Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – қазақтың біртуар ұлы, қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері. Ол – көзі тірісінде-ақ аңызға айналып, өмірден өткеннен кейін атағы тіпті аспандап кеткен тұлға. Димаш ақсақал дегенде қазақтың шығарға жаны бөлек. Өйткені, оның шарапатын көрмеген өнер адамдары да, ақын-жазушылар, тіпті қарапайым шаруа адамдары да кемде-кем.
Ал оның 50 жыл ел басқара тұрып, жұмыстан кеткенінде төрт бөлмелі пәтерінен басқа бір артық дүниесі болмағанын ел бүгінде жыр ғып айтады. Мүмкіндігі бола тұра байлықтың соңынан кетпей, мансаптың буына мастанбай, адамдық биіктен түспеу үшін кісіге терең иман керек шығар. Ендеше Қонаевты Құдайдан қорыққан, қазағы алдындағы міндетін адал атқарған иманды жан десек, артық айтқандығымыз емес болар. Осы орайда есімізге «Қонаев намаз оқыған екен», «Жұма намазын қалдырмапты», «Мешітке жиі барған көрінеді» деген халық ішінде жиі айтылатын сөздер есімізге түсті. Бұл әңгіменің қаншалықты негізді екенін біліп, зерттеп көрмек ниетпен Д.Қонаев музейін бетке алдық.
Атасы Жұмабай қажылыққа екі рет жаяу барған
Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың музейі Алматы қаласындағы Төлебаев көшесінде орналасқан. Кезінде бұл үйде белгілі композитор Латиф Хамиди тұрыпты. Музей Қонаевтың 90 жылдық мерейтойы қарсаңында, 2002 жылы ашылған.
Музей екі залдан тұрады екен. Біз алдымен Қонаевтың жастық шағы, қызметтік өмірі бейнеленген суреттер, оған тарту етілген түрлі сыйлықтар орын алған қызыл залды араладық. Аралай жүріп, музейдің ғылыми қызметкері, бізге экскурсовод болған Нүрилә Жүсіпбаеваны сөзге тарттық. Ол дара басшының өмірінен сыр шерте жөнелді:
– Бізіге Димаш ақсақалдың отбасы туралы да айтып беріңізші. Дінді жақсы ұстанатын, иманды отбасында тәрбиеленген секілді ғой?
– Дұрыс айтасыз, Қонаев текті әулеттен. Бұл отбасынан үш академик шыққан. Олар – Дінмұхамед, інісі Асқар Қонаев және үлкен әпкесі Әминаның баласы Едіге Түркебаев. Түрлі саланы меңгерген 15-ке жуық ғылым кандидаттары тағы бар. Ал әкесі Меңліахметтің арнайы білімі болмаған. Жас кезінде медреседе оқып, араб-парсы тілдерін жетік меңгерген екен. Кейін өз бетімен қазақ, орыс тілдерінде сауатты жазуды үйренген адам. Солай өзінің еңбекқорлығы, білімге деген құштарлығымен біраз жерге жетіп, балаларына жоғары білім әперіп, биікке ынталандырған жан.
– Бұл кісілердің есімдерін кім қойды екен?
– Әкесі Ахметтің есімін Жұмабай ақсақал қойса керек. Кей деректерде Ахмет, енді бірінде Меңліахмет аталуының да өзіндік сыры бар. Азан шақырып қойған аты – Ахмет. Туыстарының айтуынша, бірде Ахмет ақсақал қатты ауырып, өлім аузынан қалған екен. Ондай жағдайда қазақтың ырымы бойынша аты ауыстырылуы тиіс. Солай бетіндегі меңін ескеріп, Меңліахмет атап кетіпті. Ал Дінмұхамед деген есімге келетін болсақ, оны қажылыққа екі рет жаяу барып қайтқан атасы Жұмабай қойыпты. Ол кісі немересі дүниеге келер алдында түсінде мылтық көріп, жақсылыққа жорыған. Сезгеніндей дүниеге атұстар немере келіп, есімін азан шақырып өзі қояды. Бірақ немересі өмір есігін ашқан соң арада үш ай өткенде 90-ға келген қария дүние салыпты.
– Әкесі Меңліахмет те, Қонаевтың өзі де ұзақ жасаған адамдар ғой?
– Дұрыс байқағансыз, бұл кісінің әулетінде ұзақ жасаған адамдар көп. Әкесі Ахмет те 90-ға келіп қайтыс болған. Дінмұхамедтің өзі 81-жасында дүниеден өткен.
Алматы мешіттеріне қамқорлық жасаған
– Қонаевтың дінге жақын болғаны қаншалықты рас? Намаз оқыған ба?
–Дінмұхамед Ахметұлы Алматының мешіттерінің барлығын білген, тіпті барып тұрған екен. Әр мешіттегі имамдардың аты-жөндеріне дейін жатқа біліпті. Жұма намазға барған деседі. Бірақ ол уақыттағы идеологияны білесіз. «Намаз оқыды» десек, өтірік атқанымыз болар. Дегенмен дінге көзқарасы өте дұрыс болған. Алматының мешіттерін сақтап қалуда зор еңбек сіңірген. Біраз сүрелерді жатқа білген екен. Жұбайы Зухра Шәріпқызы да діннен хабары бар, Құран оқи алатын адам болған. Көңілі, жүрегі таза болғаннан кейін де халыққа барын салып қызмет еткен ғой. Дүние жинамаған. Мұндай адамдар бірнеше ғасырда бір туады. Кейінгі жастарға үлгі етіп көрсететін адам осы – Дінмұхамед Қонаев.
Марфуға Шапиян