Исламды бірінші болып қабылдаған – ол Хадиша (р.а.)

Исламды бірінші болып қабылдаған – ол Хадиша (р.а.)

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) келген дінге әбден сенген адамның Хадиша екендігі белгілі... Бұл бақытты әйел оның бірінші әйелі болған... Ол текті әрі бай жердің қызы болған. Ол өзінің көрегендігімен, тамаша мінезімен, ақылымен, тектілігімен, сыпайыгершілігімен, адалдығымен, тәрбисімен және рақымдылығымен ерекшеленген... Барлық мүміндердің алғашқы анасы... және Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) Сенімді досы және кеңесшісі... Қызметіне баға жетпес серігі... Ол, адалдығына тең келер ешкім жоқ, біздің анамыз.

Ол Жер бетіндегі адамдардың арасынан Исламға бірінші болып нанып және бұл туралы Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) хабарлады. Елшінің (с.ғ.с.) осы жолына ең үлкен қолдау көрсеткен адам да осы Хадиша. Өйткені Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) қасында ең қиын сәттерде ол оны өзінің сөздерімен жұбатып, өз қамқорлығы мен сүйіспеншілігімен бекемдеп, көтермелеп отырған. Ол – Елшінің ең жан досы, қиын сәттерде оның бір қарағанының өзі Пайғамбарға (с.ғ.с.) күш беріп отырған. Дәл осы Хадиша өзінің өмірлік тәжірибесімен және өмірді түсінуімен адамгершілік тұрғысынан да және материалдық тұрғыдан да Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) адал әйелі болуы  және қолдаушы болуы арқылы келесі ұрпақтың мүмін әйелдеріне озық үлгі көрсетті.

Хадиша (р.а.) Меккеде 556 жылы туылған. Оның әкесін Хувайлид, ал анасын – Фатима деп атаған. Олар текті тайпадан шыққан болатын. Хадишаның Алланың Елшісімен (с.ғ.с.)  әкесі жағынан Кусай тайпасынан, шешесі жағынан Луай тайпасынан ортақ бабалары болған.

Ислам келгенге дейін-ақ Хадишаны (р.а.) «Тахира» (таза) деп атаған. Фиджар соғысына дейін қайтыс болған оның әкесі Құрайыш тайпасынан шыққан өте атақты саудагер болған. Жаһилия кезеңінде екі рет тұрмыс құрған Хадиша жесір қалады. Екінші күйеуі қайтыс болғаннан кейін оған құда түсушілер болғанымен, ол барлық ұсыныстарды қабылдамайды.  Жаны өте таза және адамгершілігі өте жоғары Хадишаны басқа тағдыр күтіп тұрған болатын.

Оның үлкен сауда керуендері болғандығы белгілі. Ол өз ісіне тек өзі сенген адамдарын ғана тартып, бірлескен сауда жүргізеді. Бірде оған керуенді басқа қалаларға ақылмен және іскерлігімен бастап жүретін адам қажет болады. Осы мақсатта ол Меккеге бір кісіні лайықты адамды іздеп табу үшін бірнеше рет жібереді. Көп кешікпей ол өзінің сенімділігімен және жақсы мінезімен танымал Мұхаммед есімді жігіт туралы есту бақытына ие болады. Бұған Хадиша қатты қуанады, өйткені Мұхаммед-әл-Амин туралы (Сенімді) Меккедегі әрбір адам естіген еді.  

Хадиша (р.а.) оған басқаларға қарағанда, жоғары ақы ұсынады. Ол өзіне сауда ісін жүргізуге көмектесіп жүрген Майсара есімді құлын да Мұхаммедке көмекші ретінде береді, әрі ол оған былай дейді: «Барлық мәселеде Мұхаммедті тыңда. Оған еш қарсы келуші болма. Оралған кезіңде көрген-білгендеріңнің бәрін маған айтып бересің». Сонымен керуен Шамға қарай бет алады. Мұхаммед (с.ғ.с.) жол бойы көптеген таңғажайып құбылыстарды байқайды. Ол оны шыжып тұрған күннің көзінен қанатымен қорғап өз басының үстінен ұшып жүрген құсты байқайды. Немесе шағын ғана бұлт ол қалай қарай жүрсе, солай қарай жылыжып отырады. Ол әлсіреп керуеннен қалып қойған түйелердің аяқтарын өзі сипағаннан кейін, басқа түйелерден жылдам жүріп кеткенін де көреді. Немесе олар өздері Бусрада дем алу үшін түбіне тоқтаған кеуіп қалған ағаш олардың көз алдарында тіріліп кетеді. Сол кезде олардың қасына Настура есімді монах келеді, ол Мұхаммедті (с.ғ.с.) келетіндігі белгілі соңғы пайғамбар деп ұйғарады, өйткені бұл ағаштың түбіне пайғамбарлардан басқа ешкім тоқтамайды. Монах Майсарадан Інжілде айтылған белгілер туралы сұрастырады. Ол Майсарадан: «Мұхаммедтің көздері жана ма?», деп сұрағанда, ол: «Иә, және үнемі», деп жауап береді. Монах: «Онда, бұл соңғы пайғамбар болуы тиіс. О, мен оған пайғамбарлық келгенге дейін өмір сүретін болсам ғой!», дейді. Осы сапар барысында Майсара тағы бір оқиғаның куәсі болады. Оларға сауда жұмысымен келген бір яһуди өзіне шындықты айтып тұрғанына ешбір сене алмайды да, өз сөзінің растығы үшін Лат және Уззаның атымен ант етуін Мұхаммедтен (с.ғ.с.) талап етеді. Оған Мұхаммед былай деп жауап береді: «Осы күнге дейін мен ешқашан осы есімдермен ант еткен емеспін». Бірнеше күннен кейін саудасын аяқтаған Мұхаммед (с.ғ.с.) үлкен кіріспен Меккеге оралады.  

Хадиша (р.а.) қатты қобалжиды. Ол өзінің құлының әңгімесін тезірек естігісі келеді. Майсара оған жолда көрген-білгендерінің барлығын егжей-тегжейлі айтып береді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) жай ғана сипағанынан әлсіреген түйелердің тұрып жүріп кеткені туралы да, монах Настураның не айтқаны туралы да, Мұхаммедтің яһудимен болған әңгімесі туралы да, оның адал, табысты саудасы туралы да, бәрін-бәрін айтып береді. Ол тағы да жол бойы өздерінің үстінен оларды күннен қорғап періштелердің айналып жүргені туралы да айтып береді. Естігендері Хадишаны (с.ғ.с.) қатты таңқалдырады әрі қуантады. Біраз уақыт өткеннен кейін Мұхаммедке (с.ғ.с.) өзіне үйлену туралы ұсыныс жасайды. Ол бұл істе жеңгетайлыққа өз құрбысы Нафиса бинт Умаййаны таңдайды. Нафиса Мұхаммедке (с.ғ.с.) Хадишаның (р.а.) ұсынысымен келеді. Ал ол болса, өз кезегінде ақылдасу үшін сүйікті ағайлары Хамза мен Әбу Талибке барады.  Олармен ақылдасқан ол ақыры үйленуге шешім қабылдайды. Хадишаның (р.а.) үйіне қонақтар көп жиналады. Әбу Талиб Варака бин Науфалмен әңгімелескеннен кейін қалыңдыққа махр ретінде жиырма түйе төлеуге шешім қабылданады. Той болған күні Хадиша (р.а.) қырық жаста болса, ал біздің сүйікті Елшімііз (с.ғ.с.) жиырма бес жаста болатын.

Хадиша (р.а.) күйеуге шыққаннан кейін барлық байлығын Мұхаммед-әл-Аминге (с.ғ.с.) сеніп тапсырады. Сауда жалғасып, кіріс өсе береді. Хадиша (с.ғ.с.) өз күйеуінен әлдеқайда үлкен болғанына қарамастан, ол Мұхаммедті (с.ғ.с.) қатты құрметтеп, оған үнемі сыпайылық көрсетеді. Ол соңғы Пайғамбардың әйелі болуды зор бақыт деп санады. Оған қиыншылық пен тауқымет кезінде күш беріп отырды. Ол өзінің шеберлігінің, істің көзін таба алатындығының арқасында өз үйлерін жұмақтың бұрышына айналдырды. Хадиша (р.а.) қонақжай, жомарт, кішіпейіл, рақымды, қайғыға ортақтасатын жан болатын, ол жетімдер мен жалғыз ілікті адамдарға қамқорлық жасап жүретін болған. Оның жүзі үнемі күлімдеп тұратын еді. Хадиша тағы да өзінің көрегендігімен ерекшеленген және ол өз сөзіне үнемі берік болатын.  

Бірде Хадишаның немере ағасы Хаким ибн Хизам өзіне Зайд ибн Харис деген баланы қызметшілікке сатып алады. Меккеге келген кезінде ол баланы әпкесіне сыйлағысы келеді. Баланы көрген Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді: «Егер осы құл менікі болғанда, мен оған қалай да азаттық берген болар едім». Хадиша (р.а.) оған Зайдты сыйлайды, ал Мұхаммед (с.ғ.с.) болса, сол сәтте балаға азаттық береді.

Тек осындай түсінігі зор, сыпайы және кішіпейіл әйелдер ғана өз үйлерін бақыттың мекені ете алады. Ол күйеуіне бір сөзді екі рет айтқызбаған, оны ернінің емерілуінен түсінген, оның барлық қайғысы мен қуанышын толығымен бөлісіп отырған.

Хадиша (р.а.) Мұхаммедке (с.ғ.с.) екі ұл және төрт қыз туып береді. Олардың алғашқы баласы Қасым деп атаған ұл болатын. Міне сондықтан Алланың Елшісі (с.ғ.с.) «Абуль-Касым» деген лақап атқа ие болады. Бала екі жасқа дейін өмір сүреді. Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қыздарының есімдері Зайнаб, Рукия, Умму Кульсум және Фатима болатын. Соңғыбаласы Абдуллах болатын. Ол пайғамбарлық түскен кезде туылады, алайда ол да көп ұзамай, емшектегі кезінде шетінеп кетеді.

Екі дүниенің Күні (с.ғ.с.) қырық жасқа толған кезде, оған оңашалану қатты ұнай бастайды. Ол өзінің пұтқа табынатын тайпаластарынан бөлінгісі келеді. Жыл сайын Рамазанда ол шамамен бір ай бойы Меккеден Хира үңгіріне бару үшін кететін болған. Сол жерде ол ғибадат жасайтын болған.  Ойға шомған ол Кағбаға қарап отыратын еді.

Мұхаммед (с.ғ.с.) өзінің жолында кездескен ағаштардың оған сәлем беретінін байқайды. Кейде ол қандай да бір жарықты, болмаса дыбысты еститін болған. Мұндай құбылыстарды дуагерлік және дүлей күш деп ойлап, тіпті өзі де қорқа бастайды. Кейде ол бұл туралы өзінің жалғыз досы және көмекшісі әйеліне айтып беретін болған, ол әйелінің өзін тыныштандыратынына сенімді болған. Бірде ол әйеліне былай дейді:

«О, Хадиша! Мен бір жарықтарды көре және бір дыбыстарды ести бастадым. Мен сәуегей болып кетемін бе, деп қорқамын. Алла атымен ант етемін, мен үшін пұтқа табынғаннан және сәуегейліктен артық  жиіркенішті зат жоқ».

Хадиша (р.а.) мұның керемет сыйдың хабарын білдіруі мүмкін екенін білетін. Енді ол Алла тағаланың Мұхаммедке елшілік қызметін жіберетін уақытын тағатсыздана күтті. Ол өзінің аса көрегендігі мен жоғары түсінігін көрсете отырып, Мұхаммедтің (с.ғ.с.) қорқынышы мен күдігін мүмкіндігінше сейілтуге тырысты.

Ол: «Алла сені үнемі барлық бәледен сақтап отырады. Өйткені сен өзіңе сеніп тапсырылған нәрсеге жауапкершілікпен қарайсың, үнемі туыстық байланысты қолдап отырасың және ешқашан өтірік айтпайсың», дейді.

Бірде олар Хадишаның немере ағасы Варак ибн Науфалға бірге барады. Олар оған не болып жатқаны туралы айтып береді. Варака христиан дінінің ілімінен жақсы хабардар болатын. Ол екі әлемнің Күніне (с.ғ.с.) аса қобалжудың қажеті жоқ екенін айтып, былай деп ескертеді: «Сен осы дауысты тағы да еститін болсаң, ол жерден кетіп қалма. Саған не айтатынын мұқият тыңдап ал. Содан кейін көргендерің мен естігендеріңнің бәрін маған айтып бер». Осы алдын ала болып жатқан оқиғалардың барлығы ұлы қызметке дайындық шаралары еді.

Хадишаның (р.а.) ең ұлы еңбегі – оның ешбір жалтақтаусыз Елшінің пайғамбарлығын қабылдап, оған өмір бойы қолдаушы және тірек болғандығында еді. 610 жылдың Рамазан айы да келеді. Әдеттегідей Алланың Елшісі (с.ғ.с.) үйінде емес, Хира үңгірінде өз Құдайына ғибадат жасап жатады. Алланың қалауымен оның жоғарғы қызметінің басталатын уақыты да жетеді. Жәбіреил (а.с.) періште келеді. Ол Елшіге (с.ғ.с.) жақындап келеді де, айбарлы дауыспен былай деп бұйырады:

-          Оқы!

-          Мен оқи алмаймын ғой, - деп Елші (с.ғ.с.) жауап береді.

Жәбіреил (а.с.) періште оны мықтап құшақтайды да, тағы да оқы деп бұйырады. Осылайша үш рет қайталанады. Пайғамбар (с.ғ.с.) өзінің оқи алмайтынын қайталай берудің қажеті жоқтығын түсініп, бар күшін жинап былай деп сұрайды:

-          Нені оқиын?

 

Сол кезде Жәбіреил (а.с.) Қасиетті Құранның алғашқы аяттарын әуенді еліктірер әдемі дауыспен «’Аләқ» сүресінің алғашқы бес аяттарын айтып шығады. Осы естіген аяттар Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүрегіне жазылып қалғандай болады.  

«Сондай жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол, адам баласын ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Ол Раббың аса ардақты. Сондай қаламмен үйреткен. Ол, адамзатқа білмеген нәрселерін үйреткен».

Бүкіл әлемнің мақтанышы (с.ғ.с.) қатты толқиды әрі таңданады, оның жүрегі лүпілдеп кетеді де ол үйіне қайтуға шешім қабылдайды. Хадиша (р.а.) оны үлкен қуанышпен қарсы алып, оның жүзінен ұзақ уақыт бойы көзін ала алмай қалады. Оның жүзінен сыры белгісіз нұр шашып тұрады. Мұхаммедтен (с.ғ.с.) керемет хош иіс тарап тұрады. Ол күйеуінің маңдайынан сүйеді де, былай дейді:

«Менің анам мен әкем сенің өміріңнің өтеуі болсын. Сенің жүзіңнен бұрын мен ешқашан кездестірмеген нұр шашып тұр. Әрі үстіңнен де бұрын болмаған хош иіс аңқып тұр». Алайда ол қобалжығанынан: «Мені ораңдар, мені ораңдар!», дегеннен басқа ешнәрсе айта алмайды.

Хадиша (р.а.) оны аяғынан басынан дейін орап жатқызады. Біраз жатып, тынышталып, өзіне-өзі келген Алланың Елшісі (с.ғ.с.) өзінің өміріндегі ең жақын адамы Хадишаға (р.а.) басынан өткендерді айта бастайды. Ол: «О, Хадиша, маған не болды? Шынын айтқанда, мен қорқамын», дейді.

Ол шын мәнінде Мұхаммедтің басынан не өткенін түсінеді, оған адал берілген әйел ретінде ол Алланың Елшісін (с.ғ.с.) тыныштандыруға тырысады, оның үрейін басуға көмектесу үшін былай дейді:

«Алла атымен ант етейін, Ол саған ешқашан қысымшылық көрсетпейді де, ренжітпейді де. Өйткені сен үнемі туыстық қатынастарды қолдап отырдың. Басына ауыртпалық түскендерге және өз істерін атқаруға шамасы жетпегендерге көмектестің. Кедей-кепшіктерге көмектесесің. Әділдік орнатуға қатысты  қонақ қабылдайсың әрі бәріне көмектесесің...»

Ол Мұхаммедтің (с.ғ.с.) абыржуын мүлдем басу үшін, оған Варакаға баруды ұсынады.

-         Тыңдашы, менің көкемнің ұлы саған не айтар екен, - дейді ол, оны тыныштандырмақ болып.  Тәурат пен Інжілді керемет білетін Варака Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әңгімесін тыңдайды да қуана былай дейді:

-         Менің Құдайым киелі! саған келген - ол  Періште, - бұл пайғамбарларға уахиді жеткізетін періште. Саған осы халықтың пайғамбары болу жазылған. О, сенің халқың сені қудалай бастаған кезде мен аман әрі жас болсам ғой!

-         Олар мені расымен де қудалай ма? – деп одан Алланың Елшісі (с.ғ.с.) сұрайды.   

-         Иә, олар сені қудалайтын болады. Жаңа дінмен келген және сол дінге шақыратын әрбір адам өзіне дұшпан табады және солардың қудалауына ұшырайды. Егер мен сен адамдарды өзіңнің дініңе шақыратын сол күнге дейін өмір сүретін болсам, онда мен қалайда сенің жағыңда боламын, -деп Варака жауап береді.

Варака Хадишаға (р.а.) мынадай кеңес береді:

-         Жәбіреил - пайғамбарларға құдайдың уахиін жеткізуші періште. Мұхаммед (с.ғ.с.) кездесу орына келесі жолы барған кезде, сен де бірге бар! Мұхаммедтің (с.ғ.с.) оны көргенін түсінген кезіңде, орамалыңды шеш. Егер Мұхаммедке келген періште болатын болса, онда ол ғайып болады!

Олар Вараканың үйінен қайтып келе жатқан кезде, Хадиша (р.а.) Мұхаммедке (с.ғ.с.) былай дейді:

-          Өзің көргенің саған қайта келетін болса, маған белгі бер.

-          Жақсы, - деп ол уәде етеді.

Біраз уақыт өткен соң періште тағы да келеді. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) бұл туралы Хадишаға (р.а.) белгі береді. Ол Мұхаммедке (с.ғ.с.): «Кел, менің сол тіземе отыр!», дейді. 

Мұхаммед оның айтқанын орындайды. Хадиша (р.а.): «Сен оны енді көріп тұрсың ба?», деп одан сұрайды. Мұхаммед (с.ғ.с.): «Иә, мен оны көріп тұрмын», деп жауап береді. Ол: «Онда тұр да, оң тіземе ауысып отыр», дейді. Мұхаммед оның айтқанын орындайды, бірақ періште ғайып болмайды. Сол кезде Хадиша (р.а.) Мұхаммедті (с.ғ.с.) алдына отырғызып алады да, құшақтайды. Алайда періште оның көз алдында тұра береді. Сол кезде Хадиша (р.а.) басындағы орамалын шешіп, шаштарын дудыратып жібереді де: «Енді оны көріп тұрсың ба?», деп сұрайды. Ал періште болса ғайып болады да, Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оны көргенін қояды. Хадиша (р.а.) болса, күлімдеп, былай дейді: «Қуана бер! Өйткені, саған келген  - ол жын емес, періште!»

Варакмен болған әңгімеден және осы оқиғадан кейін Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) көңілі орнына түседі. Дегенмен, Хадиша (р.а.) мұнымен ғана тоқтап қалмайды. Утба бин Рабианың құлы Аддасқа барып, ол одан уахи келтіретін періштелер туралы не білетінінің бәрін сұрастыра бастайды. Ол оған: «Жәбіреил періште туралы не білесің, маған бәрін айтып берші», деп өтініш жасайды.  

Аддас Тәурәт пен Інжілді жақсы білетін христиан болатын. Жәбіреилдің атын естіген ол аздап қобалжиды да, былай дейді: «Менің Құдайым киелі (Кемшіліктен таза)! Осы барлығы пұттарға табынатын жерде Жәбіреилдің есімін еске алуға бола ма?!»

Аддастың қобалжуы Хадишаға (р.а.) да жетіп, былай дейді: «Егер саған ол туралы бір нәрсе белгілі болса, айтқын». Аддас мынаны айтады: «Жәбіреил – періштелердің ішіндегі ең бастысы. Ол Алланың Елшілеріне уахиді жеткізеді. Ол Мұса мен Исаға (а.с.) да келген. Алайда ол барлық пайғамбарларға келе бермейді». Сол кезде Хадишаның (р.а.) көңілі орнына түседі. Ол алаңдайтын ешнәрсе жоқтығын түсінеді. Оған тек Алла тағалаға соңғы Пайғамбардың келгені үшін алғыс айтып, өзінің оның әйелі болғаны үшін қуанудан басқа ешнәрсе қалмайды.

 Хадиша (р.а.) өз күйеуінің ойға беріліп кеткен сәттерін жиі көретін болды, өйткені оған енді үлкен қызмет жүктелген еді. Ал ол өмір сүріп жатқан қоғамда бұл істі жүзеге асыру мүлде мүмкін емес еді.  Сол замандағы өмірдің қағидалары Мұхаммед (с.ғ.с.) алып келген қағидаларға мүлдем кереғар болатын. Өз жанына батқан нәрселер туралы ол Хадишамен (р.а.) бөліскісі келіп, былай дедйді:

-          О, Хадиша, маған кім сенер дерсің?!

Хадиша (р.а.) болса, өзінің тектілігін, басқалардан тек көркімен ғана емес, тән сұлулығымен де өзгеше екендігін тағы да дәлелдеп, оған қолдау көрсетеді:

-         Саған сенбеуге кімнің дәті барар дейсің? Өйткені мен саған бірінші болып сендім ғой, осылайша ол жер бетіндегі «калимаи-шахадатты»  бірінші айтқан адам болады.

Исламды қабылдаған ең бірінші адам дәл осы Хадиша (р.а.) болады. Дәл осы Хадиша (р.а.) Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) бірінші тірегі болады. Осындай қиын сәттерде ол өзінің махаббаты мен адалдығын: «мен саған бірінші болып сендім ғой», деп дәлелдейді. Осы сөздерден және Хадишаның рухының биіктігінен жердегі өмір тоқтап қалғандай болып, содан кейін қайта басталып кеткендей болады, ал оның осы айтқан сөздерін адамдар бір-біріне жеткізе бастайды.   

Өзінің сүйікті әйелінің исламды қабылдауы және оның пайғамбарлық қызметіне сенуі Алланың Елшісіне  (с.ғ.с.) үлкен моралдық қолдау болып табылды. Ол өзіне Жәбіреилдің айтқандарын онымен бөлісетін болды, өзіне үйретілген нәрселерді оған үйрететін болды. Осылайша, олар басқалардан жасырын түрде, екеуі бірге намаз оқи бастайды.

Бірде оларды Әли (р.а.) көреді, ол кезде ол әлі жас бала болатын. Ол олардың не істеп жатқанын білмейді де, олардан бұл туралы сұрайды. Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оған өздерінің намаз оқып жатқанын және жаңа дін туралы айтып береді. Ол оған пұтқа табынудан ешқандай пайда жоқ екенін және оларға сенгеннен әрі табынғаннан ешқандай пайда жоқ және оның ақымақтық әрі жөнсіз екенін айтады. Содан кейін ол Әлиден көргендері мен естігендерін ешкімге айтпауын  өтінеді. Әлидің жүрегінде наным шуағы пайда болады. Ол әлі де болса, жас болатын, сондықтан осының барлығын ата-анасына жеткізуге асығады. Бірақ оған ішкі дауысы былай дейді: «Алла мені осы дүниеге келтіргенде, менің ата-анамның кеңесін қажетсінді ме. Және менің Оның дінін қабылдауым үшін маған олардың пікірлері қажет пе...». Өз жүрегіне сенген Әли Алланың Елшісінің (с.ғ.с.)  пайғамбарлығын  зерделеп, түсініп оған  келеді де Мұхаммедпен қосылып  «калимаи-шахадатты» қайталайды. Осылайша ол жер бетіндегі үшінші мұсылман болады.

Алайда жаңа дін туралы көп адамдар біле бастайды, енді екі дүниенің Күніне  (с.ғ.с.) өз тайпаластарының қарсы шығуына қарсы күресуіне тура келеді. Міне осы кезде де Хадиша (р.а.) оған моралдық тұрғыдан да және әрекетімен де қолдау көрсетіп, оны бір сәтке де қалдырмай, адал жар болып қала береді.

Кәпірлер Алланың Елшісін (с.ғ.с.) қоғамнан мейлінше бөлектеп, барлық адамдарға Мұхаммедпен (с.ғ.с.) және оның отбасымен араласуға тыйым салып жатқан кезде, Хадиша (р.а.) оған өзінің бар мүлкін береді. Міне осы әрекет мұсылмандарға кәпірлердің тарапынан жасалған экономикалық тосқауылына қарсы тұруына көмектеседі. Пұтқа табынушылардың оларға қарсы жасаған бойкоты үш жылға созылады. Хадиша (р.а.) өзінің бар байлығын Алланың және Оның Елшісінің жолында сарп етеді.  

Оның екі дүниенің Күнімен (с.ғ.с.) бірлескен бақытты ғұмыры жиырма бес жылға созылады. Олар үнемі бірлесіп барлық қиыншылықтарға, жәбірлеулерге, бақытсыздықтарға жанкештілікпен және сабырмен төзе білді. Хадиша (р.а.) өз басынан бірде-бір ана төзе алмайтын сынақтарды өткізді. Ол ұлдары Қасым мен Абдулладан бірінен кейін бірін айырылады. Пайғамбардың (с.ғ.с.) бірінші әйелі жазымышқа бағынудың, Аллаға үміт артудың және сабырлылықтың тірі үлгісі болды. Бірде ол Алланың Елшісінен (с.ғ.с.) былай деп сұрайды: «Енді олар қайда?». Мұхаммед (с.ғ.с.) оған былай деп жауап береді: «Жұмақта», осы арқылы ол қайғы жұтқан ананы жұбатып, қуантпақ болады. Бұл сөздер сол кезде 65 жасқа қараған Хадишаның (р.а.) жанына майдай жағады. Барлық адамдар сияқты оған да қайтыс болып, өзінің осы дүниедегі істерінің жемісін ана дүниеге аттанып көру жазылған болатын. Хадишаны (р.а.) ол жақта Алланың қалауымен бақытты өмір күтіп тұрды, өйткені Алла ешқашан Өз уәдесінен таймақ емес.  

620-жыл да келеді, хижраға (Мединаға көшу) дейін үш жыл қалған еді. Рамазан айында Хадиша (р.а.) ауырады, науқасы ұзаққа созылмай осы дүниеден өтеді. Оны Меккедегі Хаджун зиратына жерлейді. Оны жерлеген кезде Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өзі молаға түседі. Дәл осы жылы Алланың Елшісінің сүйікті көкесі Әбу Талиб те өмірден өтеді. Сондықтан да бұл жыл тарихта «Қасірет жылы» деген атпен қалады. 

Хадиша (р.а.) екі дүниенің Күні үшін ең адал дос және сенімді кеңесші бола білді. Ол Пайғамбар (с.ғ.с.) үшін малтып шығып барлық уайым-қайғыны ұмытатын бұлақ болған еді.

Хадишаны (р.а.) «Кубра» (Үлкені) деп атаған, өйткені ол Алланың Елшісінің (с.ғ.с.) әйелдерінің ең үлкені болатын. Пайғамбар (с.ғ.с.) өмір бойы оны, оның махаббаты мен жанкештілігін жадынан шығармай, есінде сақтайды. Ол үйінде мал сойған сайын, еттің бір бөлігін Хадишаның (с.ғ.с.) туыстарының үйіне жіберіп отырады.

Хадиша қайтыс болғаннан кейін, біршама уақыт өткен соң Пайғамбардың (с.ғ.с.) есігін кіруге рұқсат сұрап Хадишаның (р.а.) туған сіңлісі Хала қағады. Хадишаның дауысына қатты ұқсайтын оның дауысын естіген кезде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) дауысы қалтырап: «О, Алла, бұл Хала ғой, Хувайлидтің қызы!», дейді. Осы кезде оның қасында тұрған Айша (р.а.) өзін-өзі ұстай алмай: «О, Алланың Елшісі! Алла саған одан артықты сыйласа да, Хадиша үнемі сенің есіңде», дейді.

Алайда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) оған былай деп түзету енгізеді: «Жоқ, Айша! Менде одан артық адам болған емес. Жұрттың бәрі кәпір болып жүрген кезде, тек сол ғана менің пайғамбарлығыма нанған болатын. Бәрі мені өтірікші санаған кезде, сол ғана маған сенген еді. Бәрі менен теріс айналып, қашқақтаған кезде сол ғана маған бар дүние-мүлкін берген болатын. Алла маған тек содан ғана бала сүйгізді». Ол осылайша Хадишаның (р.а.) еңбегінің зор екендігін барлық адамдарға жариялайды.

Айша (р.а.) тек былай деп жауап береді: «О, Алланың Елшісі! Алла атымен ант етейін, осыдан кейін мен сіздің Хадиша (р.а.) туралы естелігіңізді үнемі естігім келеді».

Бірде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) Хадишаны есіне алып (р.а.) былай дейді: «Ол менің балаларымның анасы және керемет пысық әйел болған еді».

Ол, шын мәнінде, біздің үмметіміздегі ең тамаша әйел болатын. Міне сондықтан да Алла тағала оның көзінің тірі кезінде-ақ жұмақ туралы жақсы хабарды береді. Бір күні Алланың Елшісіне (с.ғ.с.) Жәбіреил келіп:

«Хадишаға өзіңнің Құдайыңнан және менен сәлем айт. Оған оны жұмақта маржаннан жасалған сарай күтіп тұрғанын  айтып қуант. Ол жерде айқай-шу да, машақат та, қиыншылық та, ауыртпалық та жоқ».

Алла тағала біздің бәрімізді осы Анамыздың лайықты ұрпағы етсін. Және бәрімізді оның сарайындағы жұмаққа жинасын. Әумин.

hibatulla.kz/islam-woman

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: