осы түрде өтеді.

2. Қыздың өзіне ұсыныс білдіру

Үйлену туралы ұсыныс қыздың тікелей өзіне жасалса да ағаттығы жоқ. Мысалы, Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Үммү Сəлəмə анамызбен (р.а.) үйленерде тікелей өзіне тілегін білдірген. Үммү Сəлəмə анамыз ұсынысын қабыл алып, некелерін қидырған.

3. Қыздың ата-анасы немесе жақындарының жігітке қолқа салуы

Бұны Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) хадисін жинақтаған кітабында Имам Бұхари: «Кісінің қызын немесе қарындасын тұрмысқа беру үшін жақсы адамдарға өзінің ұсыныс жасауы» деп атаған. Хазірет Омар (р.а.) қызы Хафсаның (р.а.) күйеуі қайтыс болып жесір қалғанда алдымен Осман ибн Афуанға ұсыныс жасайды. Осман «Ойланып көрейін» дейді. Бір күн өткен соң: «Мен онымен отау құра алмайтын сияқтымын», – дейді. Одан кейін хазірет Омар хазірет Əбу Бəкірге барып: «Қызымды сен ал. Хафсаны саған берейін», – дейді. Əбу Бəкір бұл ұсынысқа жауап қатпайды.

Ертеңінде Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) Хафса анамызды айттырады. Хазірет Омар бұл ұсынысқа қуана келісімін беріп, оларды үйлендіреді. Сондай-ақ, Құран кəрімде де «Қасас» сүресінің 27-28-аяттарында Мұса пайғамбардың (а.с.) Мəдиан деген жерде қойларын суғара алмай тұрған екі қызға жəрдем еткені айтылады. Қыздар үйлеріне келген соң өздеріне көмектескен кісі жайлы əкелеріне баяндайды. Сонда қыздардың əкесі Мұса пайғамбарға (а.с.) қыздарының біреуін ұсынып үйлендіреді. Осы оқиғалардан көріп отырғанымыздай, мінез-құлқы жақсы, сенімді кісілерге қыз жағы да ұсыныстарын айтып, екі жастың қосылуына мұрындық болуы дінмен құпталған.

ҚҰДА ТҮСУ

1. Қызға құда түсіп келгендерді жақсы қарсы алу

Мұсылмандық əдептердің бірі – үйіне құда түсе келген кісілерді құрметпен қарсы алу. Сондықтан үй егесі осы əдепті сақтап, қызын келіндікке сұрап, төріне шыққан адамдардың əрекетін қаламаса да, онысын сездірмей, көңілдеріне келетін дөрекі сөз айтпай, сыпайы түрде, шығарып салу да салтымыздың бірі. Əлеуметтік жағдайлары төмен немесе жаны қаламайтын кісілер қыздарын айттырып келгенде, «Сендер не беттеріңмен келіп отырсыңдар», «Менің қызымды айттыруға дəттерің қалай барады?!» дейтін əдепсіз сөздермен оң ниетпен келген кісілердің көңілін қалдыру мұсылмандық сипатқа жараспайды.

Егер құда түсушілерге қыз беруді қаламаса, мұны астарлы сөзбен, «Жақындармен ақылдасып көрейік», «Қызымыздың өзі бұған не дер екен?» деген секілді қашыртпа жауаппен істі жылы жауып шығарып салғаны дұрыс.

2. Құда түсушілерге тез арада жауап беру

Қыз жағының тағы бір ескеретін мəселесі – құда түсушілерге уақытты көп созбай бір жауабын беруі шарт. «Нақты жауабымызды айтпай қоя тұрайық. Мүмкін тағы басқалар да құда түсіп қалар. Егер басқа ешкім құда түспесе, келісе салармыз» деген бақайесептікке салынып қарсы жақты күттіріп қою кісі ақысына қол сұққанмен бірдей. Сондықтан қарсы жақты көп сарсылтпай, өз ойларын тез арада айтқан жөн.

3. Айттырылған қызға құда түсіп бармау

Ислам діні бойынша, айттырылған қыздан сырға таққан жақ бас тартпайынша немесе қыз жақ құдалықты бұзбайынша, құда түсіп баруға жол берілмейді. Егер бірінші құда түсушілердің ұсынысы қыз жағынан қабыл алынбаса, екінші жігіттің құда түсуіне болады. Қоғамның ауызбіршілігі мен тыныштығын ойлаған ардақты елші Мұхаммед пайғамбар (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бұл жайында хадисінде былай деген: لاَ یَخْطُبْ أَحَدُكُمْ عَلَى خِطْبَةِ أَخِیهِ حَتَّى یَتْرُكَ الْخَاطِبُ قَبْلَهُ أَوْ یَأْذَنَ لَهُ «Ешбірің мұсылман бауыры айттырған қызға сөз салмасын. Тек алғаш айттырған адам ұсынысынан бас тартқан жағдайда немесе өзі рұқсат берген жағдайда ғана сөз салуға болады».

4. Қызды айттыруды жария етпеу

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) қызды айттырудың жасырын жасалуын тапсырған. Мұны хадисінде: وَ اخْفُوا الْخِطْبةََ «Қыз айттыруды құпия сақтаңдар», – деп баяндайды. Бұлай жасаудың бірнеше пайдасы бар. Біріншіден, ауыл аймақта өсек жайылуының алдын алады. Егер қыз жақ келісім бермесе, онда жігіт жақтың абыройы төгілгендей болуы да мүмкін. Құда түсушілерді көре алмайтындар үшін бұл өсек таратуға таптырмас мүмкіншілік.

Мұны жұртқа таратып ел алдында күлкі етуге барын салатындар да бар. Екіншіден, егер құда түсушілерді күндеушілер болса, қыз жағына барып олардың ұсынысын қабылдамауы үшін неше түрлі жала жабуы да ықтимал. «Сақтықта қорлық жоқ» деп, қыз жақ нақты келісімін бергенше істі жария етпеген жақсы.

5. Үйлену үшін қыздың келісімін алу

Қызына құда түсіп келгенде, ата-ана қарсы жаққа жауаптарын беру үшін міндетті түрде қызымен ақылдасуы қажет. Қыздың пікірін білген соң ғана құда түсушілерге өздерінің жауабын айтады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм):

لاَ تُنْكَحُ الأَْیِّمُ حَتَّى تُسْتَأْمَرَ وَ لاَ تُنْكَحُ الْبِكْرُ حَتَّى تُسْتَأْذَنَ

«Жесір əйел ұсынысты қабыл етпейінше, ал жас қыздың ризашылығы алынбайынша, əйелдерді некелестірмеңдер»[32], – деген. Жесір əйелді үйлендіру міндетті түрде оның «Келісемін» деген сөзінен соң ғана іске асады. Ол ұсынысты қабыл алғанын өзі білдіре алады.

Ал оң жақта отырған бойжеткендер мұндай сөзді айтудан қымсынатындықтан, үлкендер жағының сұрағына үндемеуі немесе күлімсіреуі оның келіскенін білдіргені деп қабылданады. Яғни неке қию үшін қандай жағдайда да əйел затының келісімі болуы тиіс. Себебі Пайғамбарымыз (саллаллаһу алəйһи уə сəллəм) бір сахабаның қызының келісімін алмастан қидыртқан некесін бұзған.

Хазірет Омар (р.а.) да бұл жайында былай деген: «Қыздарыңды қинап үйлендірмеңдер. Олар да сендер секілді жақсы мен əдеміні қалайды». Сондықтан «Менің айтқан адамыма тұрмысқа шығасың», «Айттым бітті, соған күйеуге тиесің» деп, қызды күйеуге еркінен тыс беру ешқашан дұрыс келісім дəрежесінде қабылданбайды.

6. Құда түсу некелесу емес

Халқымызда құда түсілген қызға белгі ретінде сырға тағу салты бар. Бұл екі жақтың келіскенін білдіретін нышан. Бірақ – құда түсудің еш уақытта некелескен болып саналмайтынын ұмытпау керек. Сондықтан құда түсіп, құйрық-бауыр желінсе де, некесі қиылмайынша, жігіт пен қыздың ешкім жоқ жерде жалғыз қалуларына жол жоқ. Себебі құда түсу олардың үйленгенін білдірмейді.

Бұл жай ғана екі жақтың екі жасқа шаңырақ көтеруіне келісім беруі. Адам баласы пендешілікпен уəдесінен тайып кетуі мүмкін. Сондықтан осыны ескере отырып, неке қиылып, дініміз бойынша екі жасқа ерлі-зайыпты деген үкім тағылмайынша, екі жақтың да сақтықпен əрекет еткені абзал.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: